Жұқпалы тері ауруларына қышыма, дерматомикоз (микроспория, трихофитоз), іріңді тері аурулары, вирустық инфекциялар, қыналар, сондай-ақ тері мен тырнақтың саңырауқұлақ аурулары жатады. Мұндай инфекциялар адамның терісін, шашын және тырнағын зақымдап, кей жағдайда отбасы мүшелері мен жақын қарым-қатынастағы адамдар арасында тез таралуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, теріде бөртпе, қышыну, қызару, қабыршақтану немесе шаштың түсуі сияқты белгілер байқалса, өз бетінше ем қабылдауға асықпаған жөн. Өйткені сыртқы белгілері ұқсас болғанымен, аурулардың пайда болу себептері мен емдеу тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін.
Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары бірнеше маңызды ережені еске салады.
Біріншіден, өзіңізге немесе жақындарыңызға өз бетіңізше диагноз қоюға болмайды. Екіншіден, туыстардың, таныстардың немесе дәріхана қызметкерлерінің кеңесіне сүйеніп, емдеуді өздігінен бастау қауіпті. Әсіресе дәрігердің тексеруіне дейін түрлі жақпа майлар, кремдер мен лосьондарды қолданбаған дұрыс. Себебі олар аурудың сыртқы көрінісін өзгертіп, нақты диагноз қоюға қажетті зерттеу нәтижелеріне әсер етуі мүмкін.
Егер отбасы мүшелерінің бірінен немесе жатақханада бірге тұратын адамдардан қышыма, дерматомикоз немесе саңырауқұлақ инфекциясы анықталса, олармен байланыста болған адамдардың барлығы медициналық тексеруден өтуі қажет. Бұл инфекцияны ерте анықтап, оның әрі қарай таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар үй жануарларына да ерекше назар аудару керек. Көшеден мысық немесе ит асырап алған жағдайда, алдымен оны ветеринарлық клиникада тексерткен жөн. Себебі жануарлар кейбір жұқпалы тері ауруларының қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін. Оның үстіне инфекция жұқтырған жануар сырт көзге сау болып көрінуі де ықтимал.
Мамандар тұрғындарды жеке гигиена талаптарын сақтауға, жеке тарақ, сүлгі және басқа да тұрмыстық заттарды ортақ пайдаланбауға, теріде күмәнді өзгерістер байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай дерматологқа қаралуға шақырады.
Ең бастысы, жұқпалы тері ауруларын ерте анықтау – инфекцияның таралуын шектеудің және асқынудың алдын алудың маңызды жолы. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз.