Жетісай ауданына қарасты қала, кент, барлық ауылдық округтерде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, белсенді азаматтар мен ерікті жастар, жергілікті тұрғындар қатысты.
Жалпы саны мыңнан астам адам мен 10 техника жұмылдырылған сенбілікке аудан тұрғындары бір кісідей атсалысты. Санитарлық тазалық жұмыстарына қатысушылар негізінен көппәтерлі тұрғын үйлер мен саябақтардың, скверлер мен аллеялардың, автожолдар мен тұрғындар көп жүретін орындардың маңындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тазартып, шөптерін шапты. Қураған ағаштарды бұтады.
«Тазалық шараларын жиі ұйымдастырып өткізудегі негізгі мақсатымыз – аудан тұрғындарын туған өлкені таза ұстауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы экологиялық тазалықты сақтауға, ұжымдасып жұмыс жүргізуге шақыру. Мұндай шараларды тұрақты түрде өткізуіміздің нәтижесінде қатысушылардың қатары да күн санап артып келеді. Бірқатар елді мекенде ауыл ақсақалдары тазалықтың сақталуын өз бақылауларына алған» - дейді аудан әкімі Серік Үсенұлы. Бұдан бөлек, сенбілікте аудан әкімі аппаратының бөлімдері мен кент, ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды қоқыстан, керексіз қалдық заттардан тазартты.
Сонымен бірге, Созақ ауданына қарасты ауылдар мен елді мекендерде «Таза Қазақстан» Республикалық шарасы аясында сенбілік жұмыстары өтті. Сенбілікке 1900-ға жуық мекеме қызметкерлері, тұрғындар мен белсенді жастар және 16 арнайы техника жұмылдырылды. Аудан аумағын көркейту-көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауына алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ішкі көшелер мен әлеуметтік нысандардың ауласын аралап, қосымша атқарылу керек жұмыстарды пысықтады.
Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары жұмыла кірісіп, аялдамаларды, ішкі көшелер мен саябақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бұған қоса су өткелдері, көпірлер, өзен, канал, бұлақ, арық бойлары тазаланып, көше бойындағы талдардың түптері әктелді. Түркістан бағытына шығар жол бойындағы “Жасыл белдеу” аумағындағы шөптерді отап, егілген тал көшеттерін күтіп-баптау, суару жұмыстары жүргізілді. Оған қоса 33 шақырым көше бойлары мен 18 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 9 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 69 тонна қоқыс тасымалданды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат