Сейсенбі, 06 Тамыз 2019 22:03

Түркістан облысы: сенаторлар Арыс қаласына арнайы сапармен келіп, құрылыс барысымен танысты

Бүгін Арыс қаласына арнайы жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев келді. Осы сапары кезінде сенаторлар қалада жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының тынысымен танысып, тұрғындармен кездесті.

Жүздесу барысында халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, Арыс қаласын қалпына келтіру үшін үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қаланың хал-ахуалымен танысу үшін келген топ жұмыс сапарын әлеуметтік нысандарды аралаудан бастады. Алдымен «1-Арыс» теміржол вокзалында болды. Жарылыс кезінде айтарлықтай зардап шеккен нысанда қазір негізгі жұмыстар аяқталған. Бұйыртса 1-2 аптада пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, қазір қалалық орталық ауруханада да жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Арысқа атбасын бұрған сенаторлар сол нысанда да болды.

Ал, Арыс қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда халық қалаулылары тұрғындардың жоғалған құжаттарын қайта рәсімдеу, мемлекеттік жеңілдіктері алу үшін құжат тапсыру сынды жұмыстардың барысымен танысты. «Біз Арысқа 1,5 ай алдын келген болатынбыз ол кездегі жағдаймен қазіргі жағдай жермен көктей. Мен ол үшін жұмыла жұмыс істеген барлық қазақстандықтарға алғыс айтамын. Енді әлеуметтік нысандар осы айда аяқталуы тиіс өйткені балдар мектепке барады, халық тиісті емдерін алуы керек» - деді Әли Бектаев

Биыл Парламенттің жоғарғы палатасында  84 заң жобасы қаралып 83-і қабылданған. Оның екеуінде конституциялық заңдарға түзету енгізілсе, 24 жағдайда қолданыстағы заңнамалар өзгерген. Бұл туралы сенаторлар облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары мен болған кездесуде айтты. «Экономикалық блокты күшейту мақсатында келесі заңдар қабылданды. Стандарттау саласында субьектілерді олардың нақты стандарттау принциптерін, қызметіменен құзіретіндегі қарым-қатнастарын біртұтастау туралы стандарттау заңы қабылданды» - дейді сенатор Әлімжан Құртаев. Сондай-ақ, осы сапары кезінде сенаторлар жеке тұрғын үйлерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен де танысып, мердігер мекемелерге жұмысты тез әрі сапалы етіп аяқтау туралы тапсырма берді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 570 рет