Жұма, 01 Мамыр 2020 18:06

Түркістанда ерекше әдемі аллея пайдалануға беріледі

Осы бір қиын кезеңде қаламызда құрылыс жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, жұмысшылар тынымсыз еңбек етуде. Осылардың ішінде атаулы құрылыстардың бірегейі саналатын теміржол вокзалы алдында бой көтеретін аллея жұмысы.

Қалаға келуші қонақтар мен тұрғындар үшін тамаша демалыс орнына айналып, өзіндік ерекшеліктерімен көз сүйсіндіретін жобаның аяқталуына аз қалған. Бірден көп көңілінен шығарына, шаһар аумағындағы көрікті жерлердің бірі боларына сенім мол. Бұлай деуіміздің өзіндік себептері жетерлік. Атап айтар болсақ, бұл жерде ерекше субұрқақ іске қосылады. Мұнда шеңбер формасында алты жерден арка орнатылған. Сол орнатылған аркалардың жоғарғы жағынан суды бу түрінде шашатын қондырғы қойылған. Келушілер осы арканың астынан өткенде немесе отырып демалғанда қоңырсалқын леп сыйлайды да, аптап ыстықтан қорғап тұрады.

Бұл жерде барлық жағдай қарастырылған. Әр арканың ішіне екі орындық, екі қоқыс жәшіктен орнатылған. Арка сайын монумент жағы алдынан жарықтардың көмегімен алуан түрлі түс шығарып, аспанға атылып тұратын субұрқақтар салынған.

Аллеяның ішкі, сыртқы жақтарына аяқжол тастары жасалып, жарық көздері орнатылған. Шыршалар егіліп көгалдандыру жұмыстары да тыңғылықты орындалған. Кіші архитектуралық пішіндер қоюды да тамаша жоспарлаған. Ал вокзалдың оң және сол қанаттары көлік тұрағына айналып, гүлдермен көмкерілмек.

Айта кетейік, қаланың бас қақпасы болған теміржол вокзалы қонақтардың алғаш аяқ басатын жері. Облыс орталығына келетіндер осы орынға жіті назар аударып, өзінше сын көзбен баға беретіні анық. Осы тектес мәселелерді ескере отырып және қаланың дамуы аясында вокзалдың айналасына жөндеу жүргізілсе, ішкі жүйесі де заманауи талаптарға сай жұмыс жасауды қолға алған. Мердігер мекеме тарапының айтуы бойынша, жұмыстардың көбі бітіп, азы қалған. Мамыр айының алғашқы онкүндігінде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 360 рет