Гуманитарлық жүк артылған көлік бүгін Петропавлдан Түркістан облысына бет алды. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер топан су басқан елді мекен тұрғындарына бірінші кезекте қажет азық-түлікті артып жіберді. Гуманитарлық көмек 2 мың 200 шақырымды артқа тастап екі тәуліктен кейін жетеді.
«СҚО атынан «DEZ» ЖШС өнімі - 12,5 тонна 1 сортты ұн, 1,5 тонна жоғары сортты ұн арттық. Сондай-ақ «Солтүстік» ӘКК 5 тонна картоп және «Сұлтан» компаниясы 1 тонна макарон өнімдерін берді. Бұл жүк зардап шеккен тұрғындарға демеу болады деп сенеміз», - дейді «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бөлім басшысы Асқар Кучуков.
«Jas Otan» жастар қанаты өкілдері жүкті артуға және жіберуге көмектесті.
«Осындай қиын кезде бәріміз біріксек, қандай болсын қиындықты жеңіп шығамыз. Судан зардап шеккен бауырларымыз бұл ауыртпалықты ойдағыдай өткереді деп ойлаймын. Өңірдің кәсіпкерлері шетте қалмай, көмек қолдарын созып жатыр», - дейді «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Біржан Құдайбергенов.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.