Жұма, 11 Қазан 2024 13:00

Шымкент әкімі «Бозарық» индустриялық аймағында болды

Шымкентте Орталық Азиядағы ең ірі қызанақ өсіруге арналған жылыжай кешенінің құрылысын бастау туралы шешім қабылданған болатын. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков “Бозарық” индустриялық аймағында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

 

Қазіргі таңда инвестор жер жұмыстарын жүргізіп жатыр, кезең-кезеңімен бетон құю мен болат конструкцияларын монтаждауға кіріседі. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы аяқталады.

Ауқымды инвестициялық жобаның құны 650 млн АҚШ долларын құрайды, ал жалпы ауданы 650 гектар. Жобаның бірінші кезеңі іске қосылғаннан кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, толықтай аяқталған соң 5 мың жұмыс орны құрылады. Жылыжайдың жылдық жалпы өндірістік қуаттылығы 155 мың тонна қызанақ болады деп күтілуде.

Қала әкімі жұмыс барысымен танысып болған соң, жобаны жылдам жүзеге асыру мақсатында инфрақұрылым қуатын арттыру үшін жауапты тұлғаларға толық қолдау көрсетуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, тамыз айының басында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен "Alarko Holding" түрік компаниясының президенті Йылдыз Умит Нури "Бозарық" индустриялық аймағында қызанақ өсіретін ірі жылыжай кешенінің құрылыс алаңына капсула салған болатын.

Айта кетейік, бұл жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және өсімдік шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, дамыту тапсырмасын іске асыру барысында рөлі зор. Әкімдік ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайын екендерін жеткізген еді.

"Жобаны жүзеге асыру мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және бағаның тұрақталуына ықпал етеді", - деді қала әкімі.

Компания құрылыс уақытын қысқарту мақсатында Шымкентте жылыжай салуға арналған конструкцияларды шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Сондай-ақ жоба аясында халықаралық стандарт бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын мамандандырылған академия ашу жоспарланып отыр. Ауқымды жобаны жүзеге асыру жылыжай шаруашылығын дамытуға ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

Оқылды 54 рет