Сенбі, 08 Маусым 2024 15:32

Түркістандық оқушылар Рәміздер күнінде көпшілікке өнерлерін паш етті

4-маусым – Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің күні екені баршаға мәлім. 1992 жылдан бастап аталып өтіліп келе жатқан айтулы мереке Түркістан төрінде кезекті рет жоғары деңгейді өткізілді. Мерекелік іс-шараға Түркістан қаласындағы мектептердің оқушылары мен ұстаздар қауымы да қатысты.

Бойды мақтаныш сезімі кернеп, рәміздеріміздің мәнін ұғатын салтанатты шараға Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы бастаған ұстаздар қауымы мен оқушылар белсене қатысып, шараның жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлестерін қосқанын да айта кеткен жөн. Өз кезегінде түркістандық оқушылар өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шыға білді.

Түркістан облысының, Түркістан қаласының белсенді тұлғалары яғни мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым, белгілі спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, жастар, қала тұрғындары қатысқан мерекелік шарада Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркістандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, елдігімізді дәлелдейтін мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу, болашақ ұрпақтың бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыру туралы атап өтті.

Ендігі жерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінің тарихына бойлап, оның тәрибелік, патриоттық рухты көтерудегі мәніне тоқталып өтсек. 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданып, алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Қазақстан халқы мерекені 32 жылдан бері атап өтіп келеді. Еліміздің мемлекеттік туын жасаумен 600 адам шұғылданып, комиссия қарауына 1200 рәміздер нұсқасы ұсынылған екен. Айтулы датаға орай жалпы халықтың «Бірлігіміз жарасқан» патриоттық жастар шарасы ел өңірінде сән-салтанатымен тойланып өткен болатын.

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, мызғымас негіздерінің бірі. Қазақстанның алғашқы президенті Н. Назарбаевтың сөзімен айтар болсақ, «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасы, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер». Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың көгілдір біртүстілігі, аспанның бұлтсыз таза күмбезін еске түсіріп, Қазақстан халқының бірігудің жоғары және игілікті идеясына бейімділігін бейнелейді. 

Мемлекеттік жалаудың көгілдір аясы, Қазақстан халқының жаңа мемлекет құруға ұмтылу ниетінің тазалығы мен көтеріңкілігін көрсетуге шақырады. Өз сәулесіне шомылған алтын Күн, тыныштық пен байлықты білдіреді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туындағы дала бүркіті қазақстандықтардың жомарттығы мен қырағылығын, пейілінің биіктігін танытады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гербі, елтаңба — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемлекеттік гербiнiң негiзi — шаңырақ. Ол — гербтiң жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. ҚР мемлекеттік елтаңбасының авторлары — Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов.

Мемлекеттік рәміздер - еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.

Мемлекеттік рәміздер ұлттық біре­гейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табынудан бастап, кейін түркілер дәуіріндегі көк бөріге табыну, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалау­лары және теңгелеріндегі айшықты бел­гілерімен сабақтасады. Қазіргі кезде елі­міздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап көрсетеді. Көп көлемде мемлекеттік биліктің рәміздері кез келген мемлекеттің негізін құрайтын тұжы­рымдамасы - ұлттық идеяда көрініс табуы тиіс. Ал нақты ұлттық идея тікелей сол халықтың арасында қалыптасады. Саяси жүйенің көшбасшылары уақыт өте келе ауысып отыруы мүмкін, бірақ халық өзінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, ғасырлар бойы иемденген және жоғалтып алған ұлттық құндылықтарымен, жағымды және жағымсыз қасиеттерімен қалады, сонымен қатар өзара ұлттық менталитетті қалып­тастырады. Мемлекеттік рәміздер мә­дениетіміз, тарихымыз бен менталитеті­міздің көркем туындысы болуы керек. Еліміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес.

Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр, сон­дықтан ол отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады.

Кез келген халықтың тарихында за­манында сол халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған музыкалық шығармалары бар. Ол тарихтың белгілі бір уақытында сол жұрттың Әнұранына ай­налған. Мұндай әндер қазақ халқында да көп. Соның бірі - жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ауыр тауқыметін көрсетуге арналған «Елім-ай» әні. Бұл ән жоңғар шапқыншылығынан зардап шегіп, қансыраған халықтың қайта ес жиып, күшеюіне әсер еткен, сол сияқты басқа асыл сезімдерді бойына жинаған керемет ән болды. Осындай бір екінші ән - «Менің Қазақстаным». Бұл шығарма Қазақстан КСРО құрамында болған тұста қазақтың намысын қайрау мақсатында өмірге келді. Ақын Жұмекен Нәжімеденов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық бірлестігінен туындаған «Менің Қазақ­станым», шын мәнінде, қазақ халқының рухын көтерген, келер күнге деген сенімін арқалаған бейресми Әнұран болды. Ал заман талабына сай, 2006 жылғы қаң­тардың 6-сында Парламент палата­ла­рының бірлескен отырысында «Мем­лекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа түзетулер енгізілгеннен кейін, яғни қаң­тардың 10-ында «Менің Қазақстаным» ресми түрде Әнұран болып бекітілді. Сөйтіп, бұл күн тарихқа еліміздің жаңа Әнұранының туған күні ретінде жазылды. Әуенін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған Әнұранның сөзін уақыт өлшемімен үндестірген бірлескен автор - еліміздің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерді білмейтін адам кемде-кем шығар. Өйткені мемлекеттік рәміздер педагогикалық білім беру жүйесінде және білім беру тәжірибесінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізуде. Мемлекеттік рәміздер мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі болып табылуда, сондай-ақ жалпы білім беру мектептері мен ҰБТ бойынша арнайы пән ретінде енгізілген. Бүгін ереже бойынша жастар өз мемлекетінің рәміздерін ата-аналарына қарағанда жақсы біледі.

Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жет­кізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қас­терлеу азаматтарымыз үшін басты мін­дет болып табылуы тиісті. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.

Жалпы айтқанда, туған жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Мемлекеттік Елтаңбаның авторларының бірі Жандарбек Мәлібековтің айтуынша, Елтаңба, Ту, Әнұран әрбір ресми және бейресми іс-шарада болуы тиіс. Сонда ғана біздің мемлекеттік рәміздер өскелең ұрпақ арасында кеңінен таралады.

Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері тек мемлекеттік құрылымдар немесе хаттамалық іс-шаралар шеңберінде ғана емес, барлық жерде дәріптелуі керек. Бұл ретте Президент жанындағы мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселесі жөніндегі республикалық комиссиясы 2023 жылы мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградаларды пайдалану саласындағы мәселелерді шешу мақсатында бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Комиссия қоғамда мемлекеттік рәміздер, геральдика және ведомстволық наградаларға қатысты туындайтын резонансты оқиғаларға бей-жай қарамайды. Комиссияның 2023 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес бірқатар жұмыс жүргізілді.

Заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында 2023 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» 372-бабына 2023 жылғы 3 қаңтардағы № 188-VII ҚР заңымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2023 жылы Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша 1 компанияға 3000 АЕК айыппұл салынды (жалпы 2023 жылы Ішкі істер министрлігімен Қылмыстық кодекс бойынша 1 хаттама, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша 46 хаттама толтырды).

- «ҚР СТ 1430-2005 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы салынған мөрге қойылатын техникалық талаптарына» 2023 жылғы 30 мамырда № 195-НҚ бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

- «Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою қағидаларын бекіту туралы» бұйрық бекітілді.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік нышандарды әзірлеу мен бекіту жүйесін ретке келтіру, жалпы тәсілдер тұжырымдамасын дайындау бойынша қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заңның 6-бабы «өңірлік нышандарды бекіту» деген 4-5) тармақшамен және 29-бабы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер саласындағы уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалардың негізінде өңірлік нышандардың жобасын әзірлейді» деген 16) тармақшамен толықтырылды.

- 2023 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды.

- 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың патриоттар форумын» ұйымдастыру тұжырымдамасы бекітіліп, өңірлерге жолданды.

- 2023 жылы 5 ведомстволық награда және 1 геральдикалық белгі тағайындалды.

«Сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін», «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» және, «Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдары, «Кен орнын алғаш ашушы» және «Еңбек сіңірген геолог» төсбелгілері, Ішкі істер министрлігінің жаңа рәміздері (шеврондар) заңнамалық нормамен бекітілді.

Жалпы мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларын оңтайландыру мақсатында тоқсан сайын талдау жұмыстары, сондай-ақ олардың шығарылуы мен табысталуы жөнінде реттік есептер жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық заңына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі – геральдика саласының дамуына, мемлекеттік рәміздердің пайдалануы мен насихатталуына, әскери рәміздер мен әскери белгілердің бекітілуіне, өңірлік нышандарды, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың нормативтік-құқықтық деңгейде бекітілуіне жауапты орган.

WWW.AQ-QARA.KZ

Оқылды 231 рет