Сенбі, 13 Шілде 2024 11:28

Түркістан облысы: Келестегі балабақшада балаларды жастайынан еңбекке баулу мақсатында арнайы «Шеберхана» ашылған

Жуырда Келес ауданының Жүзімдік ауылдық округінде орналасқан «Балдырған» ЖШС бөбекжай-балабақшасында «Жазғы сауықтыру кезеңін балаларға тиімді ұйымдастыру» тақырыбында өңірлік семинар болып өтті.

Жазғы сауықтыру кезеңін өткізу барысында бұл семинардың берері мол болды, басқа бақшалардан ерекшелігі сол — балаларды жастайынан еңбекке баулу мақсатында арнайы «Шеберхана» ашылған. Онда тігін машинасы мен тоқыма орталығы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ саз балшықтан құмыра жасау тәсілдерін үйретіп қыздарды қамыр жаю әдістерін үйрететін орталықтар бар.

— Аптаның әр сәрсенбісін ұлттық құндылықтарға арнап тәрбиеленушілерді жан-жақты дамыған, жеке пікірі бар, өмірге бейім тұлға етіп тәрбиелеуде бұл ұжымның үнемі ізденісте екендігінің куәсі болдық. Заман талабына сай білім мен тәрбие беру жолында тың жаңалықтарды ендіріп, өз саласының маманы болған меңгеруші Урниса Қарсыбайқызы мен ұжымның ұсыныстарына қолдау көрсетіп отыратын құрылтайшысының еңбегі ерен екені көрініп тұр, — дейді семинар қатысушылары.

Айта кету керек, семинарда мектепалды даярлық тобымен өткізілген «Жүзден жүйрік» интелектуалды сайыс ойыны, ересек тобымен өткізілген «Ұлттық ойындар» жаңа тәсілдерді топтастырған әрекеттер болып қатысушыларды қатты қызықтырды. Бұдан басқа топтарда өткізілген түрлі спорттық іс-шаралар мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндердің дамуы кезеңдерінде оң нәтиже беретін әрекеттер екендігі көрініп тұрды.

Сонымен қатар “Болашақ” лагерінде де балалардың өз қолымен жасаған еңбектерін кәдеге жарататынын айта кеткенді жөн көріп отырмыз. №1 Оқушылар үйіне қарасты жазғы сауықтыру лагерінде 314 бала демалуда. Қазір демалыстың екінші ауысымы бастау алып, аяқталуына жақын қалды. Демалушылар күніне 5 мезгіл, құрамында дәруменге бай, диеталық тағамдармен тамақтандырылады.

Жазғы маусымның 7 ауысымында 2198 баланы демалыспен қамту жоспарлануда. Олардың жас ерекшеліктеріне қарай, 7-ден 14 жасқа дейін қабылданады. Әр ауысымның ұзақтығы — 10 күн. Жазғы сауықтыру орнына бюджет есебінен аз қамтылған отбасылар, мектепішілік есепке тіркелген балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және патронат балалар, мектеп-интернатында оқитындар қамтылса, ақылы негізде де балалар тыныға алады.

Лагерьде жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында танымдық әрекеттері мен интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, шығармашылыққа баулу, еңбекқорлық пен достыққа тәрбиелеу мақсатында қажетті жағдай жасалған. Олар футбол, волейбол жəне баскетбол алаңдары, жаттығулар кешені, əткеншектер, кинотеатр, спорттық жəне мəдени шаралар өткізуге арналған жабық зал жəне жабық жүзу бассейні бар. Сонымен қатар, аумағында 4 жатақхана, 314 орындық асхана, фельдшерлік пункт, кір жуатын және жууну бөлмелері қарастырылған.

Оқушылардың демалысын ойдағыдай өткізуге байланысты қызықты, мазмұнды бағдарлама әзірленген. Жоспарлы түрде түрлі спорттық сайыстар, кездесулер мен танымдық ойындар ұйымдастырылады.

Таңертең алаңға жиналған балалар флешмоб түрінде би билеп, жаттығулар жасайды. Мұндай денсаулығына пайдалы таңғы сергітуден кейін, ән-би өнерін көрсетуге, сахналық көріністерді қоюға және спорттық ойындарға кезек беріледі. Атап айтқанда, «Фокустар күні», «Екі жұлдыз» ән байқауы, «Би алаңының жұлдыздары» би жарысы, «Қалпақ» кеші, «Фотоквест ойыны», «Ұлттық ойындар» секілді жарыстар өтеді.

Бөлімге қарасты «Оқушылар үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнын басқаратын В.Якупованың сөзінше, тәрбиеленушілердің өз қолымен жасалған көптеген дүниелер лагерьде қолданылады. Солардың ішінде шахмат түрінде тігілген жер төсеніштері мен жастықтары, допты ұстауға арналған қалың қолғаптар және тағы басқалары.

Демалыстың әр күні жастардың қызығушылықтарын артып, көңіл-күйлерін көтеруде. Балалық шақтың бал дәмін әрбір демалушы сезінуде.

Тағы бір атап өтерлігі, биылғы жылы қала сыртындағы лагерьге Арыс қаласы бойынша 2010 баланы жазғы сауықтыру лагеріне жіберу жоспарлануда. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 22 маусым күні арыстық балалар Кентау маңындағы «URKER» жазғы сауықтыру лагерінің І кезеңіне жіберілді. Енді 400 оқушы осында демалмақ. Сондай-ақ, олардың жас ерекшеліктеріне қарай 3-10-ші сынып оқушылары, лагерьге қабылданды. Әр аусымның ұзақтығы — 10 күн.

Бұдан бөлек ағымдағы жылы қала сыртындағы лагерьге Қазығұрт ауданы бойынша 2262 бала жазғы сауықтыру лагеріне жоспарлануда. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 19 маусым күні Төле би ауданындағы «Изуми-Тау» сауықтыру лагеріне 250 оқушы жіберілді. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай 5-10 сынып оқушылары лагерьге қабылданады. Әр ауысымның ұзақтығы — 10 күн.

Жазғы сауықтыру орнына облыстық бюджет есебінен аз қамтылған отбасылар, мектепішілік есепке тіркелген балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және патронат балалар қамтылады.

Адамның адам болып қалыптасуының  құралы – еңбек. Еңбектің нәтижесі әрбір адамға, оның еңбекке саналы, шығармашылық көзқарасына байланысты. Олай болса бүгінгі таңдағы қоғам қажеттілігі – жас ұрпақтың бойында еңбекке ынталандыруды тәрбиелеу, болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулу. Баланың жеке басының еңбекке бейім болып өсуі оны еңбек тәрбиесіне баулуға тікелей байланысты. Мектепке дейінгі жас – негізінен ойын кезеңі болғандықтан, еңбектің бала өмірінен алатын орны тым аз. Әдетте еңбек әрекетінің қарапайым элементтері көрініс тауып, бірте-бірте еңбек ойыннан бөлініп, айрықша сипатқа ие болады.

Жас ұрпақты  еңбекке тәрбиелеу – маңызды педагогикалық процесс. Өйткені, болашақ қоғам азаматтары өздерінің адамгершілік қасиеттерін, абыройын, өмірден алатын орнын тек қана еңбек арқылы ғана ақтай алады. Еңбекке баулуда бала күнделікті өмірге қажетті дағдылар мен ептіліктерді меңгеріп қана қоймай, еңбек баланың ақыл-ойының дамуына әсер ететіндей, бастаған ісін соңына дейін аяқтауына, оның әсем де әдемі болуына назар аударту көзделеді. Еңбекке тәрбиелеудің негізгі мақсаты – еңбексүйгіштікке тәрбиелей отырып, оның нәтижесіне қуана білуге, балалардың күшін толықтыруға және денсаулығының нығаюына жәрдемдеседі, дене қозғалысының үйлесімді, сергек болуына ықпал ету.

«Адамды – адам еткен еңбек». Жалпы адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Себебі, шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап ана сүтін емудің өзі еңбекке жатады.
Еңбек дегеніміз бойымыздағы энергия яғни күшіміз, осы күшті пайдаланудың өзі еңбек. Адамдар еңбек ету арқылы көптеген жетістіктерге жетеді. Күнделікті ішіп-жейтін тамағының киетін киімінің өзі еңбекпен келеді.
Мысалы: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»- дегендей жерге дән сеуіп, оны күтіп баптап өсіреді. Базарға апарып сатып, ақшасына тамақ, киім алады.

Балалардың еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, өз-өздеріне қызмет етуге үйрету, бір-біріне кедергі жасамай еңбек етуге үйрету. Ойнап болған соң ойыншықтарын орын-орнына жинауға тәрбиелеу. Балаларды балабақшадағы еңбек жұмыстарына араластыру ойын бұрышындағы кезекшілікті атқаруға үйрету. Үлкендердің көмегімен гүлдерді суару, ағаштарға су құю, оқу құралдарын тарату, ас ішу кезінде тарелка, қасықтарды қойып шығу сияқты жұмыстарды үйрету. Үлкендердің еңбегінің және еңбектің қажеттілігі жөнінде түсінік беру. Балаларды алдына мақсат қоя білуге, оған жетуге үйрету жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру.
Арнайы жабдықтарды дұрыс пайдалану, қадірлеу, қайта орнына қою, бір-біріне көмек көрсетуге тәрбиелеу. Балаларды жұмысты бастап оны аяғына дейін жеткізуге тәрбиелеу. Балабақшадағы еңбек жұмыстарына қатысу, ұжымдық еңбекке үйрету. Ертегі, әңгімелерді кейіпкерлер арқылы «Еңбек түбі – зейнет» екенін түсіндіру. Үлкендер еңбегін құрметтеуге баулу. Мысалы: «Бір уыс мақта», «Бұзау бақтым», «Көйлекті маған кім берді?», «Қайдан келдің, бауырсақ?» деген әңгімелер арқылы барлық заттардың еңбекпен келетіндігін түсіндіру.

Үлкендерге көмек көрсетуге (тәрбиешіге, оның көмекшісіне, ата-аналарына), оларға ықыласпен қарауға тәрбиелеп, сондай-ақ, олардың еңбектерінің нәтижесіне ұқыпты қарауға ынталандыру.

Топ бөлмесі мен балабақша ауласында тазалық сақтауға және үлкендердің тапсырмаларын орындауға,

бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйрету.

Өзіне-өзі қызмет көрсету

Өз бетінше белгілі бір реттілікпен киімін кию, шешіну, бүктеу, ілу, түймелерін қадау, ағыту, аяқ киімінің бауын байлау, шешу дағдыларын дамыту.

Қарапайым тапсырмаларды орындауға ынталандыру: қасықтар мен сулықтарды, нан салғыштар мен табақшаларды орналастыру. Екінші жартыжылдықтан бастап асханада кезекшілік ұйымдастыру, тәрбиешінің көмекшісіне дастархан мәзірін дайындауға көмектесу. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарын (қарындаштар қорабы, қылқаламдар, мүсіндеуге арналған тақтайшалар және т.б.) дайындауға және оларды реттеуге, ойыншықтар мен құрылыс материалдарын ойнап болған соң өз орындарына орналастыруға үйрету,

өсімдіктерді суару, тәрбиешімен бірге учаскеге ойыншықтарды шығару, учаскені жинастыруға қатысуға тәрбиелеу. (жапырақтар, тастар, таяқтарды жинастыру),

Балаларды тапсырманы орындаудың басы мен соңғы нәтижесінің арасында байланыс орнатуды үйрету.

Зат құралдарымен таныстыру, баламен іскерлік түріндегі ынтымақтастық процесінде құралдармен орындалатын қарапайым әрекеттерді (қалақшамен құм алу, тарақпен шаш тарау) орындауға үйрету.

Балаларды еңбек түрлерімен және кәсіптермен таныстыру. Ұжымдық еңбекті татулықпен ұйымдастырып атқаруға үйрету. Еңбектің әр түріне баланың қызығушылығын ояту, ұжымда еңбек етуде белсенділік, ынта ықыласын көрсетуді қолдау. Өз қолымен жасаған еңбегіне қуаныш, мақтаныш сезімін тудыру. Еңбекке қызығушылығын тәрбиелеп жағымды көзқарас тудыру. Өз-өзіне қызмет етуі балабақшада және отбасында еңбекке араласу, яғни үлкендерге көмектесу.

Еңбек етуге жат қылықтар: Еріншектік, жалқаулық, шалағайлық, ұқыпсыздыққа жиренуге баулу, яғни жол бермеуге тәрбиелеу. Бақыт адамға еңбек арқылы келетінін ұғындыру керек.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 69 рет