Душанбеде өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында біздің спортшымыз қола медальға ие болған еді. Бұл Талғаттың жастар арасындағы әлемдік деңгейдегі үшінші медалі болып отыр.
Кездесуде қала әкімі жергілікті спортшылардың жетістіктері қаламыздағы спортқа құмар жастар үшін де өте маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, балаларды ерте жастан спортқа қызықтырып, жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулу қажеттігін айтқан қала басшысы, «біз үшін өскелең ұрпақтың алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге ұмтылуын қамтамасыз ететін сабақтастықты дамыту және сақтау маңызды»-деді.
Қазіргі таңда Шымкентте барлық спорт түрі белсенді түрде дамып келеді. Тынымсыз жаттығулардың нәтижесінде спортшыларымыз жақсы жетістіктерге жетіп, Шымкенттің спорттық беделін арттыруда.
«Алдағы уақытта өз тарапымыздан спортшыларымызды қолдауды жалғастыра отырып, бұқаралық спортпен айналысуға жағдай жасаймыз. Сонымен қатар қаланың спорттық инфрақұрылымын жақсартатын боламыз»-деген қала әкімі жүлдегер мен оның жаттықтырушысын құттықтап, алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етті.
Талғат Орынбасар әлем чемпионатында 60 келі салмақта белдесіп, үшінші орыннан көрінді. Жерлесіміз ширек финалға дейін жетіп, қола жүлде үшін Әзербайжаннан келген Низами Имрановпен болған белдесуде жеңіске жетті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан ол осы жарыс барысында барлығы 5 кездесу өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтады. Ол іріктеу кезеңінде Матья Жеремик (Сербия), Адис Орозмаматовты (Қырғызстан) жеңді. Ширек финалда тәжікстандық қарсыласына есе жібергенімен, жұбаныш белдесуінде Винчензо Манферлоттиді (Италия) жеңіп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алған болатын. Аталған салмақ дәрежесінде жапониялық Ямато Фукуда жеңімпаз атанды. Тәжікстандық Лойқ Кудбудинов күміске, Талғат Орынбасар мен өзбекстандық Муродил Муродиллаев қола жүлдеге ие болды. Осылайша, отандасымыз Талғат Орынбасар 2023 жылғы жетістігін қайталады. Бұл – жасөспірімдер және жастар арасында Талғаттың әлемдік деңгейдегі үшінші жүлдесі.
Талғат Орынбасар өзі қатысқан соңғы үш жылдағы әлем чемпионатының үшеуінде де қола жүлдеге қол жеткізді. 2022 жылы жасөспірімдер арасында, 2023 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған.
Айта кетерлігі, Тәжікстан астанасы Душанбеде дзюдодан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Әлем чемпионатына 67 елден 531 жас татами шебері қатысты.
Дзюдо - төрткүл дүниеге кең таралған жекпе-жек түрі екенін бәріміз білеміз. Бір ғажабы, Күншығыс елінің балуандары жарты ғасырдан астам уақыттан бері көш тізгінін ешкімге берген жоқ.
Дзюдо Қазақ еліне 1972-1973 жылдары келді. 1993 жылдан бастап Қазақстанның дзюдо федерациясы Азия дзюдо одағының құрамына еніп, Қазақстанда және жалпы Азияда дзюдоның дамуында жаңа кезеңді бастады. Қазақстандық дзюдошылар тәуелсіздік алған жылдар ішінде Жазғы Олимпиада ойындарына 6 рет, Әлем чемпионаттарына 8 рет, Азия чемпионаттарына 18 рет және Азия ойындарына 6 рет қатысты. Жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің дзюдошылары 3 медаль жеңіп алды. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада Асхат Жіткеев (100 келі) күміс жүлдегер атанды. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Елдос Сметов (60 келі) пен Галбадрах Отгонцэцэг (48 келі) команда қоржынына тағы екі медаль қосты: күміс және қола.