Жұма, 12 Шілде 2024 11:33

Түркістан облысы: Жетісай ауданында тамшылатып суғару әдісі өнімнің артуына септігін тигізіп отыр

Жетісай ауданына қарасты Атамекен ауылдық округіндегі «Павел» шаруа қожалығы өзінің иелігіндегі 9 гектар егістікке 20 жылдан бері бақша дақылдарын егіп келеді.

Биылғы жылы да қарбыздың ерекше күтімді қажет ететін «Виктория» сортын сәуір айының басында еккен. Қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде пісіп жетілген қарбыздан ойдағыдай өнім алынады деп жоспарланып отыр. Ағын суды үнемдеу мақсатында енгізілген тамшылатып суғару әдісі өнімнің артуына да септігін тигізіп отыр.

Өнімдерімізді қазір Ресейге жіберіп жатырмыз. Кейін сұранысқа қарай өзге де өңірлерге жібереміз. Жылдағыдан шығын көп болғанымен бағасы да ойдағыдай, келісін 150-170 теңге аралығында сатып жатырмыз. Тамшылатып суғару әдісін қолданатындықтан ағын судан, минералды тыңайтқыштардан қиындық көрмедік. Өнімділік те ойдағыдай, – дейді шаруа қожалық төрағасы Асан Мубинов.

Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына мақта шитін сепсе, 20,1 мың гектар жерге бақша, 7,2 мың гектар жерге дәндік жүгері, 3,3 мың га жерге көкөніс пен 6,3 мың гектар жерге жоңышқа дақылын еккен.Аудандағы 20,1 мың гектарға егілген бақша дақылдарының 4 мың гектары қарбыз. Биылғы жылы 600 мың тоннадан астам бақша өнімдері жиналады деп жоспарланып отыр. Былтырғы жылы да бақша дақылдарынан ойдағыдай өнім алынып, облыста үздіктердің қатарынан көрінді.

Айта кетейік, «Павел» шаруа қожалығы иелігіндегі егістік алқаптарына қарбыздан бөлек баклажан мен болгар бұрышын, қызанақ сынды бақша өнімдерін егіп, жергілікті тұтынушыларға тиімді бағада сатуда. Жылыжай жұмысын да дұрыс жолға қойған.

Жалпы, Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы саласы жергілікті биліктің ерекше назарында. Өткен жылы 79,3 мың гектар егіс егілді. Оның ішінде 45,6 мың гектар мақта, 19,6 мың гектар бақша, 2,9 мың гектар көкөніс, 5 мың гектар дәндік жүгері және тағы басқа дақылдар болатын. Былтыр ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 15%-ға артып, 27,7 млрд. теңгені құрады. Ал, негізгі капиталға тартылған инвестиция 2,8 млрд. теңгеге жетті.321 шаруақожалық иелері 1236 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырды. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 12 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағар май бөлінді.

Дегенмен былтырғы жылы аудан дихандары үшін ағынсу тапшылығы орын алды. Ағын су мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында арнайы тоқталып: «Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек», – екенін атап өтті. Ендігі жерде бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажет.

Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк құру үшін жері анықталды, қазіргі таңда тиісті құжаттары рәсімделуде. Сондай-ақ, Өзбекстандық инвестормен бірлесіп тоқыма фабрикасын салу жұмысы жүріп жатыр. Бұл мақсатта – Асық ата кентінен 5 га жер бөлініп, бірлескен «TST GROUP» компаниясы құрылды, инвесторға өнеркәсіпті даму қоры арқылы (7,6 млрд. теңге) жеңілдетілген несие қарастырылуда.

Сонымен қатар, Ресейлік инвестормен жоңышқа грануласын, Өзбекстандық инвестормен жібек жібін, қант өндірістерін құру жобалары пысықталуда. Сонымен бірге көп салалы реабилитациалық орталық ашу жұмыстары да жүргізілуде. Осы аталған жобаларды жүзеге асыру – ауданымызда өнеркәсіп саласын дамытуға негіз болады. 2025 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Жетісай ауданында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Жыл жылжыған сайын мал басы көбейіп келеді.Бүгінде Жетісай ауданында 152 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Солардың бірі – Жетісай ауданы Абай ауыл округіндегі «Махарам» шаруа қожалығы бүгінде жұмысын жақсы жолға қойған. Әрбір байланған қошқар орта есеппен 30-35 келі ет береді. Қазірдің өзінде қорада 300 бас жайдары қошқар жемге қойылған. Қожалықта өндірілген ет негізінен Алматы қаласының нарығына шығарылады. Бұдан бөлек, жекелей де сатып алушылардың қарасы қалың.

Аталған шаруа қожалығының өніміне сұраныс мол. Қазіргі таңда «Махарам» шаруа қожалығының иелігінде жалпы саны 5 мың бас қой бар. Олардың жем-шөбі, жалпы бағымы жүйелендірілген. Жетісай ауданында жайылым жер қат болғандықтан мұндағы отарлар Шардара ауданына қарасты құмда ұсталады екен. Сондықтан да күтім талғамайтын қой басы таңдап алынған. Жайдары қойлар шөл және шөлейт жер жайылымына көнбіс, күтім талғамайды. Ұсақ малдың жем-шөбін шауашылық өздері әзірлейді. Ол үшін шаруашылықтың өз егістік аумағы бар. Биыл 20 гектар жоңышқа мен 30 гектар жерге жүгері еккен. Шығымы жақсы болғандықтан өнімі де мол. Ала көктемнен қара күзге дейін тынбайтын шаруалар жоңышқаны 5 рет орып алады. Бұл малдың біраз жем-шөбіне қамсау болады. Егін егетін, оны оратын, жинайтын барлық қажетті техникалары да бар. Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында 200 мыңға жуық ұсақ мал бар. Бүгінде ұсақ мал ұстап, оны бордақылаумен айналысатындардың қатары артып келеді.

Жайылымды жер демекші, Жетісай ауданында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімінің 27.03.2023 жылғы №26 санды өкімі негізінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары секторы тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне түгендеу жүргізілген.

Нәтижесінде, ауылшаруашылық мақсатындағы игерілмеген жер учаскелерінің көлемі 351,57 га құрап, жер иелеріне Түркістан облысының жер ресурстарының басқару департаменті тарапынан тексеру тағайындау хабарламалары берілген. Соның ішінде 6 гектар жер игерілсе, 4 тұлға игерілмей жатқан 15,42 гектар жерді ерікті түрде мемлекетке қайтарған. Бүгінде 53 жер пайдаланушыларға тиесілі жалпы ауданы 330,2 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Жұмысшы топ өкілдерінің мәліметінше, игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша көшті Қызылқұм ауылдық округі бастап тұр. Мұнда 20 тұлғаға тиесілі 116,8 га жер учаскесі игерусіз болса, Жылы су ауылдық округінде 14 азаматтың 99 га жері қараусыз қалған. Алғашқы үштікті 11 тұлғаның 69,4 га жері игерілмеген Мақталы ауылдық округі түйіндесе, Қарақай ауылдық округінде 26,4 га, Атамекен ауылдық округінде 16 га, Жаңа ауыл ауылдық округінде 14 га, Ынтымақ ауылдық округінде 6 га және Қазыбек би ауылдық округінде 4 га жер көп жылдардан бері игерілмеген.

Одан бөлек, аудандағы қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою бойынша анықтау, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құжаттары толық алынбаған немесе дұрыс емес және өз мақсатына сай пайдаланылмаған нысандар анықталып, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданған.

Жетісай ауданында шағын және орта кәсіпкерлік  те дамуда. Ол үшін әкімдік тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Өткен жылы негізгі капиталға 12,5 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 21 мыңнан асты. Өндірілген өнім көлемі 12,2 млрд. теңгені құрады.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын жасады. Онда Жаңа Қазақстанның бейнесін айқындайтын негізгі бағыт-бағдарды ұсынды. Оның ішінде ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру болып отыр.

Бүгінгі таңда 700 салық салу нысанының құны қайта бағаланды. Оның ішінде: тойхана, қонақ үй, жанармай құю бекеттері, мейрамханалар мен дүкендер бар. Нәтижесінде бюджетке қосымша 60 млн. теңге өндірілді. Қалған 189 нысанның салығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, өткен 8 айда бюджеттің кіріс бөлігі жоспардан 200 млн-ға артығымен орындалып, 3 млрд. теңгені құрады.

Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Осы жылы бағдарламаға Қарақай, Ералиев, Мақталы, Қазыбек би ауылдық округтері қатысты. Бүгінгі күнге бұл жобаға 300-ге тарта ауыл тұрғындары  қатысып, 1,5 млрд. теңгеге өтінім беріліп, 159 жоба 926,8 млн. теңгеге қаржыландырылды.

Ауданда елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту, жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда.Ауданда жұмыспен қамту шаралары да кеңінен жүзеге асырылуда. «Еңбек» бағыты бойынша 8 айдың қортындысы бойынша 9 600 адам қамтылып, жоспар 101,1% орындалды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 2 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 44 рет