Сәрсенбі, 17 Шілде 2024 10:36

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының базасында күрделі оталар жасалуда

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы ШЖК «Облыстық клиникалық ауруханасы» МКК-ның гепатопанкреатобилиарлы хиурргия және ағзаларды трансплатациялау бөлімшесінде 17-18 маусым күндері Алматы қаласы Қазақстан Республикасының бас хирургі м.ғ.д., профессор, ҰҒА академигі Болатбек Баймахановтың қатысуымен мастер-класс өтті.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Болатбек Баймахановтың қатысуымен жағдайы ауыр науқастарға кеңес беріліп, емдеу тактикасы шешілді. Соның ішінде, жағдайы ауыр екі науқасқа ота жасалды.

Шеберлік алмасу барысында бір науқасқа гастропанкреатодуоденальді резекция отасы жасалынды. Бұл ота ұйқы безінің басының қатерлі ісігінде, жалпы өт жолының терминальді бөлімінің ісігінде, он екі елі ішектің үлкен папиллярының және он екі елі ішек ісігі кезінде жасалады. 68 жастағы науқас 1 айдан бері ауырып, дене сарғаюы пайда болған. Қосымша тексерулер нәтижесінде құрсақ қуысының МРТ-да холедохтың терминальді бөлігінің Фатер түтігінде ісік анықталған.

Фатер түтігінің қатерлі ісігі – он екі елі ішектің бір бөлігіне әсер ететін қатерлі ісік. Ауру баяу прогрессивті процесске және кеш метастазға ие. Бұл аймақта ісік түзілуінің өсуі өт жолы ағынының бұзылуына әкеледі. Салдарынан механикалық сарғаю дамиды.

Келесі науқасқа Таннер отасы жасалынды. Бұл ота өңештің варикозды тамырларының кеңеюі кезінде және қан кетудің алдын алу мақсатында жасалынады. 28 жастағы науқас Қақпа венасының тромбозы, өңештің варикозды қан тамырларының кеңеюі анықталған. Осыған дейін азаматқа Спленэктомия отасы жасалынып, өңештің варикозды қан тамырларынан қан кетуі кезінде эндоскопиялық лигирлеуі жүргізілген.

Қақпа венасының тромбозы – көптеген факторларға байланысты, қақпа қан тамыр жүйесінде қан ұйығышының пайда болу процесі. Ол жедел немесе созылмалы болуы мүмкін. Саларынан өңештің қан тамырларының кеңеюі пайда болып, асқынып, қанауы дамиды. Қазіргі таңда отадан кейін науқастардың жалпы жағдайы жақсы, дренажды түтіктері қанағаттанарлықтай жұмыс жасауда.

Бұндай күрделі оталар Астана және Алматы қалаларында жасалынатын. Енді Алматы қаласының «А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО-мен» жасалған меморандум аясында қаладағы және жақын аудандардағы хирургиялық паталогиясы бар науқастарға күрделі оталар Түркістан облысы облыстық клиникалық ауруханасының базасында жасалуда.

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен облысымыздың бауыр циррозымен ауыратын науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек, соның ішінде, бауыр трансплантациясы отасын дамыту мақсатында отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен шеберлік сабақтары мен тәжірибие алмасулар ұйымдастыру жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Халыққа сапалы қызмет көрсету, жайлы жағдай жасауға ден қойылған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша облыста 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, бүгінгі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Баққоныс, Төрткөл, Көкпарсай елді мекендерінде 3 ФАП құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 27 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржысы қаралып, конкурс жарияланды. Оның 20 жобасына жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзілді. Қалған 7 нысан жеңімпазы анықталу үстінде. Сондай-ақ жалпы құны 3156 млн теңгеге 13 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, респуликалық бюджетке ұсынылды. Қалған 6 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптама қарауынан өткізілуде.

Денсаулық сақтау нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жоба аясында Сарыағаш және Жетісай аудандық орталық ауруханаларында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты «Алғабас» БМСКО нысанына толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды.

Биыл өңірдегі 8 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде, Кентау қалалық орталық ауруханасы, Келес аудандық «Абай» ауруханасы, Бәйдібек ауданындағы «Боралдай» БМСКО нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Кентау қалалық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Қалған 2 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сайрам аудандық орталық ауруханасы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, республикалық бюджетке ұсынылды. «Облыстық балалар ауруханасы», «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасы, «Асықата» Жетісай аудандық ауруханасы, Созақ аудандық орталық ауруханасының, жалпы 4 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Бұл жобалар 2025 жылға өтпелі.

Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жалпы 77% аяқталды. Бұл жұмыстарға 300 адам тартылған. Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес, жобаның есептері қайта жасалып, дайын ғимаратты сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өңірде ірі медициналық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтсақ, «Сарыағаш қаласында перинаталды орталығы бар медициналық кешен құрылысы» бойынша Сарыағаш қаласынан 10,5 гектар жер телімі бөлініп, перинаталдық орталық құрылысының жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында 200 төсек орындық заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы» жобасы бойынша Темірлан ауылында 8 гектар жер телімі бөлініп, құрылысына жобалау жұмыстары жүргізілуде. «Түркістан қаласында жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед Бен Заид Аль Нахаян атындағы 80 орындық перзентхана құрылысы» бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорымен келіссөздер жүргізілді. Құрылыс жобасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі таңда демеуші тарапынан мердігермен келісімшартқа тұру бойынша ресми келісім күтілуде. «Түркістан қаласындағы 210 төсек орындық облыстық балалар аураханасының құралысы» жобасы әзірленуде.

Денсаулық сақтау саласында білікті кадрлар даярлауға да үлкен мән берілуде. Кадрлар даярлау бойынша 2023 жылы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен бейінді мамандар даярлау үшін резидентураға 60 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 650 грант бөлінген болатын. Биыл резидентураға 139 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 600 грант бөлу жоспарланып отыр.

Медициналық-техникалық жарақтандыру бойынша өткен жылы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 10,5 млрд теңгеге 712 дана, оның ішінде, ауыр (маңызды) 32 медициналық құрал-жабдық және 75 дана IV санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі сатып алынды. Ал 2024 жылы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жалпы сипаттағы трасферттер есебінен 6 млрд теңге қаржы қарастырылып, 17 дана ауыр медициналық техника алу жоспарлануда.

Айта кетейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым (8 облыстық деңгейдегі аурухана, 2 балалар ауруханасы, 3 қалалық аурухана, 17 орталық аудандық аурухана және аудандық аурухана, 5 оңалту орталығы, 4 емхана, 6 басқа мекемелер) және 130 жекеменшік мекеме бар.

Түркістан облысында жалпы медицина саласында 24 592 маман қызмет атқарады. Оның 5 486-сы – дәрігер, 19106-сы – орта буынды медицина қызметкері. Бүгінгі таңда, облыс көлемінде 274 бейінді дәрігерге тапшылық туындап отыр. Оның 100-ге жуығы құрылысы құрылысы жүріп жатқан 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға қажет екені анықталып отыр. 

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 5 сәуірінде «Түркістан облысының ауылдық жеріне жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі туралы» №37/391-VI шешіміне сәйкес, 2023 жылы облыс аумағындағы ауылдық жерлер үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина кадрларына деген сұранысқа ие әрі тапшы мамандықтағы 75 жас маманға 1,5 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланып, бүгінде 27 жас маманға әлеуметтік жәрдемақы берілген.

Сонымен қатар, 2023 жылы 43 дәрігер (неонатолог, анестезиолог-реаниматолог,акушер-гинекологтар, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы) шетелдерде біліктілігін көтерді. Мәскеуде 30 дәрігер оқыса, Санкт-Петербургте 6 дәрігер және Ыстамбұлда 7 дәрігер білімін жетілдіріп, тәжірибе жинаған. 2024 жылы Түркістан облысында шетелде тағы 32 дәрігердің (неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинекологтар, балалар травматологы, урология және кардиология) біліктілігін көтеру жоспарлануда. Сонымен қатар өңірге Израиль елінен білікті 2 оқытушы маманын шақырту арқылы 600 медицина қызметкерінің біліктілігін көтеру көзделген.

Биылдың өзінде мамандардың жоғары кәсіби деңгейлерінің арқасында Түркістан облысының медициналық мекемелерінде күніне 200-ден астам ота жасалады. Бұл еліміз бойынша жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Биыл Түркістан облысында жарты жылдықта 30 млн-ға жуық клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Тұрғындар 300 мыңнан астам жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Сонымен қатар ауылдық жерлерде медицина қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында облысымызда төрт көпбейінді ауданаралық аурухана құру жоспарлануда. Аталған медициналық мекемелерді 2024-2025 жж. стационарлы ангиограф және МРТ аппараттарымен қамтамасыз етіледі.

– Халықтың медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өсіп отыр. Медицина қызметіне жүгінген халыққа сапалы көмек көрсету қажет. Бүгінгі таңда аталған сала бойынша келіп түсетін шағымдар саны артқан. Жекеменшік медициналық мекемелермен тығыз байланыс орнатылып, алгоритм жүйесін өзгертіп, қайта жаңарту керек. Жалпы облыста 2023 жылдың қорытындысымен 2 046 668 тұрғынның ішінде МӘМС жүйесіне сақтандырылғандар саны – 1 606 145, сақтандырылмағандар саны – 414 869. МӘМС жүйесін түсіндіру, тіркеу және осы жүйе арқылы сапалы медициналық көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажет, – дейді Бейсен Тәжібаев.

Облыста 2023 жылдың қорытындысымен ішкі медициналық көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызмет сапасын көтеру, адами және материалдық ресурстар тиімді және қарапайым пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған жұмыстың нысаналы индикаторларына қол жеткізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілді.

Өткен жылы өңірде 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында іске асырылды. Құрлысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі 7 нысан бар.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында облыста 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтеру жоспарлануда. Жалпы Түркістан облысында 45 мекеме 756 медициналық ұйымдар жұмыс істейді.

Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 50 рет