Сенбілік барысында аудан орталығы Темірлан ауылында көшелерді тазалау, көгалдандыру, абаттандыру және қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке аудан бойынша 1 мыңға жуық адам мен арнайы техникалар жұмылдырып, 17 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Бөпешбайұлы ордабасылықтарды республикалық экошараны ел болып қолдауға шақырды. «Тазалық – денсаулық кепілі, береке бастауы. Тазалық болған жерде құт пен ырыс бар. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ел туралы пікір оның ауыл-аймағына қарай айтылады. Айналамыз таза, көрікті болса, біз туралы айтылар ой да жақсы болмақ. Сондықтан өңірімізді таза ұстайық, ластамайық, өскелең ұрпаққа үлгі болайық. Республикалық бастаманы бірге қолдайық», - деді ақсақал.
Cондай-ақ, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Әбіш шараның маңыздылығына тоқталды. «Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің көрсеткіші. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, табиғатты таза ұстау - әрбір азаматтың борышы. Қазақ халқы «бірінші байлық – денсаулық» деп тектен тек айтпаған. Міне, сол денсаулықтың мықты болуы тазалыққа қатысты. Деннің саулығы әр адам үшін қалай маңызды болса, тазалық та дәл сондай маңыздылыққа ие болу керек. Иманыңның жартысы болған тазалықты сақтау өзіңнен басталады. Ауладағы қоқыстарды шығару, қоқысты көшеге тастамау - ең алдымен табиғатқа, кейін ауданның көркеюіне қосқан бір үлес. Көшедегі бей-берекет жататын қоқыстар сіз бен біздің денсаулығымызға қаншалықты кері әсерін тигізіп жатқанын көп жағдайда байқай бермейміз. Сондықтан айналамызды тазартып, абаттандырумен айналысайық», - деді ардақты ана.
Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауда «Үлгілі аула» жобасы аясында аудандық, ауылдық өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен көше бойлары, үй аулалары, көп қабатты үйлердің айналасы тұрақты түрде қоқыстан тазартылуда. Айта кетейік, облыста «Таза Қазақстан» тазалық шарасы басталғалы өткізілген іс-шараларға 80 мыңға жуық ерікті қатысқан. Сондай-ақ, 17 аудан, қала көлемінде 92 мыңға жуық ағаш көшеттері және 10 мыңға жуық гүл отырғызылып, 1 174 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 198 киелі-мекендерде, көше бойларындағы ағаштарды әктеу, сырлау жұмыстары атқарылып, қоқыс қалдықтары шығарылды. Бұдан өзге, Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл - сенің өңірің» акциясы негізінде 500 жастың қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» акциясы басталған сәуір айынан бері Түркістан облысы бойынша облыстағы 2500-ден астам білім беру ұйымдарында (1421 балабақша, 1052 мектеп, 50 колледж) экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, халықты қоршаған ортаны ластамауға үйрету. Балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелейтін 2000-ға жуық ашық сабақ, 650 кездесу, 960 дөңгелек үстел өткізілген. Акция аясында облыста медициналық нысандардың аумағында 10 957 дана түп ағаштары отырғызылып, 61 842 ағаш түптеріне әктеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, облыс аумағында орналасқан туристік нысандар аумақтарына санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әзірленген жол картасына сәйкес, Қ.Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, Үкаш-ата Кесенесі, «Шаға» туристік – рекрациялық орталығы, «Ақмешіт» жерасты үңгірі, «Домалақ ана» кесенесі мен бұлағы, Бибі мәриям кесенесі, Шахан ата кесенесі, Үкаша Ата кесенесі, Гаухар ана кесенесі, Арыс музей ғимараты, Шаммат Ишан музейі, Ерубаев музейі сынды киелі және тарихи орындарда тазалық акциялары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Түркістан облысы Волонтерлік ұйымдардың бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл сенің өңірің» акциясы негізінде тимбилдинг өтті. Жастар «Taza Alem» ұлттық жобасы бойынша «Қоршаған ортаны таза ұстау - әрбір азаматтың борышы» тақырыбы аясында жазғы шомылу маусымдағы өзен, көл маңдарын тазалады.
Облысқа қарасты аудан, қалаларда «Таза Жағажай», «Өз өмірің - өз қолыңда» тақырыбы аясында, шомылу маусымындағы қауіпсіздіктің алдын алу мақсатындағы үнпарақшалар таратылуда. «Эко волонтер» атты ерікті жастар киелі өлкелер мен өзен, тауларда қоқыс іздеу сайысы өтті. Акцияға атсалысып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық 11 этно мәдени бірлестіктер мүшелері әр сенбі күні аумақтық сенбіліктерге белсене қатысып келеді. Этностар көп орналасқан Сайрам, Сауран, Жетісай, Мақтарал, Келес,Төлеби аудандарында Ассамблея жастары «Бірлігіміз жарасқан» тақырыбында плогинг сайыстары арқылы айналаны тазарту акцияларын дәстүрлі түрде өткізуде. Сайрам ауданында «Қоқыстан құнды заттар жасау идеялары» жүзеге асырылды.
«Generation» қоғамдық бірлестігі Сайрам ауданындағы білім беру ұйымдарымен бірлескен 36 экологиялық акция өткізді. Аталған акция бойынша 15 тоннаға жуық қайталама шикізат сатып алынып, қайта өңдеуге жіберілді. Бұл ретте, қоқысты арнайы жерге апарудың қажеті жоқ, бұл өз кезегінде оны апаратын жол мен жергілікті аймақтарды таза ұстауға өз септігін тигізуде. Топырақ суларын қорғау және жердің тозуымен күресу мақсатында Төлеби ауданы, Ленгір қаласында орналасқан мүгедек балалардың мектеп-интернаты үшін экосантуалет құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Облыста экологиялық бағытта 4 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды. «Өгем» қоғамдық бірлестігін тарапынан табиғи аймақты сақтап қалу мақсатында экоагротуризмді дамыту бойынша жаңа жоба іске асуда. Аталған жоба өңірге келген туристерге «жасыл» технологияларды күнделікті өмірге ендіру бойынша шебер-сыныптар көрсетіліп, демоучаскелерде 16 саяхат жүргізілді. Табиғи жолмен энергия көзін ашып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар шаралар атқарылды. «Өгем», «ЭКО-Атамекен» қоғамдық бірлестіктері Сайрам-Өгем, Қаратау қорықтарындағы табиғатты қорғау мақсатында 7 экоакция өткізіп, жергілікті тұрғындар мен туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруда үлесі ерекше болды.
«Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ арқылы Түркістан облысы аймағында орналасқан ақылы автожолдардың бақылау бекеттерінен өткен автокөлік иелеріне «Құрметті жол жүргізуші, тазалық сақтап, жол бойында қоқыс тастамауларыңызды сұраймыз! Бұл – біздің Қазақстан, бұл – Таза Қазақстан!» мәтінді SMS-хабарламаларды жіберу жоспарлануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы бастау алды. Бұл өз кезегінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жалғасы болып табылады.
Байқау екі кезеңнен тұрады: 1-кезең – аудандық, яғни облыстағы 15 аудан, қалада байқаудың аудандық кезеңін өткізу үшін арнайы комиссиялар құрылып, 1 қыркүйекке дейін құжаттар қабылданады. Жеңімпаз ауылдар облыстық комиссияға ұсынылып, 1 қарашаға дейін «Үлгілі ауыл» жеңімпазы анықталады. Экологиялық акцияны табысты жүзеге асырған ауылдар арасынан жеңіп шыққан жүлдегерге бір әлеуметтік нысан салынады. Бірегей жоба «TurkistanTV» телернасы эфирінде «Үлгілі аула» тележобасы арқылы насихатталуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы бағыттағы жұмыстар бір реттік акция емес, елімізді көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы тұрақты түрде іске асырылатын жұмыстар болып жалғасын табатын болады.
Ауылдардың тазылығы, абаттандыру - облыс басшылығының жіті қадағалауында тұрған мәселелер екені белгілі. Мәселен, биылғы жылдың басында Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде абаттандыру, тазалық, көгалдандыру жұмыстары сараланып, мәселелер талқыланған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы жұмыстарды дұрыс атқара алмай отырған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырған-ды.
– Тазалық, көгалдандыру, абаттандыру мәселесін тұрақты талқылап келе жатырмыз. Жүйелі мәселе бар. Әкімі қандай болса, ауданы сондай болады. Жаңа жоспар, мәселенің шешімін ұсыныңыздар. Әр аудан, қалада осы мәселелерге қатысты мобильді топтар құрылып, жұмыс күшейтілсін. Екіншіден, облыстағы мыңнан астам мектеп, ауруханалар, мәдениет, спорт мекемелерінің өкілдері өз аулаларына ағаш егіп, абаттандыруды, тазалықты бақылауда ұстасын. Заманауи тұқымбақ ашып, халықты ағаш егуге ынталандырған жөн, – деген болатын Дархан Сатыбалды.
Жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұркен Аралбеков барлық аудан, қаланы зерделеу қорытындысымен таныстырды. Кемшіліктер бойынша мәліметтер аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына ұсынылып, жұмыстар бақылауға алынды.
Айта кетейік, облыс әкімі аудан, қаланы, ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, жол бойындағы үйлердің қасбеттерін және қоршауларын ретке келтіру бойынша тапсырма берген болатын. Аталған тапсырмаларды уақытында орындамай кемшіліктерге жол берген осы салаларға жауапты тұлғаларына тәртіптік шара көру бойынша ұсыныс беріліп, жалпы 93 шара көрілген. Абаттандыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасады.
– Әкімі қандай болса, көшесі сондай болады. Бірнеше рет бұл мәселе бойынша тапсырма берілді. Бірнеше аудан, қалада ғана сәл нәтиже, қозғалыс бар. Қалғандары әлі де немқұрайлы қарап отыр. Біз тазалық пен абаттандыру бойынша жұмысты жыл бойы талап ете береміз. Егер оны орындай алмайтындар болса, басқа шара қолданамыз. Барлық аудан, қалада тазалыққа жауапты коммуналдық мекеме болуы тиіс. Мұндай мекемесі жоқтары басынан жасақтасын. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт және өзге де мекемелер өздері орналасқан аумақтың тазалығына, көгалдандырылуына жауапкершілікпен қарасын. Әр ауданды сектор, көшеге бөліп, тазалық жұмыстарын жалғастырыңыздар. Тазалық шараларына тұрғындар да атсалысуы тиіс. Бұл – бәрімізге ортақ жұмыс. Іс-шараларды, жұмыс барысын жүйелеңіздер, – деген Дархан Сатыбалды тазалық жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан бірнеше аудан, қала әкімінің уәждерін тыңдап, сын-ескертпе айтты. Тапсырмалар берді.
Бүгінгі таңда орман қоры алқаптарына кешенді жоспарға сәйкес 2021-2023 жылдары 51,5 мың гектар жерге, 78,2 млн дана көшет егілді. Оның ішінде 2023 жылғы 20300 гектар жерге 32 214 мың дана ағаш көшеттерін егу жоспары толығымен атқарылды.«Жасыл белдеу» құру жобасына тоқталсақ. Бүгінде «Жасыл аймақ» КММ-мен Түркістан қаласы айналасынан 28 358 гектар орман қоры жері санатына өткізіліп, оның 19020,0 гектар аумағына мәдени орман екпелері отырғызылды. Қазіргі таңда жоспарлы межені 42,0 мың гектарға жеткізу қолға алынып отыр.
Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандыру саласы бойынша да жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Облыс әкімінің бастамасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90%-ын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарлануда. Өткен жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 миллионнан астам көшет егілді. Оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаш егілген болатын. Биылғы жылдың көктем айларында жоспарға сәйкес 522 935 дана көшет отырғызылады деп жоспарлануда. Оның ішінде гүлді ағаштардың 5500 түбі бар. Ал 2024 жылдың күз айларында аудан, қала әкімдіктеріне аумақтарды гүлдендіру мақсатында 50 мың дана, 2025 жылы 150 мың дана раушан гүлінің көшеттері егілмек.
Осы тұста өсімдіктер дүниесі туралы мәселелерді де айта кетсек. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы тарапынан әзірленетін электронды дендрологиялық жоспарға ағаш-бұталардың мәліметі енгізілетін болады. Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі де назардан тыс қалған емес. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемінің артып келе жатқаны жасырын емес. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 23%-ға жоспарланып, толық орындалған. Ал биыл меже 26%-ға жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында 2024-2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.
2024 жылы наурыз айынан бастап 3 рет сенбілік ұйымдастырылды. Аталған сенбіліктерге жергілікті әкімдіктер, барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік ұйымдар, белсенділер мен еріктілер қатысып, бекітілген аумақтарда тазалық және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аудан қала әкімдіктері тарапынан 201 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, 317 030 ағаш әктелді. Сенбіліктерге жалпы 19 мыңнан астам азамат қатысып, 279 дана техника тартылды, 2 710 тонна қоқыс шығарылды. 1152 көшенің бойы, 265 шақырым аяқжолдары тазаланды. 275 саябақтар және скверлер, 192 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 95 шақырым көпірлер, өзендер, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды, 897 көпқабатты тұрғын үй маңындағы аумақтар мен аулалар, жертөлелер, кіреберістері жиналды. Елді мекендерде абаттандыру нысандарын және санитария жағдайын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында мобильді топтар құрылып, топ құрамында аудан, қала және ауыл округтерінің қызметкерлері, белсенді азаматтар, қоғамдық жұмысшылар тартылған. Мобильді топтың аралау кестесі бекітіліп, қажетті құрал-сайманмен қамтылған. Тазалықты сақтау жөнінде ақпараттық және насихат жұмыстары жүріп жатыр.
Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдірудің алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес шаралар қолданылған. Атап айтқанда, биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланысты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға жалпы 81,1 млн теңге айыппұл салынған.
Қоршаған ортаны таза ұстау, табиғаттың көркем бейнесін жоғалтпау – адамзатқа ортақ іс. Сондай-ақ, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жазда сая, қыста қамсау болады. Табиғат ананың көркі кіреді. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді.Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер-ана, Атамекен, Туған жер, ауылым, деген бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас. Туған жердің барлық табиғи қадір қасиеті тұла бойға тарайды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат