Бейсенбі, 24 Қазан 2024 15:51

Шымкент: Қаратау ауданында инфрақұрылымды дамыту көрсеткіштері артып келеді

Қаратау ауданы — Шымкент қаласындағы ірі аудандардың бірі, оның жалпы аумағы 19 500 гектарды құрайды, ал халық саны 220 мыңға жуық. Аудан құрамында 18 елді мекен мен 595 көше бар, сондай-ақ 12 демалыс орны тұрғындарға қызмет көрсетеді. Аудан әкімдігі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, өзіне жүктелген 24 функцияны орындап келеді. Бұл туралы бүгін Қаратау ауданының әкімі Мүлкеманов Рахымберді Жанысбекұлы брифинг барысында баяндады. 

Рахымберді Жанысбекұлының айтуынша, аудандағы тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі қазіргі таңда 98%-ды құрайды. Дегенмен, Сайрам, Қызылсу тұрғын алаптары және Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумақтарында сумен қамтамасыз ету жүйесі әлі де жетілдіруді қажет етеді. 2023 жылы аталған елді мекендерде су жүйелерінің құрылысы басталып, жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ауыз сумен қамту көрсеткіші 100%-ға дейін жеткізілмек.

Электр жарығымен қамту деңгейі 98%-ды құрайды. Қазіргі уақытта Бозарық саяжайы мен Сайрам тұрғын алабының жаңақұрылыс аймақтарын электр желісімен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалардың аяқталуымен электр жарығымен қамту көрсеткіші де 100%-ға жетеді деп күтілуде.

Аудандағы инфрақұрылымды дамыту шаралары тұрақты түрде жүргізіліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Ауданда қазіргі уақытта электр желілеріне қосу, яғни абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабы мен Қайтпас шағынауданының жаңақұрылыс аумақтарына да электр желілері тартылуда. Жоспарланған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, Қаратау ауданындағы электрмен қамту көрсеткіші 100%-ға жетіп, барлық тұрғындар үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Рахымберді Жанысбекұлының айтуынша, табиғи газбен қамту мәселесі де аудан үшін өзекті болып тұр. Қазіргі таңда Қаратау ауданы бойынша газбен қамту көрсеткіші 96%-ды құрайды. Алайда, Тассай, Бозарық, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе және Мирас сияқты елді мекендердің жаңақұрылыс аумақтарында газ желілері әлі де тартылуды қажет етеді. Осы бағытта Тассай және Бозарықтағы газ құбырларын тарту жұмыстары 2024 жылдың IV тоқсанына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша табиғи газбен қамту деңгейі 98%-ға дейін көтеріледі.

Қалған елді мекендердің жаңақұрылыс аумақтарын газбен қамтамасыз ету 2025 жылға дейінгі жоспарға енгізілген. Бұл шаралар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

 

Оқылды 51 рет