Жұма, 01 Мамыр 2020 18:26

Түркістан: Азық-түлік бағасына және блок-бекеттерде тәртіптің сақталуына мониторингтік бақылау жүргізілді

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйытқы болуымен облыс орталығында баға тұрақтылығы мен блок-бекеттерде тәртіптің сақталуына мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков және аталмыш партиялық бақылау комиссиясының мүшелері бастаған жұмысшы топ қаладағы бірнеше әмбебап дүкендерде болып, азық-түлік бағасының тұрақтылығына назар аударды.

Жұмысшы топ мүшелері «Шапағат» және «Дастархан» секілді қала орталығындағы негізгі азық-түлік супермаркеттерін аралады. Рейд барысында тұрмысқа қажеттілігі маңызды тауарлар бекітілген баға көрсеткішімен салыстырылып,  кәсіпкерлерге нарық бағасының негізсіз көтірілмеуі қадағалануы шарт екендігі ескертілді.

 Қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Гүлжамал Даханованың айтуынша, баға тұрақтылығы бойынша тиісті мамандар тұрақты түрде талдау жұмыстарын жүзеге асырып отыр. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты бақылау жұмысы күшейтіліп, кәсіпкерлерге түсіндіру шаралары күнделікті  өз деңгейінде атқарылуда.

Сондай-ақ «Түркістан-Кентау» тас жолы бойындағы блок-бекетте болған жұмысшы топ азаматтардың қалааралық бағыттағы қатынас жасауына және көктемнің бір күнін жылға азық санайтын ауыл шаруаларының бекеттерден талаптарды сақтай отырып, кедергісіз өтулеріне назар аударды. Тәртіп сақшыларымен тілдескен арнайы топ тұрғындардың рұқсат қағазы болып, сақтық  шараларын сақтау кажеттігін ескеруге шақырды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 368 рет