Дүйсенбі, 15 Шілде 2019 16:45

Мемлекет басшысы «Түркістан ең көрікті қаланың біріне айналады» деді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан еліміздегі ең көрікті қаланың біріне айналатынын айтты. «Шын мәнінде Түркістан облысы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Құрылыс қарқынды іске асырылып жатыр. Премьер-Министр өңірге жиі барып тұрады, яғни мәселені мұқият қадағалап отыр. Амандық болса, Түркістан біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің алтын бесігі ретінде қайта қалпына келеді. Керемет сымбатты қала болып шығады деп ойлаймын», - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Аталмыш отырыс барысында облыс басшысы Ө.Шөкеев Мемлекет басшысына облыстың жай-күйі жайлы баяндады. Облыста инвестиция тартумен қатар, туристік жобаларды дамыту қолға алынған. 2025 жылға қарай аймаққа 4-5 млн туристі тарту жоспарланған. Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған Ө.Шөкеевтің айтуынша, облыстың ауыл шаруашылығы 4 пайызға дамып, тамшылатып суғару бойынша 1370 гектар жер өңделіп, екі есе көбейту көзделуде.

Өмірзақ Шөкеев ауыз сумен қамту бойынша Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл мәселенің қолға алынып, биыл 43 елді мекенді ауыз су құбырымен қамтамасыз етіп, 7 елді мекендегі тозығы жеткен су құрылғылары жаңартылатынын жеткізді. Сондай-ақ, аталмыш мәселедегі қамту аймағы 80 пайызға жетеді деген Өмірзақ Естайұлы аймақтағы табиғи газ кіргізу мен құрылыс мәселелерінде де өсім бар екенін баса айтты. 

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 559 рет