Жұма, 12 Шілде 2019 21:47

Түркістан облысы: Қазығұрт ауданындағы үш ауылға су құбыры тартылуда

Қазығұрт ауданындағы елді мекендерді сапалы таза ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірде «Таза ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында қыруар шаруалар атқарылып жатыр. Талай жыл құдық суын пайдаланып келген тұрғындардың осылайша әлеуметтік мәселелері оң шешімін табатын болды.

Биыл Қазығұрттағы 3 ауыл құбырдан аққан таза ауыз суға қол жеткізеді. Шарапхана, Қарабау,  Жұмысшы ауылдарындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, аудан бойынша 64 елді мекендегі 101 мың  тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстары басталғалы ауданның 30-ға жуық азаматы тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жұмысшы ауылындағы  ауыз су құбырының құрылыс жұмыстарына мемлекеттен 127 млн теңге бөлінген. Жерасты суын тартатын ұңғыма қазылып, ауыл көшелеріне  құбыр тартылды. Бұл істі «Ақ жол ЛТД» ЖШС қолға алған. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.

Қазіргі таңда жұмыс аяқталуға жақын. Тағы екі аптаның ішінде жұмыс бітіп, ауылға су береміз. Ал, пробалық суды беріп жатырмыз шетінен. Айдың соңына таман ауыл 100% ауыз сумен қамтыладыдейді «Ақ жол ЛТД» ЖШС учаске басшысы Мұхамеджан Отарбаев. Өткен жылы аудандағы 11 елдімекенге ауыз су берілді.  2019-2024 жылдар аралығында аудан халқының 99,8 пайызы таза ауыз сумен қамтылады деген жоспар бар.  

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 564 рет