Сейсенбі, 01 Қазан 2024 17:27

Шымкент жылыту маусымына дайындық: өрт қауіпсіздігі айлығы қорытындыланды

Шымкентте 2024-2025 жылғы жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында «Өрт қауіпсіздік айлығы» өткізілді. Бұл шара тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ұйымдастырылып, өрт қаупін азайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл туралы бүгін Өңірліу коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі - Ережепова Эльмира Уалиханқызы баяндады.

 

Өткен маусымда, 2023-2024 жылдары, қатты отын пайдаланғанда улы газбен уланудың 5 жағдайы тіркеліп, 4 адамның өмірі қиылды. Бұл көрсеткіш 2022-2023 жылдармен салыстырғанда 44%-ға төмендегенімен, жарақат алғандардың саны артты. Осыған байланысты, жергілікті билік тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жаңа жылыту маусымы алдында сақтық шараларын қайта қарады.

8 тамызда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А. Кәрімов «2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына арналған өрт профилактикалық жұмыс» жоспарын бекітті. 16 тамызда өткен қаладағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында құзырлы органдарға нақты тапсырмалар беріліп, шаралар хаттамаға енгізілді.

Эльмира Ережепованың айтуынша, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 3500 үйге аралау жүргізіліп, 7 мыңнан астам адам қамтылған. Оқу орындарында 1000 оқушыға арналған 34 интерактивті сабақ өткізілген. Әлеуметтік жағдайы төмен 2222 отбасыға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 3541 адамға арнайы жадынама парақшалары таратылған. Бұл отбасылардың үйлеріне қайта аралау жұмыстары да жалғасуда.

Әлеуметтік осал топтардың қауіпсіздігін арттыру үшін 81 үйге газ анықтағыш құрылғылар орнатылған. Қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерлер арасында меморандумдар түзіліп, 125 газ анықтағыш құрылғы сатып алынды. Барлық осал топтарды газ анықтағыш құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында меморандумдарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, тұрғындарға апта сайын улы газбен уланудың алдын алу бойынша СМС-хабарламалар жіберіліп отырады.

 

Оқылды 112 рет