Жұма, 15 Маусым 2018 12:56

Шымкентте «Highvill» компаниясы көпқабатты үйлер салмақ

Шымкентте әлемге әйгілі «Highvill» компаниясы тұрғын үйлер салмақ. Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімдігі, «Highvill» құрылыс компаниясы және «Шымкент» ӘКК үш жақты меморандумға қол қойды. 

Көпқабатты үйлер «Shymkent City» аумағына салынады. Құрылыс компаниясы осы мақсатта 160 миллиард теңге шамасында инвестиция құймақ. Компания салатын құрылыс алаңының жалпы ауданы 52 гектарды құрайды, ондағы үйлер кешенінде 5500 пәтер мен 6700 орындық көлік тұрағы қаралған.

Компанияның өкілдері «Бұл баспаналар ақылды технологияға негізделген» деп отыр. Мәселен, Астанадағы «Highvill» кешенін тұрғындар «Қала ішіндегі қала» деп атайды. Себебі ол кешеннің өзінің дәріханасы, сауда орны, сұлулық салоны, балалар орталығы, гүлдер дүкені, дәмханасы мен мейрамханалары бар.

– Меморандумға қол қою – тарихи қадам, – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ғабит Мәуленқұлов. Әкімдік тарапынан салымшыларға «Shymkent City» аумағынан құрылысқа 51,5 гектар учаске бөлініп отыр. Бұл жерде тек әлеуметтік емес, бизнес-кластағы тұрғын үйлер де салынады деп күтілуде.

«Highvill»-Kazakhstan» компаниясының бас директоры Канг Джон-Дэ «Шымкент – Қазақстанның үшінші мегаполисі ретінде компанияға озық тәжірибені енгізуге мүмкіндік беретін алаң ретінде қызықты болып отыр» деп атап өтті.

– Біз әкімдікке Шымкентте үй салуға мүмкіндік бергеніне алғысымызды білдіреміз. Біздің компания құрылыс саласында 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді және осы жылдар бойы жинақталған тәжірибені Шымкентте салынатын үйлерде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Канг Джон-Дэ.

Ал «Шымкент» ӘКК директоры Айтмұхамбет Алдажаров көптен күткен келісімге қол жетіп отырғанын, сапалы тұрғын үй кешендерін салудағы «Highvill» компаниясының жаңа ізденістерін оң бағалайтынын жеткізді.

Айта кетейік, «Highvill» компаниясы – Кореяның тұрғын үй салудағы танымал компаниясы. Ал «Shymkent City» –  қаланың солтүстік аймағында орналасқан, 12 орамнан тұратын қалашық. Онда шағын және орта кәсіпкерлік нысандары, сауда орталықтары, емхана, ойын-сауық орталығы, гүлзар мен демалыс аймағы болады деп күтілуде.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1542 рет