Дүйсенбі, 26 Тамыз 2024 20:01

Түркістан: облыс әкімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 үш жыл ішінде кемі 50 мың оқушы үшін 63 мектеп салу жоспарланған. Өңірде жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Абаттандыру және жолдардың құрылыстары да дер кезінде аяқталуы тиіс. Білім нысандарының құрылысында орын алып отырған проблемаларды талқылап, шешім шығару үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жобаны үйлестіруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша Өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаев пен барлық жауапты тұлғалардың басын қосып, Президенттің қойған міндетінің орындалу барысын талқылады. Облыс әкімі жауапсыздық танытқандарға шара қаралатынын ескертті.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру міндеті «Samruk-Kazyna Construction» Ұлттық компаниясына жүктелген. Жиналыста ерекше мектептердің құрылысы барысында орын алып жатқан өзекті мәселелер ортаға салынды. Кей құрылыс компаниялары мектеп құрылысын жоспардан кешіктіруде. Жауапты мердігерлер құрылыс барысындағы кедергілерді түсіндірді. Бірі құрылыс материалдарының бағасы шарықтап, жеткізу мерзімінің созылуын алға тартса, енді бірі жұмыс қолының жеткіліксіздігін айтты. Тағы бірі сараптама қорытындыларының мерзімінің созылуын атады.

– Бұл – тарихта болмаған жоба. Оның орындалуы – бәрімізге сын. Сондықтан мойындарыңызға алған жауапкершілікті сезініп, жұмысты мерзімінде және сапалы аяқтауға бар күштеріңізді салыңыздар. Әртүрлі сылтау, бос сөз айтып, баланың тірлігін жасаудың қажеті жоқ. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!» деген, енді ақталу артық. Әр нәрсенің сұрауы бар. Бітіріңіздер, бітті. Сіздерден басқа сұрау жоқ. Кедергілер болса, дер кезінде көтеру керек. Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапты тұлғаларға шаралар қолданылатын болады, – деді Дархан Сатыбалды.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – Мемлекет басшысының 2022 жылы халыққа Жолдауында айтылған бастамасы. Жобаны 2023-2025 жылдар аралығында іске асыру көзделген. Ауқымды іс еліміздегі мектеп тапшылығы мен үш ауысымда оқыту мәселесін жою мақсатында жүзеге асуда. Бұған демографиялық өсім мен мектептердің ескіруі себеп болып отыр.Құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын оқу нысандары жиһазбен, заманауи құралдармен жабдықталады. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін оқу кабинеттері және спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Оған қоса, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілмек. Мектептердің ішкі жабдығын қамтамасыз етуде отандық өндірісті тарту көзделген.

Қазіргі таңда, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ операторларымен техникалық шарттары алынды. Жоспарлы жұмыс 2024 жылғы 1 тамызға дейін толық іске асырылады. Ал 2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған.

Тиісті ұсыныстар беріліп, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 млрд. теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы биыл қыркүйек айында бөлінбек.Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескеріледі.

Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.

«Жайлы мектептің» артықшылықтары туралы да сөз ете кетсек. Аталған мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.

Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде  тек  бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

Бұл мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек. Жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталатын болады. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы  орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру. Жайлы мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналаспақ.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 40 рет