Жексенбі, 25 Тамыз 2024 10:48

Түркістан облысында қалалар 100 пайыз, елді мекендер 97,3 пайызға ауыз сумен қамтылған

Түркістан облысында 807 елді мекеннің 737-сі ауыз сумен қамтамасыз етілген. Республикалық көрсеткішке сәйкес, өңірдің қалалары 100 пайыз, елді мекендер 97,3 пайызға ауыз сумен қамтылған. Биыл ауыз сумен қамту бойынша 63 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 15,7 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде, 34 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, қалған 29 елді нысан 2025 жылға өтпелі.

Жыл қорытындысымен 29 елді мекендегі 15 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кезекті рет талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды ауыз сумен қамтудың маңыздылығына тоқталып, құрылысы созбалаңға салынған нысандар бойынша аудан, қала әкімдерімен жауапты басқарма басшысына нақты тапсырма берді. Жұмысты дұрыс атқармаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарауды тапсырды.

– Мемлекет басшысы 2025 жылдың қорытындысымен өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе. Сондықтан әрбір жобаның барысына жауапкершілікпен қарау керек. Сондай-ақ нысандардың құрылысына жауапты тапсырыс берушілер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керек. Әрбір су нысаны сапалы, әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Ауыз сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, гидрогеологиялық ізденістер, жан-жақты зерттеулер жүргізу қажет. Тапсырысты уақтылы орындамай, ауыз суды кешіктірген мердігерлермен заң аясында жұмыс жүргізіңіздер. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, 41 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 50 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған, 133 елді мекенді 2025-2027 жылдары аралығында тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда.

Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба бастау алған еді. Ұлттық жобаға сәйкес, іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыз сумен толық қамтамасыз етуге (сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 16 мың км салу және реконструкциялау), қалаларда сарқынды суларды 100 пайыз тазартуға қол жеткізіледі, инженерлік желілердің тозуы (жылумен, сумен жабдықтау, су бұру) 55 пайыздан 47 пайызға дейін қысқарады. Өз кезегінде, аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін Түркістан облысының әкімдігі тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ендігі жерде өңірдегі ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтсек.

Ең алдымен, биылғы жылдың басында облыстағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары күшейтіліп, жұмыс жоспары қатаң қадағалауға алынатын болған. Мұны облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды айтып, жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, бірінші кезекте ауыз су мәселесі толық шешуді және салаға қатысты жобаларды жеделдетуді тапсырған болатын. Облыс басшысының айтуынша, ауыз су мәселесін шешуге арналған жобалар сапалы болып, жұмыс тиянақты атқарылуы тиіс. Алдымен жер асты суын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірленеді. 2025 жылы елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында өңір басшысы қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырған-тұғын.

2023 жылдың басындағы жағдай бойынша өңірдегі 831 елді мекеннің 719-ы ауыз сумен қамтамасыз етілгені белгілі. Бұған дейін облыстағы жүзден астам елді мекен ауыз суға жарымай отырған.  Десе де, бұл түйткілді шешу бағытында біраз шаруа қолға алынып, атқарылып жатыр. Мәселен, былтыр 57 ауыз су нысанының құрылысына бюджет есебінен 13,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішіндегі 43 нысанның құрылысы аяқталды. Қалған 14 нысан биыл, яғни, 2024 жылы пайдалануға беріледі. Сөйтіп су құбыры жүргізілмеген 17 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 11 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылмақ.

2015-2021 жылдары аралығында жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс көлемінде жалпы 267 елді мекендегі жер асты су қоры бекітілген. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, 22 елді мекендегі іздеу-барлау жұмыстарын бітіруге және 88 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын бастауға, сонымен бірге 15 шекара бөлімшесіндегі іздеу-барлау жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініпті.

2024 жылдың қорытындысымен, 829 елді мекеннің 768-ін (7 қала, 761 ауылдық елді мекен) немесе 92,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, 29 елді мекенде ауыз су мәселесі шешіледі. Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.

Ол құжатта 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 21 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биыл 13 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 8 елді мекен 2025 жылға өтпелі. 29 елді мекенде кешенді блок-модуль (КБМ) орнату жоспарлануда. Атап айтқанда, 3 елді мекенге (Келес – 2, Сарыағаш – 1) кешенді блок-модуль қондырғысы орнатылған, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 11 елді мекенге КБМ орнатуға 2024 жылға ОБ есебінен 336,8 млн. теңге бөлінді.

Өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен «Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 32 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2025-2027 жылдары аралығында 133 елді мекенді тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жаңа су көздерін барлау жұмыстары да қолға алынбақ.

Бүгінгі таңда таза ауыз су мә­селесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. БҰҰ-ның дерегінше, дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Дү­ниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) су ресурстары бойынша климаттық қызметтердің жай-күйі туралы соңғы есебіне сәйкес, суға байланысты тәуекел­дер жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2000 жыл­дан бастап су тасқыны – 134, құрғақшылықтың ұзақтығы 29 пайызға өскен.

Қазірдің өзінде мамандар жаhандық климаттың жылынуына байланысты 2050 жылға қарай Орталық Азияда су тақырыбы күрделі мәселе болатындығын болжап отыр. Негізгі өзендері көршілес мемлекеттерден бастау алатын Қазақстан үшін су мәселесі шешімін табуды қажет ететін стратегиялық ба­сым­дықтардың бірі екені анық. Елімізде ауылдар мен шал­ғай өңірдегі халқымызды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында мемлекеттік бағдар­ламалар жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Дегенмен жерасты суларының картасын жаңарту, бұл бағытта тиісті ғылыми зерттеу­лер жүргізу сынды атқарылатын мәселелер де баршылық.

Жалпы Түркістан облысында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауымен «сақалды құрылыстардың» мәселесін шешу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Өткен жылы 70 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 38 нысанның құрылысы аяқталды. Қалған 32 нысан осы жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 120,5 мың халық ауыз сумен қамтылды. Өткен жылдың соңында өңірдегі 11 нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп, 81 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында судың 40 пайызы босқа ысырап болып жатқандығын атып өтіп, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейтуді тапсырды. Осы ретте ҚР АШМ-не су үнемдеу технологияларына инвестициялық субсидия көлемін 50%-дан 80%-ға ұлғайту жөнінде ұсыныс берілген. Жалпы су үнемдеу технологияларын 2028 жылға қарай 100 мың гектар алқапқа енгізу межеленген.

Өңірде суармалы алқаптарды ағын сумен қамту, каналдар мен қашыртқыларды тазалау жұмыстары жалғасады.Бұл орайда, Түркістан облысында жалпы егіс алаңы артып, 873,6 мың гектарды құрады. Өңірде көктемгі дала жұмыстары белсенді жүруде. Егістікті әртараптандыруға басым бағыт берілген. Оған сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артып, 335 мың гектарға жеткізілді. Биыл жүгері мен маш өсіруге ниет білдірушілер саны өскен. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында биыл ерте пісетін қырыққабат, сәбіз пияз бен картоп, бақша дақылдары артты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды дала жұмыстарын барлық ауданда күшейтіп, өңірде мақта – тоқыма кластерін дамытуға басымдық беруді тапсырған болатын. Жұмысты жандандырып, шаруаларға берілетін көмектердің жылдам әрі жүйелі түрде үйлестірілуі бақылауда болуын ескертіп келеді.

Шаруаларға берілетін мемлекеттік қолдау көлемі артып келеді. Минералды тыңайтқыштарға 7 млрд.теңге бөлінеді. Қаржыландыру арқылы 10 мың тонна жүгері, 222 гектар жылыжайлар субсидияланады. Қосымща республикалық бюджеттен 8,5 млрд.теңге қаржы бөлу ұсынылды. Мақтаның 1,7 мың тонна шитін, 85 мың тонна жүгері мен 1,6 мың тонна бидайдың элиталы тұқымы субсидияланады. Қаржыландыру арқылы 462,6 млн м3 ағын су арзандатылған бағамен жеткізіледі. 22 мың тонна жуық жанармайға өтінім тапсырылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру 2024 жылы 13,4 млрд.теңгені құрады.Өткен жылы 201,7 мың га күздік егіс жиналды. 300 мың гектар егістікке жер жырты жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының басшысы Нұрбек Бадырақовтың баяндауынша, көктемгі дала жұмыстарына техника толық дайын. 2023 жылы 1382 комбайн, тракторлар мен қосымша құрал – жабдықтар сатып алынды. Облыста 24 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 42 рет