Бейсенбі, 02 Мамыр 2024 11:43

ШЫМКЕНТ: БЕЛСЕНДІ АРДАГЕРЛЕР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» НАУҚАНЫНДА

Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы басталып, көптеген іс шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі іс-шарада қаламыздың тазалығына  ардагерлер үлес қосты. Аға буын өкілдері жас буынға үлгі көрсетті десек болады. Абай саябағына жиналған белсенділер «Ұрпақтар сабақтастығы» атауымен ата мен немеренің бірлесіп атқарған еңбегіне куә болды.

Осындай үлгі мен даналықты дәріптеп, кейінгі жас ұрпақтың бойында табиғатқа, қоршаған ортаға деген жанашырлық, қамқорлық сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл іс шараға қаладағы бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
– Өз қаламызға қамқорлықпен қарау – әр азаматтың борышы. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкентте көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай немерелерімізбен бірге саябаққа келіп, тазалық жұмыстарына қатысып жатырмыз. Өсіп келе жатқан балаларымызға, жастарға өнеге үлгі болсын деп атсалысып жатырмыз. Ал жастарымыз үлкендерге, қарияларға, ардагерлерге көмек көрсетіп, игі істермен айналысуда. Осыған үлкен алғысымды білдіремін, – Кенжехан Төлебаев.
350-дей адам қатысқан тазалық жұмысында қариялар мен ардагерлер ерікті жастарға тазалау, шөптерді ору, қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу жұмыстарына қол көмек беріп, ақылдарын айтып, жол көрсетті. Әсіресе қариялар осындай игі істің Ұлы жеңіс күні қарсаңында өткеніне қуанышты.

Айта кетейік, аталмыш шара Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында өткізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді.
Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.
Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.

 

 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 89 рет