Осыған байланысты Шымкент қаласы Еңбекші ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тұрғындарды ботулизмнің алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Ботулизм – көбіне құрамында ботулизм қоздырғышы мен оның токсині бар тағамдарды тұтыну нәтижесінде пайда болатын қауіпті ауру. Әсіресе үй жағдайында дайындалған саңырауқұлақ, көкөніс және ет консервілері инфекция көзі болуы мүмкін. Аурудың қауіптілігі – оның жүйке жүйесіне әсер етіп, ауыр асқынуларға, тіпті тыныс алудың тоқтауына әкелуі ықтимал.
Мамандардың айтуынша, ботулизмнің алдын алу үшін ең алдымен тағамды дайындау және сақтау талаптарын сақтау қажет. Консервілеу кезінде тек сапалы, балғын өнімдерді пайдаланып, санитариялық ережелерді қатаң ұстанған жөн. Қақпағы ісінген, ішіндегісі лайланған немесе сыртқы көрінісі күмән тудыратын консервілерді пайдалануға болмайды. Мұндай өнімнің дәмін тексеру мақсатында татып көру де қауіпті.
Сонымен қатар үй жағдайында дайындалған консервілер мен тұздалған өнімдерді белгісіз адамдардан немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмау керек. Дайын тағамдарды белгіленген температурада сақтап, жарамдылық мерзімін қадағалау маңызды.
Ерекше ескеретін жайт, бір жасқа толмаған балаларға бал беруге болмайды. Өйткені бал құрамында ботулизм қоздырғышының споралары болуы мүмкін.
Ботулизмнің алғашқы белгілеріне көздің бұлдырауы немесе қосарланып көрінуі, қабақтың түсуі, ауыздың құрғауы, жұтыну мен сөйлеудің қиындауы, жалпы әлсіздік және тыныс алудың бұзылуы жатады. Бұл белгілер байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай жедел медициналық көмекке жүгіну қажет. Өз бетінше ем қабылдау немесе ауру белгілерінің өздігінен басылуын күту қауіпті.
Мамандар тұрғындарға тағам өнімдерін дайындау мен сақтау кезінде жауапкершілік танытып, күмәнді консервілерді тұтынбауға кеңес береді. Себебі қарапайым сақтық шараларын сақтау – ботулизмнің алдын алудың маңызды жолы.
Есіңізде болсын: күмәнді тағамнан бас тарту – өз өміріңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын қорғаудың бір жолы!