Жексенбі, 11 Қараша 2018 17:18

Түркістан облысында тұрақтандыру қорына 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді

Оған арзандатылған бағамен 19 түрлі азық-түлік өнімдері сатып алынған. Мамандардың айтуынша, биыл облыста азық-түлік бағасы қымбаттамайды. Өйткені қажетті тауардың барлығы жеткілікті. 

Мәселен, 4,5 мың тонна картоп, 1200 тонна пияз, 1 мың тонна сәбіз қоры бар. Мамандардың айтуынша, өңір халқына қажетті азық-түліктің барлығы жеткілікті. Сондықтан биыл  облыста азық-түлік бағасы қымбаттамайды.

«Қазіргі таңда мың тонна ұн, мың тонна шекер, 70 тонна күріш,  50 тонна күнбағыс майын  сатып алып жатырмыз. Одан бөлек 190 тонна ет өнімі бар, тауық еті бар, осыларды сатып алуды жоспарлап отырмыз. Осындай көлеммен біз Шымкент қаласын қамтамасыз етіп келдік, Түркістан қаласы халқының саны әлде қайда аз, сондықтан біз алған тауарлар жеткілікті деп сенеміз» дейді Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация төрағасының орынбасарыМаратбек Мырзамұратов.

Дәл қазіргі уақытта өңірдегі қоймаларға мыңдаған тонна азық-түлік түрлері жеткізілген. Бүгінде Түркістан қаласында 4 жерде тұрақтандыру қорының тауарлары арзандатылған бағамен сатылып жатыр. Сонымен қатарқор басшылары шаһардағы ірі сауда орындарының иелерімен де келісімшарт жасасқан. Енді қажетті азық-түлік өнімдері әлеуметтік дүкендерде де сатылымға шығарылады.

Айта өтейік, биыл Түркістан облысының 16 аудан-қаласының барлығында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 35 жәрмеңкесі өткізілді. Осы шаралардың аясында 332 млн. теңгенің 2208 тонна өнімі нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін төмен сатылды. Сондай-ақ биыл Астананың 20 жылдығына орай Түркістан облысы тауар өндірушілерінің 4 рет жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 90-ға жуық тауар өндіруші қатысып, құны 826 млн. теңге болатын 1753 тонна өнім саудаланған.

Бұл ретте «Түркістан облысы биыл 2,7 млн. жеміс-жидек жинап, ректордтық көрсеткішке қол жеткізді. Оның 500 мың тоннасын Ресей, Беларусь, Литва, Германия мемлекеттеріне экспорттаса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Ет экспорты 4,6 тоннаға жетіп, республикадағы үлес 52 пайызды құрады» дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасарыНұржігіт Мырзахметов.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 886 рет