Түркістан облысында мас халде көлік басқарған ер азаматқа қатысты сот үкімі шықты

Төлеби ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері қызметтік міндетін атқару кезінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады. Яғни полицейлер Төлеби ауданы Адыраспан көшелерінің бірінен түнгі сағат 00:30 шамасында «Ваз-2106» маркалы автокөлігінің жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатты. Тексеру кезінде полицейлер, жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Аталған жайтты нақтылау үшін, медициналық сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы бойынша автокөлік жүргізушісінің мас халде екені белгілі болды.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Жинақталған іс-құжаттар Төлеби аудандық сотына жолданды. Нәтижесінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік айыптұраққа қойылды.

Түркістан облысының полицейлері көлік басқару құқығы жоқ жүргізушілерге көлік айдамауға кеңес береді.

Түркістан полицейлері тұрғынның жоғалған сиырларын тауып, алғыс алды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, көмектесулерін сұрайды. Оның айтуынша, Қосмезгіл ауылына қарасты 2 шақырым жердегі мал жайылымында жүрген оның 2 бас сиыры түнгі уақытта белгісіз жағдайда жоқ болған. Аяқ асты жоғалған сиырларын табу үшін мал иесі, полицейлерден көмек сұрады.

Аталған ақпаратты алысымен саурандық тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Осы аймақтың тау-тасын жақсы білетін полицейлер, айналаны толық шолып шығып, жоғалған ірі қара малдарды табуға бағытталған барлық қажетті жұмыстарды атқарды. Нәтижесінде, жоғалған сиырлар 10 шақырым жердегі егістік алқаптан табылып, егесіне қайтарылды.

Осы орайда малдарының аман-есен табылғанына қуанған мал егесі полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді: «Түнгі уақытта сиырларымды жоғалтып алдым. Өз бетімше іздеп таба алмадым. Содан соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Олар барлық күшті жұмылдырып, малдарымды тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақмет!».

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғындарға, мал иелеріне төрт түлікті мүлдем қараусыз қалдырмау керектігін айтады.

ТҮРКІСТАНДА ҰСТАЗДАР АРАСЫНДАҒЫ СПАРТАКИАДА ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы мұғалімдер арасындағы қалалық спартакиада өз мәресіне жетті. Аптаға созылған жарыстың қорытындысы бойынша Ә.Науаи атандағы №13 мектеп-гимназиясының ұстаздары жалпыкомандалық есепте спорттық бәсекенің жеңімпазы атанды. ІІ орынға Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы қол жеткізсе, Р.Исетов атындағы №20 мектеп ұжымы ІІІ орынға табан тіреді.

Жарыстың жабылу салтанатына арналған қорытынды кешке арнайы қатысқан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова мен қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлмира Турежанова жүлдегерлерді марапаттады. Сонымен қатар сайыс жеңімпаздарына ауыспалы кубокті табыстады.

– Барлығыңыз спартакиадада белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсеттіңіздер. Ұстаздар күні мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге шығармашылық табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін. Араларыңызда ерекше көзге түскен, үздіктерден құралған команда облыстық спартакиадаға қатысады. Рухани астанамыздың мерейін үстем етіп, жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдемін, – деді Оразкүл Шайхықызы.

Еске салсақ, спорттық додаға шаһардағы мектептерден жасақталған 32 команда қатысқан болатын. Нақтырақ айтқанда, түркістандық 500-ге жуық ұстаз – үстел теннисі, волейбол (ерлер және әйелдер), шахмат, кіші футболдан сынға түсті.

ШЫМКЕНТТЕГІ ӨРТ ДЕПОСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ

Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталығында 4 автомобильге арналған өрт сөндіру депосы мен қосымша ғимарат құрылыс жұмыстары жалғасуда.  Жер телімінің жалпы ауданы 1,2 га.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов нысанға арнайы барып, жұмыс барысын тексерді. Тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына сапаны қадағалай отырып, ғимараттың мерзімінен кешіктірілмей берілуін тапсырды.

Құрылыс жұмыстары биыл басталған болатын. Жоспарға сәйкес ғимарат құрылысы келесі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, Шымкент қаласының құрылыс басқармасы 2022 жылы бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд. теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізуде. Оның ішінде, 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынуда.Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым бойынша «Тұран» шағынауданында 5 жоба, «Бозарық» шағынауданында 6 жоба, «ӘІО» 2 жоба және «Жанаталап» тұрғыналабында 2 жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, 8 мектеп құрылысы, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарлануда. Айта кетейік, 2022 жылы 500 азаматқа 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаты беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 миллион теңгеден аспайды. Әлеуметтік көмек қайтарымсыз негізде беріледі. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде«2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны.

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ БОЗАРЫҚТАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҰМЫСТАРЫН ТЕКСЕРДІ

Қаратау ауданына қарасты «Бозарық» шағын ауданында бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы бітіп, инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов нысан басына арнайы барып, бұған дейін берілген ескертпелердің түзетілгеніне көз жеткізді.

Мұнда 1,4 шқ электр желісі, 1,2 шқ газ, 1,3 шқ ауыз су құбырлары, 0,8 шқ кәріз жүйесі тартылуда. Қазірге дейін барлық жұмыстардың 30% орындалды. Келесі жылы ауыз мен көгілдір отын тарту жұмысы толық аяқталады.

Сонымен қатар 2020 жылы басталған жолдардың құрылысы 50%-ға салынып, қалған жартысы келесі жылы толығымен бітеді.

Тексеру барысында мердігер мекеме басшыларына жұмыстың сапасы сын көтеретіндей болсын дегенді қайталап айтқан қала әкімі М.Әйтенов, жауапты басқарма басшыларынан шаһарда салынып жатқан әрбір нысанның мерзімінен кешіктірілмеуін талап етті.

Сонымен қоса, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталығында 9 қабатты үйлердің құрылыс жұмыстары қарқын алған. Бұған дейін No 9,10,11,12 тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде аяқталмағаны үшін әкімдік тарапынан жауапты мердігер мекемелерге ескертулер беріліп, айыппұл салынған болатын. Бүгінде олқылықтық орны толтырылып, жұмыстар аяқталуға жақын. Қала басшысы аталған орталықтағы бірнеше нысанда құрылыс барысын тексеріп, оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 9 қабатты No 13,14,15,16 тұрғын үйлер құрылысы мен аталған аймақтың солтүстік беткейіндегі 21,5 га жерде бой тіктейтін жаңа көпқабатты үйлердің инженерлік жүйелерін тарту жұмыстарын қадағалап, тапсырманың тиісті мерзімде бітуін талап етті.
Айта кетейік, Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті. Шымкент қалалық құрылыс басқармасы ұсынған ақпараттарға сәйкес, жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысын жүргізу жоспарланған.

ТҮРКІСТАН: МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ

Облыс орталығының медицина саласы дамуына еңбек сіңірген дәрігер - Жаримбетова Зираш Қазыбекқызын еске алуға арналған волейболдан Түркістан қалалық ашық біріншілігі өтті.

Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің "Балуан Шолақ" атындағы спорт кешенінде өткен бәйгеде 12 медицина мекемесі бақ сынасты.

Жарыс нәтижесінде командалық есеп бойынша:

Түркістан облыстық "Жедел жәрдем" қызметі бірінші орын,

Халықаралық Хожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің емханасы екінші орын,

Түркістан қалалық емханасы үшінші орынды иеленді.

Жаримбетов Зираш Қазыбекқызы - 1965 жылы туылған, терапевт дәрігер.

Үш перзенттің анасы. Жиырма жылдан аса уақыт қаланың медицина саласында басшылық қызметте жұмыс істеген.

 

 

ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ САЯБАҚТАР САНЫ АРТАТЫН БОЛДЫ

Шымшаһарда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Мәселен, Шымкент қаласының 11- ші шағын ауданына қарасты жаңа саябақ салынып жатыр. Құрылысы аяқталуға жақын демалыс орнының құрылысын қала әкімі бақылап, тексеріп шықты.

1,600 га аумақты қамтитын саябақта амфитеатр, құрғақ субұрқақ, сыйымдылығы 140 м3 болатын жер асты су сорғысы орнатылды.

Сонымен қоса ересектер мен балаларға арналған демалыс аймағы, шахмат, үстел теннисін ойнауға болатын ойын алаңы, велосипед қойылатын жер, биодәретхана, көше тренажерларының спорт және трансформаторлық қосалқы станциясы, арқан паркі қарастырылған.

Құрылыс ауданы – 87,00 шаршы метр, қатты жабын ауданы – 2302,00 шаршы метр, көгалдандыру ауданы – 7488,00 шаршы метр.

Аталған нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталып, осы кезде жұмыстың 93% аяқталды.

Жоспар бойынша саябақ қараша айының соңына ел игілігіне берілмек.

Тілге тиек етейік, Шымкентте Асанбай Асқаров негізін қалап, ашып кеткен «Дендросаябақ», «Тәуелсіздік», «Жайлаукөл», «Қиял әлемі», «Абай», «Орталық», «Кең баба», «Жеңіс», тағы басқа саябақтар мен «Шәмші гүлзары», зообақ, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Қала орталығында бой көтерген «Арбат» демалыс орны да жастардың бас қосып, шоғырланатын жеріне айналды.

Айтпақшы, қаламызда жасыл желек 5 есеге дейін көбейеді. Бас жоспар бойынша Шымситиде 48 гектар саябақ бар. Саябақтың ортасында салынып жатқан Конгресс хол болады, опера театры салынады. Сондай адамдарды тартатын орынға айналады. Саябақтағы ирригациялық жүйе жақсы қарастырылған. Шымситидегі саябақ тарихта орын алады. Дендросаябаққа дейін созылады. Мұндағы мақсатымыз – қалада бір саябақтан екінші саябаққа дейін жаяу баруға болатындай мүмкіндік жасау. 

ТҮРКІСТАН ОҚУШЫЛАРМЕН ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

 

Түркістан қалалық Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық зомбылықтың, буллинг және кибербуллингтің алдын алу бойынша ата-аналар жиналысы болып өтті.

Маңызды мәселе аясында Түркістан қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Жүсіпбай Мақсат Кенжеханұлы, Түркістан қалалық полиция басқармасының ювеналдық полиция тобының инспекторы, аға лейтенанты Шахаев Алмат Талғатұлы және мектеп инспекторы Г.Аметовалар тақырыптық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Ата-аналарға жасөспірімдер арасында қылмыстық істердің көбею себептері: отбасындағы ақау тәрбие, отбасындағы материалдық әл-ауқаты, жұмыссыздық; баланың бос уақытының шамадан тыс мол болуы; ата-ана тарапынан бақылаусыз қалуы; мінез-құлықтың ауытқушылығы туралы түсіндірілді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубта отыруға, сағат 23:00-ден кейін ата-анасыз беймезгіл көшеде жүрмеуін, үйде болу керектігін айтты.

Мектеп директоры Д.Дийметова балалардың сапалы біліммен қатар саналы тәрбие алуы үшін ұстаздардан бөлек ата-ананың да орны мен рөлі айрықша екеніне тоқталды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, дана халқымыз жеке тұлға болып қалыптасуда әрбір жасөспірімдер тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақытын тиімді пайдалана білсе, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуына көп септігін тигізері сөзсіз. Мектептің педагог-психологы С.Мирзаметова «Ата-ана алдындағы бала тәрбиесіне көңіл аудару» тақырыбында түсіндірме жұмыстар мен тренингтер өткізді. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары З.Гафурова мектептің ішкі тәртіп ережесімен таныстырды. Ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде білім сапасын жақсарту жолында, мектеп, ата-ана және оқушы үштік одақ болып жұмыла белсенділік танытса, оң нәтижеге қол жеткізу аса қиынға соқпайды- деп өз сөзін қорытындылады.

 

"ТҮРКІСТАНЫМ - ТҰРАНЫМ" АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

"Ұлы дала елі" орталығында ақын Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығына орай «Түркістаным - Тұраным» қалалық ақындар айтысы өтті. Түркістан қалалық әкімдігінің қолдауымен, Түркістан қалалық "Мәдениет үйінің" ұйымдастыруымен өткен жыр додасына 10 айтыскер ақын 5 жұпты құрап қатысты.

Жас ақындардың өнерін бағалап, әділ төрелігін танытар қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Профессор Құлбек Ергөбек зияткерлік бастауыш мектебінің» құрылтайшыларының бірі – Баян Адырбек, айтыскер ақын, «Өнер» мектебінің директоры Тұрар Тлеулиев болды.

Дүбірлі айтыста ақындар Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығын тақырыпқа арқау етіп, жырдан шашу шашты. Бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарды.

Айтыс нәтижесі бойынша Бас жүлдені "Өнер" мектебінің қатысушысы Мейіржан Жарылқап еншілесе, І орынды Шахмардан Бекарасұлы жеңіп алды. Ал ІІ орынды Исламхан Мұхаметхан иеленсе, ІІІ орынды Ерсайын Диханбай қанжығасына байлады. Жас айтыскерлерге қаржылай сыйақы мен сертификаттар, қала әкімінің Дипломы табыс етілді.

Айтыстың марапаттау рәсімінде Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры Лиза Төлегенқызы сөз алып, жас ақындардың шығармашылығын шыңдап, рухани шаһар Түркістанды жырға қосатын жас ақындарды әрдайым қолдау керектігін айтты.

Түркістан: БӨГДЕ БАҒЫТ БҮЛІККЕ АЛЫП КЕЛЕДІ

Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен "Дін мәселелерін зерттеу орталығы"-ның теолог маманы Дүйсен Асхат және Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу қалалық Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университетінің студенттерімен кездесті.  Кездесуде жат ағымдар, терроризм мен экстремизм жайлы сөз болды. Жат ағымдардың айла-шарғысы, олардын қалай сақтану керек екенін айтты. Дініміз ислам бейбітшілікпен ынтымаққа үндейтін жақсылыққа шақырып ізгілікті насихаттайтын зұлымдықпен жауыздыққа озбырлықты құптамайтын  асыл дін. Сол тыныштықпен бейбітшілік рәмізі болған дініміздің  бірлігіне сына қағатын тура жолдан адастырушы топтар бар екені мәлім. Оларды қазіргі таңда жат ағым, кері ағым, теріс ағым, адасқан ағым деген атаулармен атап жүрміз. Жалпы адамзат баласының азғындықтан сақтана алмай, бір нығмет іспетті болған дінді ұстануда адасулары, діннің атын жамылып өз жолдарына пасық пиғылдарына пайдалануға тырысып бағулары, тарихта бүлік істерімен қан төгістермен есте қалып, фитнашыл бүлікшілдер тізбегін жалғастырып келеді. Саф діннің тұнығын лайлаған діншіл радикалды әрекеттер қоғам тыныштығын бұзып, халықты діннен бездіріп жеккөрінішті етуде. Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз «Дін десе тұра қашты есті азамат», - деп осы жағдайды меңзегендей. Шынайы исламның дәстүрлі бағытын ұстанған ертедегі ата-бабаларымыз өз бата-тілектерінде «діннің апатынан сақта!», - деп тілеп отыратын. Бұл ретте діннің де өз ішінде жоятын апаты (сынағы) болатынын тап басып байқаған. Мысалы айтар болсақ, бір отбасында аға-бауырлардың әртүрлі діни бағыттарға кіріп бірін-бірі сыйламауы, адамгершілік қасиетті өзінің теріс діни танымымен өлшеуі, ата-анасын кәпірге шығару, өзінің бағытына ермегендерді (жаһил) наданға балауы сынды көптеген адасушылық пиғыл әрекеттер т.б. ардақты елші Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) Хазреті Усамадан жеткен мына бір хадисінде: «Бір күні Усама р.а  былай дейді, бір күні Алла Расулымен отырған едім. Сол күні ол Мәдинаның биік үйлерінің төбесіне шығып, айналаға барлай қарап тұрып бір мезет: дәл қазір үйлеріңнің арасында бүліктің нөсердей жауғанын көріп тұрмын,» деді, - деп, Алла елшісі өзінің өмірден өткен соң келеңсіздіктер орын алатынын байқаған болатын. Расында да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын дүниеден өткен кезеңдерден ағымдардың бастау алып, исламда бүлік топтар пайда болып қалыптасқан.Адасқан ағымдардың арасында ажырасу талақ айту, ата-анасын кәпірге шығару, бейіт басына құран оқымау, ас беру рәсіміне қатыспау, құран бағыштауға қарсы болу, дұға қылғанда алақанды жаймау және бет сипамау, сақалды бей-берекетсіз өсіру, балақты қысқарту, намаз оқығанда талтайып тұру, қолын кеудесіне қойып оқу сынды көптеген белгілері бар. Бұл белгілерінің барлығының шығу тегі Құран және сүннет біздің жолымыз деуінде жатыр, өзгелерді ширк бидғатпен айыптайды. Әсілінде құран және сүннетті ғалымдарымыздың түсіндіргеніндей ұстану болатын.Жалпы дін ұғымының ауқымы кең деп білсек, діни білімнің қалыптасуында мазхаб діни мектептердің орны ерекше. Біз ұстанатын діни жол Имам Ағзам Әбу Ханифаның Ханафи мазхабы, өзге үш мазхабтың ішіндегі ең үлкені. Аталмыш мазхабтарда қоғамдық ынтымақтастықты бұзбайтындай және бүлікке себеп болмайтындай қарама-қайшы пікір болса, оны пікір алуандығы рақымшылық деп қабылдаған. Тіпті «Қазы (сот) үкім беретін кезде ижтиһад етеді де дұрыс болғанын таба алса екі сауап, ижтиһадында қателессе бір сауап алады»,  деген. Сол ағымдардың қателіктерінің бірі құлшылық амалдарында «Менікі ғана дұрыс деуінде». Негізінде «Мен тек абзалын ғана ұстап жүрмін» деген ұстанымда болуы керек.Ислам әлемінде сенімге байланысты арпалыстың өршіген хижри екінші ғасырында иман сенім ұғымдарын нақыл және ақылмен қисын қағидаларын бекітетін кәләм ілімі пайда болды. Бұл ілімнің басында екі имам: бірі имам Матуриди екіншісі Әшғари болатын. Біздің сенімге қатысты Матуриди жолын ұстанып амал фиқһта Ханафи бағытын ұстануымыз сонау  ата–бабамыздан бері келген діни ұстанымымыз. Тарих қайталанатынын ескерсек өзгенің қаңсығын таңсық қылмай Матуриді ілімін зерттеп, Әбу Ханифа ұстанған бағытпен құлшылығымызды түгендеп иманның жемісін көру барлық азаматтың асыл парызы. Асыл дініміздің мақсаты да осы.Белгілі бір ағымның жетегінде құрыққа сырық болып жүрген адамның жылдар бойы сол ағыммен жүрседе ешқандай нәтижеге қол жеткізбеуі, алтын уақытының босқа кетуі, аяғында өкінішті жағдайларға алып баратын оқиғалардың орын алуы көптеп кездеседі. Атап айтсақ, Такфиризм ағымының ұстанушылары басым бөлігі жастық шағында эмоцияға берілгендіктен адасып кеткендер. Діни білімі артпақ түгілі оның айналасы салт-дәстүр тарих әдебиет өнер тағы басқа да қоғамдық салалардан кенжелеп дүмбілез догманың соңынан қартайғанша өнбейтін құр сүлдері созылған уағызынан сапырып жүре береді. Ең өкінішітісі ағымдардың жетегіне еріп адасқан адамның өзінің қателігін мойындамай өзін тура жолдың жаршысы іспетті көрсетіп қоғамды түзеуге ұмтылуы еді.Ислам тарихына көз жүгіртіп Әһлү сүннет ғалымдары тарапынан адасқан деп үкім етілген ағымдарды зерттеп қарайтын болсақ, басым көпшілігі жеке бастың қамы немесе белігілі бір топтың билікке келу жолындағы саяси мүдде мен мақсаттың негізінде шыққандығы болып отыр. Олар көздеген мақсаттарына жету үшін құран аяттарымен сүннеттен дәлел іздеп, шариғатты бұрмалап өз жолдарын ақтауға тырысқан. Алайда тарих  өз-өзіне төреші демекші мұндай адасқан ағымдар уақыт өте келе әшкереленіп жойылуға мәжбүр болған.Жиын барысында студенттер басқа көкейінде жүрген суалдады қойы, тұщымды жауап алды.