«Қазығұртқұнар қаламгер» атты кештің арнайы қонағы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақтың көрнекті ақыны, публицист, филология ғылымдарының кандитаты Бақыт Беделхан. Ал әдеби жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сирдаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Сайлаухан Жоланов жүргізді.
Салтанатты жиынды Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов ашып беріп, жүрекжарды тілегін білдірді. Кеш кейіпкерлеріне толағай табыс тілеп, құрмет көрсетті. Поэтикалық композициямен басталған кеш жырға ұласты. Ақынмен еркін сұхбат барысында сырлар ақтарылды. Ақынға деген құрмет, жырсүйер қауымның ықыласы мен ыстық ілтипаты рухани кездесудің алтын арқауына айналды.
Шара барысында зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер ақынға арнау өлеңдерін оқып, әдебиетке жанашыр жандар ақ тілегін жеткізді. ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева мен белгілі сазгер, ғалым, журналист Бекжігіт Сердәлі, облыстық кітапхананың директоры Жанат Шардарбекова және ауданның қариялары мен ақынның үзеңгілес достары ақынға деген ақ жарма тілегін білдіріп, шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
Сахна төрінде аудан өнерпаздары өлең оқып, мың бұрала би биледі. Сонымен қатар әннен шашу шашылды. Қазақ поэзиясына өзіндік үн қосқан қаламгер қуанышын жасырмады. Бір сәт асық атудан сайыс өткізді. Кітапханашылар саябақ ішін ерекше сәнге бөлеп, түрлі көрмелермен безендірді.
Айта кетейік, мазмұнды шараны «Түнгі кітапхана» жобасы аясында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Қазығұрт орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған. Алдағы уақытта Түркістанның таңдаулы туындылары Бәйдібек, Шардара және Мақтаарал ауданында жалғасады деп жоспарлануда.