Сенбі, 02 Мамыр 2020 14:38

Мақтааралдағы су тасқыны: Зардап шеккендерге көмектесу үшін жедел желі іске қосылды

Жеңіс және Жаңа тұрмыс елді мекендерін су басуына байланысты 2 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Түркістан облысындағы қазіргі жағдайды бағалау үшін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков және Ұлттық ұлан қолбасшысының орынбасары Арлен Бүркітбаев әуемен ұшып өтті.

«Мақтаарал ауданындағы Фердоуси және Нұрлы жол елді мекендеріне су басу қаупі төніп тұрғандықтан 3 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Эвакуацияланған тұрғындар Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде орналасқан 9 эвакуациялау және қабылдау пунктеріне орналастырылды» делінген баспасөз хабарламасында.

ТЖК жедел штабы және Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті эвакуация жолдарының орналасуын және зардап шеккен халықты қабылдау пунктілерінің орналасуын анықтауда. Республикалық жедел штабтың басшысы - ТЖК басшысы Владимир Беккер.

«Төтенше жағдайдағы құтқару жұмыстарына Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті, Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, аудандық полиция бөлімі және жергілікті атқарушы органдардан 635 адам мен 60 техника жұмылдырылды. Жедел желі телефондары: 8-7253-34-06-50, 8-7254-12-22-25» делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, «Казгидромет» РМК болжамы бойынша, 2-6 мамыр аралығында Түркістан облысында жауын-шашын жауады. Кей жерде оның көлемі 25 мм-ға дейін жетуі мүмкін, сондықтан облыстағы таулы аймақтарда су деңгейі көтерілуі ықтимал.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.


 

 

Оқылды 354 рет