Сәрсенбі, 10 Шілде 2024 11:02

Түркістан облысы: Кентау қаласында көпқабатты екі тұрған үйдің құрылысы басталды

Түркістан облысындағы аудан, қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жалғасуда. Кентау қаласында қала тұрғындарын тұрғын үймен қамту мақсатында 2 үйдің құрылысы басталды. Аталған нысанның құрылысы қаладағы Ш.Уәлиханов көшесінде жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме – «Сами Строим» ЖШС. Көпқабатты тұрғын үйлер жеке инвестор есебінен салынуда.

Тұрғын үйлер 3 қабатты 30 пәтерлі. Жалпы пәтер көлемі 858,0 шаршы метрді құрайды. Екі тұрғын үй кешенінде 30 пәтерден болады. Оның ішінде, 2 бөлмелі 12 пәтер және 3 бөлмелі 13 пәтер бар. Қазіргі таңда қазандықты қазу жұмыстары басталды. Тұрғын үйлерді 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда. Тұрғын үйлер стандарттарға сай бой көтеріп, аулалары балалар ойын алаңшасымен және көлік тұрағымен қамтылады.

Кентау қаласында  376 көпқабатты тұрғын үй бар. Жалпы 2014 жылы 9 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары күрделі жөндеуден өтсе, 2017 жылы 35 көпқабатты тұрғын үй, 2019 жылы ҚР «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» тұрғын үй қорын жаңғырту тетігі бойынша 44 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жоспарланған 132 көпқабатты тұрғын үйде күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2023 жылы 92 көпқабатты тұрғын үй тұрғындарының келісімі алынып, республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, жөндеу жүргізілген. Кентаудағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры жабылып, кіреберістері, қасбеті, жертөледегі инженерлік жүйелері толығымен жаңғыртылып жатыр.

Түркістан облысында 2023 жылғы мемлекеттік қолдау шаралары аясында баспана кезегінде тұрған 70 мыңға жуық азамат тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялауға, сондай-ақ 2 мыңдай жеңілдетілген зайым жылжымайтын мүлікті сатып алуына мүмкіндіктер қарастырылды. Сондай-ақ,  былтыр Түркістан облысында  73 үйдің іргесі тиісті жөндеуден өткізу бойынша қызметтер қарастырылған болатын. Қосымша 219 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртуға 7 өңірден жалпы сомасы 12,7 млрд теңгеге өтінімдер келіп түскен. 

Мемлекет басшысы былтыр тұрғын үй мәселелерін шешуге арнайы тапсырмалар мен міндеттер жүктеген болатын. Яғни  2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілді. Бұл шамамен 143 мыңнан артық баспана. 2023 жылғы баспана құрылысына бағытталған жалпы инвестиция мөлшері де ұлғайып (16,8%-ға), 2,9 трлн теңгеге жетті. Дегенмен  мемлекеттік инвестициялардың есебінен 10,5 мыңдай жеңілдетілген зайым беріліп, 17,3 мың пәтер салынды. Оның ішінде 7 мыңға жуық баспана жас мамандарға, сондай-ақ әлеуметтік осал топ санаты бойынша кезекте тұрғандар мен көп балалы отбасыларға берілді.

Ал, биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің айтуынша, өткен жылы, өңір бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалану жоспарланып, жыл қорытындысымен жоспар 104,1% өсіммен орындалды. Бүгінде 898,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған.

Бүгінгі таңда, 1890 пәтер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіндегі тұрған азаматтарға кредиттік жүйемен табысталды. Жетісай қаласында 60 пәтер кезектегі осал топтағы азаматтарға берілді. 2023 жылы басқарма тарапынан жалпы көпқабатты 50 үй тапсырылды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан жалпы ауданы 18,7 мың шаршы метрді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үй (297 пәтер) пайдалануға берілді.

Түркістан облысында тұрғын үй саласына инвестиция көзі күшейді. Себебі өңірде тұрғын үй саласына инвестиция салуға қызығушылық білдіргендер саны артып отыр. Жақын уақытта заманауи кешендер көбеймек. Түркістанның тұрғын үй нарығына кіруді жоспарлаған «BI Group» холдингі облыс орталығында заманауи тұрғын үй кешендерін салуды көздеп отыр. Сонымен қатар, дайын баспаналардың несиелік және мемлекеттік бағдарламалармен берілуі қарастылады. Инвестиция аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «BI Group» холдингінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобалармен танысты. Қажетті өзгертулер енгізіп, салынған үйлердің сапасына мән беруді басты назарда ұстауды міндеттеді.

Еуропалық брендтермен тығыз жұмыс істейтінін айтқан компания өкілдері инфрақұрылымға басты аса мән беріп,  құрылыста ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланатынын айта кетті. Сондай-ақ, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қолдауымен бірлесіп жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар жаңа баспаналар қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін болады. 

Өткен жылы Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ-нің тұрғын үй құрылысы нысандарының кемшіліктері негізінде 14 мердігерге шара көру бойынша Түркістан облысының Бақылау жөніндегі басқармасына хат жолданған. Нәтижесінде, басқарма тарапынан мердігерлерге 11 716 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.Облыс әкімі тұрғын үйлердің құрлысы туралы соңғы мәліметтермен танысып, жауапты басшыларға құрлысты белгіленген кестеге сәйкес, сапалы аяқтауды тапсырды.

Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 6 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.

Облыс орталығына айналған Түркістанда 6 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген. Түркістан облысында 6 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 40 рет