Бейсенбі, 11 Шілде 2024 13:30

Түркістан облысында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйелі жүргізіліп жатыр

Түркістан облысы бойынша басқармаға қарасты 12 коммуналдық мемлекеттік қызмет көрсететін орталық, мүгедектігі бар адамдарға және қарт азаматтарға мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетіп келеді.

Оның ішінде 10 мекемеде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 бұйрығымен бекітілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету Стандарттарына сәйкес мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрін көрсетумен айналысады.

Оған қоса аудан, қала әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне қарасты 49 үйде қызмет көрсету бөлімдері мен 11 күндізгі қатынау бөлімшелерінде үйде және күндізгі болу жағдайында, мүгедектігі бар балалар мен жалғызілікті қарттарға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілуде.

Өңірдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде жалпы саны мыңнан астам әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде: стационарлық үлгідегі мекемелерде – 20, жартылай стационарлық үлгідегі мекемелерде 7 әлеуметтік маман жұмыс істесе, қалған мамандар аудан, қалаларда үйде әлеуметтік қызмет көрсету және күндізгі қатынау бөлімдері мен бөлімшелерінде қызмет атқарады.

Айта кетейік жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мүгедектігі бар балаларды оңалту орталықтары Түлкібас, Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары мен Түркістан қаласында орналасқан. Сонымен қатар 1 жекелеген санаттағы азаматтарға қысқа мерзімде сауықтыру мен демалуды ұсынатын «Ардагерлер үйі» жұмыс істейді.

Түркістан облысына қарасты аудан, қала әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде мүгедектігі бар адамдар үшін үйде арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсететін жоғарыда атап өткеніміздей, 49 бөлімше жұмыс істейді. Атап айтқанда жалғызілікті қарттар үшін 22 бөлімше қарастырылса, мүгедектігі бар балалар мен психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға 27 бөлімше іске қосылып, арнайы қызмет көрсетеді.

Оның ішінде 2 170 жалғызілікті қарт, 2 345 мүгедектігі бар балалар және 576 психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдар үйде арнаулы әлеуметтік қызметтермен толық қамтылған.

Аталған бағыттағы қызмет түрлері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету шарасы қолға алынған. Оған қоса аудан, қалалық жұмыспен қамту бөлімдерінің 10 күндізгі қатынау жағдайында (жартылай стационарлық) қызмет көрсететін бөлімшелер қарастырылған. Сондай-ақ биылғы жылдың 6 айының қорытындысына сәйкес бөлімшелерде психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар 387 бала арнаулы әлеуметтік қызметтер түрлерімен қамтылды. Айта кетейік, облыс көлемінде үйде қызмет көрсету жағдайында жалпы саны 1000-ға жуық әлеуметтік мамандар мен қызметкерлер, айқындаушылар және кеңесшілер жұмыс істейді.

Еңбек қатынастарын үйлестіру жұмыстары келесі нормативтік-құқықтық актілердің негізінде жүзеге асырылады: «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі ҚР Заңы, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 26 мамырдағы «Ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау қағидаларын бекіту туралы»№ 412 бұйрығы.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған квотаны орындау үшін жұмыс орындарының саны, бос лауазымдардың болуы туралы мәліметтерді әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесіне толтырады және жұмыс берушілердің белгіленген квоталарды орындауы туралы ақпаратты ауданның, қаланың, республикалық маңызы бар қалалардың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдарына ұсынады.

Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган «Мемлекеттік статистика туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес бекітілген нысан бойынша жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту орталығына ұсынатын бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын орындауға арналған жұмыс орындарының саны, мамандықтар бөлінісінде бос лауазымдардың болуы туралы мәліметтердің негізінде ұйымдар бөлінісінде жұмысқа орналастыруға мұқтаж бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың және олар үшін бос жұмыс орындарының деректер базасын қалыптастырады.

Еңбек қатынастарын үйлестіру бойынша да айта кетсек. Мемлекет басшысының 2021 жылғы № 622 Жарлығына сәйкес 01.01.2022 жылдан ҚР ІІМ-нен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру функциялары берілді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 15 сәуірдегі «Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу қағидаларын бекіту туралы» № 123 бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылдың 16 мамырынан бастап Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызмет көрсетіп келеді. Еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру және ұзарту бойынша Түркістан қаласында тамыз айында барлығы 698 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бағынысты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Орталықтарда қызмет алушыларға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 29.08.2018 жылғы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы» № 379 бұйрығының және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 13.05.2019 жылғы № 238 «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 165 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығына сәйкес қызметтер көрсетіледі.

Қолданыстағы Қағидалар мен Стандартқа сәйкес, кепілдендірілген Арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрі ұсынылуда. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік — мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қызметтері қолжетімді. Стационарлық үлгіде көрсететін орталықтарға тоқталсақ.

— Түркістан қаласындағы «№1 Түркістан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ» жалпы 510 қызмет алушыға арналған. Жалпы орталықта 18 жастан асқан шизофрения, ақыл-есі кемістігі бар, эпилепсиямен, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымданулары бар I, II — топтағы 510 мүгедектігі бар адам қызмет алады.

— Шымкент қаласында орналасқан «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ» жалпы 180 қызмет алушыға арналған. Орталықта зейнет жастағы жалғызбасты қарттар мен І, ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

— Ал Төлеби ауданындағы №3 Көксайек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ» жалпы 160 қызмет алушыға арналған. Жалпы орталықта 18 жастан асқан шизофрения, ақыл-есі кемістігі бар, эпилепсиямен, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымданулары бар I, II — топтағы 160 мүгедектігі бар адамға әлеуметтік қызмет тағайындалған.

— Төлеби ауданында орналасқан №4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ» жалпы 100 қызмет алушыға арналған. Орталықта 3 жастан 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға 8-түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

— Кентау қаласында «Арнаулы кәсіптік колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 80 білім алушыға арналған. Колледжде 16-35 жас аралығындағы І,ІІ және ІІІ топ мүгедектігі бар азаматтарға 3 мамандықтар бойынша (ЭЕМ операторы, тігінші, есепші) кәсіптік білім беріледі.

— «Ардагерлер үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шымкент қаласында орналасқан. Жалпы әр 15 күн сайын қабылданатын 200 азаматтарға қысқа мерзімді сауықтыру ұсынылады. Жылына 4 мың ардагер қамтылады. Оның ішінде ҰОС ардагерлері және оған теңестірілген, жекелеген санаттағы азаматтар әлеуметтік қызметтер қолжетімді.

— Жартылай стациоанарлық үлгіде қызмет көрсететін оңалту орталықтарына келсек, Түлкібас, Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында мүгедектігі бар балаларды оңалту орталықтары орналасқан. Орталықтар 25 қызмет алушыға (I, II топтағы мүгедектігі бар жасы 1,5-нан 18-ге дейінгі психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

— «Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ жалпы 60 қызмет алушыға (18 жасқа дейінгі I, II — топтағы психоневролигиялық ауытқулары мен тірек қимыл аппараттары бұзылған балаларға) арналған. Мекен-жайы Түркістан қаласында орналасқан.

— Сондай-ақ «№5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ жалпы әр ай сайын қабылданатын 70 мүгедектігі бар азаматтарға (18 жастан асқан I, II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Нысан Шымкент қаласында орналасқан.

Атап өтерлік, барлық бағынысты мекемелердің әлеуметтік желілерде ресми парақшалары бар. Онда жаңалықтар тұрақты жарияланып отырады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 45 рет