Сенбі, 21 Маусым 2025 14:10

Түркістанда колледж түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай Түркістан облысында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Осы арқылы 40-тан аса жұмыс беруші мекеме өңірдегі колледж түлектеріне 1550 жұмыс орнын ұсынды.

 

Жәрмеңкенің басты мақсаты – өңір жастары мен жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына белсенді тарту, жұмыс берушілер мен ізденушілер арасында тікелей байланыс орнату. Сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруды, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған.

Шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, Түркістан облысы – еңбекқор жандар мекені екенін алға тартты.

– Халқымыздың саны 2 миллионнан асты, соның 660 мыңға жуығы – жастар. Жастардың болашағы – сапалы білім мен кәсіби дайындыққа тікелей байланысты. Биыл 12 мыңдай колледж түлегі маман атанып, еңбек жолына қадам басты. Олар 50 колледжде 75 түрлі мамандық бойынша білім алды. Бүгінде колледждер 700-ге жуық кәсіпорынмен тікелей әріптестік орнатып отыр. Бұл – бизнес пен білімнің бірлескен жетістігі. Биылғы оқу жылына колледждерге 15500 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Жаңадан 6 жұмысшы мамандығына лицензия алынды. Колледж түлектерін жұмыспен қамту басты назарда болады, – деді Нұралхан Көшеров.

Жәрмеңке аясында бірқатар кәсіпорындар өз жұмыстарын жан-жақты таныстырды. Нәтижесінде талапқа сай мамандығы, білімі, тіпті жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтар да өзіне лайықты қызмет түрін табуға мүмкіндік алды. Олардың қатарында, «Kazakhstan Lihua» ЖШС – 300 орын, «Идеал Туркестан» ЖШС – 55 орын, «PSI Mineral Technologies» ЖШС – 150 орын, «Altyn Land» ЖШС – 85 орын, «Kaz Eco Meat» ЖШС – 90 орын, «Kuzov Karabulak» ЖШС – 440 орын жұмыс ұсынды. Сондай-ақ, «Silk Way International», «QazEcoPack», «A.B.L Fitness and Spa», «Baspolymer», «Er-Qan Group», «High School Zhetisay», «KazatomProm-SaUran», «УРАНҚУАТ» және басқа да кәсіпорындар белсенділік танытып, жастарға қолдау білдірді.

Жалпы, ұсынылған бос жұмыс орындарының 75% немесе 1 163 бірлігі өнеркәсіп саласындағы іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың үлесінде, 162-сі немесе 10% ауыл шарушылық саласына, 113 бірлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 45 бірлік білім, 42-сі денсаулық сақтау, 75-сі қызмет көрсету саласына тиесілі.

2 мыңнан астам жұмыс іздеп жүрген азаматтарға инженер, аудармашы, есепші, заңгер, механик, электрик, дәнекерлеуші, жұмысшы, оператор, технолог, жүргізуші, педагог, тәрбиеші, тігінші, аспаз, лаборант, күзетші, қасапшы, IT-маман, программист және өзге де 100-ден астам мамандықтар ұсынылды.

Сонымен қатар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Солтүстік өңірлерге қоныс аударумен айналысатын «Тәуекел» қоғамдық ұйым төрағасы Даханов Бурахан бастаған Солтүстік Қазақстан облысының бір топ жұмыс берушілері солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдіргендер арасында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды түсіндірді.

Ауқымды шара барысында студенттерге әлеуметтік әріптестер тарапынан жұмысқа орналастыру сертификаттарын табыстады.

Жалпы түркістан облысының Жұмыспен қамту бағытында нақты нәтижелер бар: Мәселен, биылғы алғашқы бес айда 55 999 адам жұмыспен қамтылған. Оның 20 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелері. Оған қоса, ұлттық жобалар аясында 1653 азамат жұмысқа орналасты. Жеке инвестиция арқылы 621 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» жобасы бойынша 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.

 

Оқылды 30 рет