Сейсенбі, 16 Шілде 2019 17:11

Түркістан облысы: Мәжіліс депутаты Шардараға келіп, тұрғындармен жүздесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әлтаев пен Түркістан облысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалы директорының орынбасары Нәлібай Дәрібаев Шардараға арнайы іссапармен келді. Парламент мәжілісінің депутатымен өткен жиында Шардаралықтар кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларын дамытып, қызмет сапасын жақсарту жайындағы ұсыныстарын айтты.

Халық қалаулысы Нұржан Әлтаевтың Шардараға іс-сапары Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Иіржар агро» ЖШС-нен басталды. Жыл сайын бітік өнімге қол жеткізетін шаруашылық биылғы жылы 195 гектар алқапқа шитті мақта егіп, оның 160 гектарына тамшылатып суару әдісін қолданып отыр. Одан бөлек 43 гектарға бидай, 52 гектарға жоңышқа, 10 гектарға пияз, 3 гектарға жүгері дақылдарын орналастырған. Мұнан кейін мәжіліс депутаты аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында тұрғындармен кездесті.

Тұрғындар арасынан сөзге шыққан еңбек ардагері Үсен Құралбаев мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайлы айтса, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Байдулла Рахматуллаев Қызылқұм каналынан мал өтетін көпір салу керектігін жеткізді. Ал, мемлекеттік қолдаудың арқасында өз ісін ашып, еңбек етіп жүрген жас кәсіпкер Мақсат Желдібаев кәсіпкерлікпен шұғылданатын жастардың практикалық білім алу шеңберін кеңейтіп, шетелдерге тәжірибе алмасуға жіберілсе деген ұсыныс білдірді.

Сонымен қатар, жиында аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының басшысы Базарбай Тілеуімбетов шаруалар игілігі үшін ауданда қаржы институттарының ішінде жалғыз «Ырыс» микроқаржы ұйымының өкілі ғана жұмыс жасайтынына қынжылыс білдірді. Сонымен бірге, кәсіпкер құқықтарының қорғалуы мен оларға жасалынар жағдайды жақсарту жөнінде ойларын ортаға салды. Жиын барысында шардаралықтар тарапынан айтылған өтініш-тілектер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 705 рет