Сейсенбі, 29 Қазан 2024 20:25

Аппарат мәжілісі: Өзекті мәселелерді дер кезінде шешу ескертілді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева отбасының цифрлық картасын қалыптастырудың ағымдағы мәселелері туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу туралы айтылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан арнайы «Отбасының цифрлық картасы» дерекқоры әзірленген. Аталған дерекқорда отбасылардың әлеуметтік жағдайын 5 санатқа бөлген. Атап айтқанда:

А санатындағы – әлеуметтік жағдайы жақсы 3,9%;

В санатындағы- әлеуметтік жағдайы қанағаттанарлық 39,5%;

С санатындағы- әлеуметтік жағдайы төмен 32,3%;

Д санатындағы- әлеуметтік жағдайы дағдарыс 20,6%;

Е санатындағы- әлеуметтік жағдайы мүшкіл 3,7%.

Министрліктің тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін Д және Е санатындағы азаматтардың үлесін 5% төмендету немесе Шымкент қаласы бойынша 79 850 отбасыға жеткізу жоспарлаған. Отбасылық цифрлық картаның мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру.

Жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Е.Есқараев атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді және қалаға бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу туралы баяндады. Қала бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 18,7 пайызға артып, 779,2 млрд теңгені құрады. Бюджеттің 51 пайызынан астамы әлеуметтік салаға бағытталған.

Өңірдегі халықтың табысын арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданып, республикада алғашқылардың бірі болып 15 мыңға жуық бюджеттік қызметкерлердің жалақыларына қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалды.

Мемлекет басшысының бастамасымен Халық қатысатын бюджет жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы бұл бағытта 228 жобаға 5,8 млрд теңге қаралды. 2024 жылдың 9 айының қорытындысымен қаланың барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамикалық өсім қалыптасты. Атап айтқанда тұрғын үй алаңы 38,8, құрылыс жұмыстары 30,6, көлік қызметі 26,8, сауда көлемі 16,9, инвестиция 10,1, өнеркәсіп өнімі 2,0 пайызға артты.

Сонымен қатар, қала басшысы мәжілісте жылу беру маусымының басталуына байланысты жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жұмысты ширатып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді ескертті.

 

Оқылды 22 рет