Жексенбі, 01 Желтоқсан 2019 16:09

Түркістан: Отырарда сапар орталығы ашылды

Отырар ауданында мәдени туризм орталығына айналуға тиіс бірегей нысан «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі сапар орталығы» көпшілікке есігін айқара ашып, Арыстанбаб кесенесінің маңын абаттандыру жұмыстары аяқталды. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бой көтерген нысанның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі, сазгер Қалдыбек Құрманәлі қатысты.

Мәртебелі мейдандар алдымен Арыстанбаб кесенесінің маңындағы абаттандыру нысанынның ашылуына қатысып, баба кесенесіне зиярат жасады. Мұнан соң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бой көтерген Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Сапар орталығының ашылу салтанатының куәсі болды. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Елбасымыздың көреген саясатының арқасында Қазақстан бір ғасырға бергісіз тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасыған әлеуметті елге айналдық. Еліміздегі ауқымды жұмыстардың нәтижесі ауылдық жерлерде де көрініс табуда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі «Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» баға берген киелі ауданымызда «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақалада айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында көптеген игі істер атқарылып келеді. Түптеп келгенде мұның бәрі топырағын түртсең тарихы сөйлейтін қасиетті Отырарға шет елдерден және басқа да облыстардан келетін туристер мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асып отыр»-деп, қонақтар мен аудан тұрғындарын Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.

Мұнан соң нысанның лентасы қиылып, қонақтар жаңа ғимаратты аралап, сапар орталығының экспозиция залдарымен танысты. Шара барысында «Отырар қалажұрты Қазақстанда археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және пайдалану ісінің озық үлгісі» тақырыбындағы ғылыми конференция өтіп, онда тарихи, мәдени мұраларымызды сақтау, насихаттау жұмыстары барысында келелі әңгімелер өрбіді. Айта кету керек, ғимараттың цоколдық қабатында қор-сақтау бөлмелері мен реставрациялық жұмыстар мен көрмелік конструкцияларды жасау жұмыстары үшін шеберханалар орналасқан. Қор сақтау қоймалары арнайы музейлік стеллаждармен, шкафтармен, ал барлық шеберханалар мамандырылған реставрациялық қондырғылар мен жиһазбен жабдықталған. Сонымен қатар, Сапар орталығы жанынан тәжірибе алмасатын музей мамандары мен Отырар қалажұртында қазба жүргізетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана ғимараты қарастырылған.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 531 рет