Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жалпы барлық аудан, қалаларға кіреберіс аумақтары мен жолдардың бойы тазаланып, ретке келтірілген. Өткен аптаның ішінде, 10 ауданның 33 елді мекенінде ауқымды сенбілік өткізілген. Нәтижесінде 3 236 тұрғын қатысып, 554 қоғамдық жұмысшы тартылған. Сонымен қатар 59 техника жұмылдырылып, 66,8 тонна қоқыс шығарылды.Түркістан өңірінде «Taza Qazaqstan» қосымшасы пилоттық режимде сәтті іске асырылуда. Бүгінде 320 өтінім түсіп, оның 297-сі орындалған. Қалғаны орындалу барысында, ал оннан аса өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылған. Бұған қоса қосымшаны кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуіне байланысты, платформада өтінімдердің саны көбеюде. Бір аптаның ішінде 33,3% өсіп отыр.
Өңір басшысы аталған ақпараттық жүйемен жұмыстарды жүргізу Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауында екенін атап өтті. Аудан, қала әкімдіктері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет деді. Апта сайынғы кеңестерде, өңірлердегі қосымшамен жұмыс деңгейі бойынша баяндауды тапсырды.Айта кетейік, жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалануда. Облыс көлеміндегі республикалық жәнеоблыстық маңызы бар жолдардың бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші кезекте қасбеттерін сырлау, әрлеу, біркелкі түске бояу және түрлі-түсті гамма жарықшамдарын қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандыру саласы бойынша да жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Облыс әкімінің бастамасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90%-ын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарлануда. Өткен жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 миллионнан астам көшет егілді. Оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаш егілген болатын. Биылғы жылдың көктем айларында жоспарға сәйкес 522 935 дана көшет отырғызылады деп жоспарлануда. Оның ішінде гүлді ағаштардың 5500 түбі бар. Ал 2024 жылдың күз айларында аудан, қала әкімдіктеріне аумақтарды гүлдендіру мақсатында 50 мың дана, 2025 жылы 150 мың дана раушан гүлінің көшеттері егілмек.
Осы тұста өсімдіктер дүниесі туралы мәселелерді де айта кетсек. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы тарапынан әзірленетін электронды дендрологиялық жоспарға ағаш-бұталардың мәліметі енгізілетін болады. Қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі де назардан тыс қалған емес. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемінің артып келе жатқаны жасырын емес. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 23%-ға жоспарланып, толық орындалған. Ал биыл меже 26%-ға жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында 2024-2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.
2024 жылы наурыз айынан бастап 3 рет сенбілік ұйымдастырылды. Аталған сенбіліктерге жергілікті әкімдіктер, барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік ұйымдар, белсенділер мен еріктілер қатысып, бекітілген аумақтарда тазалық және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аудан қала әкімдіктері тарапынан 201 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, 317 030 ағаш әктелді. Сенбіліктерге жалпы 19 мыңнан астам азамат қатысып, 279 дана техника тартылды, 2 710 тонна қоқыс шығарылды. 1152 көшенің бойы, 265 шақырым аяқжолдары тазаланды. 275 саябақтар және скверлер, 192 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 95 шақырым көпірлер, өзендер, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды, 897 көпқабатты тұрғын үй маңындағы аумақтар мен аулалар, жертөлелер, кіреберістері жиналды. Елді мекендерде абаттандыру нысандарын және санитария жағдайын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында мобильді топтар құрылып, топ құрамында аудан, қала және ауыл округтерінің қызметкерлері, белсенді азаматтар, қоғамдық жұмысшылар тартылған. Мобильді топтың аралау кестесі бекітіліп, қажетті құрал-сайманмен қамтылған. Тазалықты сақтау жөнінде ақпараттық және насихат жұмыстары жүріп жатыр.
Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдірудің алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес шаралар қолданылған. Атап айтқанда, биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланысты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға жалпы 81,1 млн теңге айыппұл салынған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат