Сәрсенбі, 27 Наурыз 2024 14:19

Астана қаласының әкімі болған Алтай Көлгінов елші лауазымына тағайындалды

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Алтай Сейдірұлы Көлгінов Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды», - делінген ресми құжатта.

Ал, бұрын осы қызметті атқарған Нұрлан Мұсатайұлы Сейтімов Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылған.

Дерек үшін айта кетсек, Алтай Көлгінов 1978 жылы 15 қаңтарда туған. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген. Мамандығы – заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі.

Еңбек жолын 2001 жылы Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы, прокуроры болып бастады. Түрләһі лауазымдарда қызмет еткен ол 2019 жылдың маусым айынан бастап Астана қаласының әкімі болған. 2022 жылы 9 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындалып, бұл қызметті 2023 жылғы 8 маусымға дейін атқарды. 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 430 рет