Аудан әкімі Азат Оралбаев 1 тамыздан бастау алған игі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлерге өз алғысын жеткізді. Айта кетейік, аталған акция аясында Ордабасы ауданы бойынша әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасыдан шыққан 3 223 бала, құны 43 407 теңгені құрайтын әлеуметтік қолдауға ие болды.
Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы «Экобазар» кешенінде Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеге жергілікті 26 кәсіпкер қатысты. Сондай-ақ жәрмеңкеге қойылған кеңсе құралдары, балалардың мектеп сөмкелері, формалары мен аяқ киімдерді қолжетімді бағада тұрғындарға ұсынылды. Шараның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде мектеп тауарларын нарықтық бағадан төмен бағада сатып алуға жағдай жасап, дайындықты жеңілдетуге бағытталған.
Осы тұста айта кетерлік ақпарат, Түркістан облысында жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныпта оқитын 220 920 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Оның ішінде, осал топтағы отбасыдан шыққан 60 693 бала, 1-4 сыныптағы 160 227 бала бар. Жалпы облыстағы 881 мектепте балаларды ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған.Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-і биыл 1-сыныпқа қабылданады. Айта кетсек, 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңгеден үлестіріледі.
Тағы бір мәліметпен бөлісе кетсек. Биылғы облыстық «Тамыз кеңесі» ертең, яғни, 27 тамыз күні өткізілмек. Таяуда осы шара шеңберінде «Digital Kazakhstan: Жаңа заманындағы білім беру» тақырыбында секция жұмыстары жүргізілді. Маңызды жиында 26 секция өтті. Кеңеске 1000-ға жуық педагог қатысты. Басқосуда әртүрлі бағыт бойынша спикерлер баяндама оқып, өзара тәжірибе алмасты. Конференция барысында білім берудегі цифрлық инновациялар, жасанды интеллект технологиялары, білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай ұстанымдарын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Баршаға қол жетімді әрі сапалы білімді талқыған жиында мектептерді бірлесе дамыту стратегиялары, цифрлық білім беру ресурстары – білім сапасын арттыру құралы, заманауи білім берудегі Lesson study тәсілі көрсетілді. Біртұтас тәрбие – құндылықтар шыңы бойынша құнды ақпарат айтылды. «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында әдістемелік жұмыстың заманауи жүйесін қалыптастыру тәсілдері» мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың жаңа тенденциялары сөз болды.
Сынып жетекшілері бала құқығындағы цифрлық сауаттылығын дамыту бойынша тәжірибесін ортаға салып, мектеп оқушыларының психологиялық әрекетінің семиотикасы мен мәдениеті, білім беру ұйымдарындағы тамақтануды ұйымдастыру, балалар кітапханасы – оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде мәлімдеме жасалды. Айта кетейік, секциялық отырыстың мақсаты – оқушылардың ойлауын қалыптастыруда компьютерлік сауаттылықты, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, заманауи талаптарға сәйкес жан-жақты даму мен оқытуға жәрдемдесу, табысты тәжірибе алмасу.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат