Сейсенбі, 22 Шілде 2025 12:11

Шымкентте ЮНИСЕФ-тің волонтерлер мектебі ашылды

2025 жылғы 22 шілдеде Шымкент қаласында жастар үшін маңызды әлеуметтік бастама – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырған Волонтерлер мектебі ресми түрде ашылды. Бұл жоба «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты кездесу сериясының алғашқы шарасы аясында жүзеге асып отыр.

Аталған бастама өңірдегі әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсене араласуға ынталы 500-ден астам ерікті жасты біріктіріп, волонтерлік қозғалыстың дамуына серпін беруді көздейді.

Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айдын Кәрімов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл қатысып, жастарға құттықтау сөздерін арнады.

Айдын Кәрімов өз сөзінде жастардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігіне тоқталып, еріктілік – тек көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар тұлғалық және қоғамдық дамуға бастайтын маңызды қадам екенін атап өтті:

«Қоғамда белсенді, жанашыр, өз болашағына бейжай қарамайтын жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Волонтерлік – бұл сана-сезім, жауапкершілік пен азаматтық борыш. ЮНИСЕФ бастамасы жастардың бойындағы осы қасиеттерді ашуға сеп болады», – деді ол.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл де жастардың әлеуетін арттыру мен олардың қоғамға белсенді қатысуына ықпал етудің маңыздылығын атап өтті:

«Балалар мен жастардың құқықтарын қорғау – біздің ортақ мақсатымыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінде ашылып жатқан Волонтерлер мектептері жастардың өз дауысын естіртуіне және нақты әрекетке көшуіне жол ашады. Шымкенттегі бұл кездесу – сол жолдағы сенімді қадам», – деді ол.

Өз кезегінде Ғани Бесбаев жастар бастамалары мен еріктілік қызметін жоғары оқу орындарының тәрбиелік жүйесімен ұштастырудың маңызын атап өтіп, университет тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.

Оқылды 88 рет