Дүйсенбі, 23 Шілде 2018 09:34

Шымкенттік би ансамблі Түркиядан жүлдемен оралды

Бауырлас елден жағымды жаңалық. Шымкенттің «Фараб» би ансамблі таяуда Түркияда өткен халықаралық би фестивалінде топ жарып, жеңімпаз атанды. Құрылғанына небары 1 жылға жуықтаған шығармашылық ұжым Анадолы елінің Бурса қаласында XXXII «Алтын Қаракөз» және «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының арнайы жүлдесіне ие болды. Ал, Инегел қаласында фольклорлық мәдениет және өнер фестивалінде жүлделі бірінші орынды иемденді.

Қос бірдей жүлдеге қол жеткізіп, отандастарының мерейін үстем еткен «Фараб» би ансамблі 23 мемлекеттің ішінен суырылып шығып, намысты қолдан бермеді. Оңтүстіктің ғана емес, бүкіл Қазақстанның даңқын асқақтатты. Жерлестер жеңісіне қуанған жұрт оларды әуежайдан арнайы ән-шашумен күтіп алды. Халықаралық байқауда би тобы «Фараб»,  «Жетіген», «Көктем», «Аққу», «Қоштасу» билерімен қазылар алқасын, көрермендерді тәнті етті.

Өнер. Спорт. Бұлар – ел бренді. Ұлт мақтанышы. Халқымыздың жасампаз рухын асқақтататын да осы өнердің хас шеберлері болса керек. Тәуелсіз мемлекет даңқын асқақтатып жүрген осындай талантты жастарға қолдау көрсетіп, өнерлерін шыңдауға жағдай жасасақ, әлі талай шыңдарды бағындырары анық.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 7424 рет