Дүйсенбі, 09 Қыркүйек 2024 13:52

Сайрам ауданында мал қозғалысын қадағалайтын блок-бекеттер қойылды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сайрам ауданына іссапармен барды. Ветеринария және жер саласы мамандарымен Сайрам ауданында мал қозғалысын қадағалау және аудан аумағындағы заңсыз құрылыстарды ретке келтіру бойынша комиссия отырысына қатысты. Аудан әкімі Арман Сәбитов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Кездесу барысында төрт түлік туралы түйткілді мәселелер мен ұсыныстар талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары мәселе бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіп, нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданындағы ірі мал бордақылау алаңдарын ашу, ветеринария саласындағы және аудан аумағындағы заңсыз құрылыс жұмыстарын ретке келтіру, тағам қауіпсіздігін сақтау туралы тапсырма берген болатын. Бүгін сол тапсырмалардың орындалу барысы таныстырылды. Атап айтқанда, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Сайрам ауданында мал қозғалысын қадағалау, мал ұрлығын азайту мақсатында үш ауылдық округ аумағында, яғни, Қарабұлақта – 3, Көлкентте - 2, Арыста - 1 блок-бекет орнатылды. Блок-бекеттердегі жұмыс қарқынын күшейтуге ауыл округі әкімдігі, аудандық прокуратура, полиция басқармасы, жергілікті полиция, кірістер басқармасы, «ветеринариялық қызметі» ШЖҚ КММ, ҚР АШМ қалалық аумақтық Сайрам аудандық инспекциясының қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен қатар, төлқұжаты жоқ ауыл шаруашылық жануарларын уақытша ұстау мақсатында арнайы «оқшаулау орындары» белгіленіп, жауаптылар бекітілді.

Жиынға жұмысшы топ өкілдері, аудан әкімі және әкімдік мамандары, құқық қорғау органдары қызметкерлері қатысты. Кездесу ашық байланыс форматында өткізілді. Мұнда мал шаруашылығына қатысты қордаланған проблемалар мен ұсыныстар айтылды. Блок-бекеттерге құзырлы орган мен патрульдік полиция қызметкерлерінің (экипаж) санын көбейту мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, 6 блок-бекетке 24 сағат бойы патрульдік полиция қызметкерлерінің 6 экипажы, 2 арнайы оқшаулау орнына 2 эпипажы және 1 эпипаж оқшаулау орнына дейінгі сүйемелдеу мақсатында қажеттілік туындауда.

— Сайрам ауданы — халқы тығыз орналасқан, өңіріміздегі ауыл шаруашылығы өркендеген, қажетті азық-түлікпен жұртшылықты қамтып отырған бірден-бір аудан болып саналады. Ет өнімдерін тек ел аумағында емес, шетелдерге экспорттауда аты танымал. Мал басын бордақылаудан да облыс бойынша алдыңғы қатардан орын алады. Жергілікті тұрғындардың негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Сондықтан біз бұл саланы дамыту бағытында бірқатар жобаларды қолға алуымыз қажет. Біздің басты мақсатымыз — мал ұрлығын болдырмаудың алдын алу, малдарды сырғалау бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, заңсыз жұмыс істеп жатқан мал сою бекеттерінің жұмысын тоқтату. Осындай жұмыстардың нәтижесінде тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз ет өнімін жеткізу мәселесі жолға қойылатын болады. Жұмысшы топ өкілдері ведомствоаралық комиссияның келісімімен бекітілген алгоритм негізінде заң аясында жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Сондықтан сала өкілдерін жаңа бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамын, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Сондай-ақ, басқосу барысында Сайрам ауданы аумағындағы заңсыз құрылыстарды зерделеуге қатысты сөз қозғалды. Алдағы уақытта аталған мәселені оңтайлы шешу жолдары қолға алынады. Жер учаскелерін заңсыз иелену мен өз бетінше құрылыс жүргізу деректерінің нақты санын анықтап, елдімекен шегіндегі инфрақұрылыммен қамтылған бос жерлерді жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кезекте тұрган азаматтарға беру маселесі пысықталды. Б.Тәжібаев мемлекет меншігіндегі жерлерді заңсыз иемдену және заңсыз құрылыс жүргізу фактілеріне жол бермеу максатында заңсыз іс-әрекеттердің құқықтық салдары және қарастырылған жауапкершілік туралы халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 19 рет