Super User

Super User

Келесте ойын-сауықтыру орталығынан ұялы телефон ұрлаған әйел анықталды

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, қызының «VIVO» маркалы ұялы телефонын ойын-сауықтыру орталығынан белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 80 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Олар оқиға орнына бірден жетті. Қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде орта жастағы әйел анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті де, жәбірленуші де бассейнге демалу үшін барған. Жас қыз киінетін бөлмеде ұялы телефоны бар сөмкесін қалдырған. Ал күдікті болса соңынан кіріп, телефонды жасырын жымқырған. Арада бірнеше күн өткен соң, күдікті әйел ұялы телефонды базарға апарып сатқан.

Полицейлер қазіргі таңда ұялы телефонды иесіне қайтарды. Сезікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бағалы және жеке заттарға сақ болуды ескертеді.

 

Арыс: Полицейлер жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізушіні жауапқа тартты

Арыс АПБ-нің полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасының кезекті жайтын анықтады. Яғни, "Opel Vectra" автокөлігі қарсы жолаққа шығып, "Ваз-21014" автокөлігімен соқтығысқан. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, алайда көліктерге материалдық шығын келген.

Тексеру кезінде тәртіп сақшылары "Опель Вектра" жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады. Тәртіп бұзушы медициналық куәландыруға жеткізілді, ол мас болудың орташа дәрежесін көрсетті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы "Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі" бойынша тіркелді.

Себебі полицейлердің анықтауынша, жүргізуші бұдан алдында ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен "Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беруі" жауапқа тартылған.

Сол уақытта сот жол қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін жергілікті тұрғынды 5 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырған. Десекте өз қателігінен қорытынды шығармаған жүргізуші, қайта мас күйде көлік басқарған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

 

 

Мақтаарал: Алаяқ әйел ұсталды

Кәсіпкерлік палатадан 1 200 000 теңге ақша алып беремін деп алаяқтық жасаған әйел анықталды.

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның танысы «Бизнес бастау» кәсіпкерлік палатадан қайтарымсыз 1 200 000 теңге ақша алып беремін деп, әбден сеніміне кірген. Осылайша, жәбірленушіден ақы үшін 710 000 теңге ақша алып, алдап кеткен. Арада 1 жылдан аса уақыт өтсе де, созбалаңқылыққа салып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел әрекет етті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстарды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті, яғни жергілікті тұрғын полиция бөліміне жеткізілді.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеріп, оның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтауда. Сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие әперемін, болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер, сіз, алаяқтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз.

 

Сарыағаш: Үйінің ауласына «сора» есірткісін еккен…

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық шарасы кезінде 2 тұрғынның өз ауласына есірткі өсіргендігін анықтады. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп өсіру» бойынша тіркеуге алды.

Полицейлер күдіктілердің үйіне барып, олардың ауласын тінту кезінде егістік алқаптан заңсыз есірткі затына ұқсас өсімдікті тапты. Оны айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жолдады. Нәтижесінде алынған өсімдіктің 90 түп «сора» есірткісі екендігі анықталды. Сондай-ақ күдіктілер өзгенің егін алқабында жұмысшы болып істейтіндері расталды. Қазіргі таңда күдікті деп танылған 2 ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңсыз есірткі затын өсіру, баптау, тасымалдаумен айналысу заңға қайшы екенін ескертеді.

Осы RSS каналға жазылу