Сенбі, 28 Шілде 2018 11:42

Шымкентте Төле би көшесінің бойындағы ретсіз сауда қатарлары мен дүңгіршектер бұзылады

Дүйсенбі күні, яғни, 30 шілдеде сот орындаушылары сот шешімін орындау үшін Шымкенттегі Төле би көшесінің бойындағы жалпы саны 34 дүңгіршек пен ретсіз сауда қатарларын бұзатын болады.

Бұл Қырғы базарға апаратын көше бойында тәртіп пен реттілікті орнату бойынша жасалатын алғашқы қадам. Заң бойынша сот шешімінің үстемдігі ретсіз сауда мәселесі бойынша таяуда өткен брифинг барысында айтылды. Осылайша Шымкент қаласының әкімдігі ретсіз саудамен кезекті мәрте күрес науқанын бастап отыр. Бұл күресте жергілікті атқарушы органның күші басым екені айтпаса да түсінікті, себебі сот шешімін орындау баршамыздың міндетіміз екені анық. Сот орындаушылары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы мақсатта қызмет ететін болады. «Сот шешімі бар және оның орындалуын қамтамасыз етеміз. Бұл біздің міндетіміз», - дейді Әл-Фараби полиция бөлімінің бастығы Сейтхан Сейтжомарт.

Сонымен, шілденің 30-ы сағат 10-да соттың шешіміне сәйкес жоғарыда айтылған ретсіз сауда қатарларын бұзу жұмыстары басталады. Брифингте белгілі болғандай, бұл сауда қатарлары мен дүңгіршектер заңсыз орнатылған - меншік иелерінің ешқандай заңды құжаттары жоқ екен.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

 

Оқылды 7713 рет