Сейсенбі, 21 Сәуір 2020 16:18

Шымкент: Коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге кімдерге беріледі?

Карантинге жабылған өңір тұрғындарына коммуналдық төлемдер үшін 15 мың теңгеден беріледі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді. 

Ескеретін жайт, аталмыш көмекті алу үшін коммуналдық қызметті жеткізушілер мен тұтынушылар арасында келісімшарт болуы міндетті. 15 мың теңге қолға берілмейді. Оның тізімін жергілікті әкімдіктер тұтынушылардың дербес шоттарына аталған соманы жіберіп отырады. Әзірге бұл төлем 2 ай, тек карантин енгізілген өңірлерде ғана жүзеге асады.

«Төлемді қалай алуға болады? Төлемді алу үшін тұтынушы ақпараттық жүйелер немесе call-орталық арқылы жеке сәйкестіндіру нөмірін (ЖСН), әлеуметтік дәрежесін және дербес шот деректерін көрсете отырып, әкімдікке өтінім беруі керек. Әкімдік ұсынылған деректерді тексереді, мәліметтер рас болған жағдайда коммуналдық қызметтер тұтынушысының дербес (абоненттік) шотына қаржы аударады. Әкімдік тұтынушылардан өтінімдерді қабылдау және олардың растығын тексеруді дұрыстап ұйымдастыруы тиіс» - дейді Мақсұт Исахов.

Төлемді мына азаматтар ала алады: 1, 2, 3-ші топ мүгедектері; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көпбалалы отбасылар; Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары; төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер де бар.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 335 рет