Сенбі, 13 Шілде 2024 15:13

Түркістан облысы: шаруаларға мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар жан-жақты түсіндірілді

Ордабасы ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыста құрылған агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік қолдауларды насихаттау және кеңінен түсіндіру жұмысшы тобы ордабасылық шаруаларымен кездесті.

Жиынға шаруалардан бөлек ауыл округтердің әкімдері, тиісті бөлімдердің мамандары, жанармай таратушы операторлар да қатысты. Топ құрамында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов (топ жетекшісі), “Қазсушар”, “Тұран су” мекемелерінің, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның, “Ырыс” МҚҰ ЖШС-ның өкілдері болды. Жиынды аудан әкімі Азат Оралбаев жүргізіп отырды.

Топ мүшелері су үнемдеу технологиясын пайдаланушыларға мемлекет тарапынан берілетін субсидияларға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар тұқымды, минералды тыңайтқыштың, пестицидтер мен биогенттердің, су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау мәселелерінің кезеңдері туралы ақпарат берілді. Одан бөлек “Ауыл аманаты” бойынша берілетін 2,5% жеңілдетілген несиені алудың жолдары түсіндірілді.

Басқосудың екінші бөлімі сұрақ-жауап форматында өтіп, топ жетекшісіне, мүшелеріне өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып қойған шаруаларға нақты жауаптар берілді.Жиын топ өкілдерінің азаматтарды жеке қабылдауымен жалғасты.

Жалпы айтқанда, Ордабасы ауданында агроөнеркәсіптік кешен қарқынды даму үстінде. Өңірге ғана емес, бүкіл елімізге танымал брендтер қалыптасып келеді. Солардың бірі де бірегейі деп, Ордабасы ауданы, Бадам ауылында тәулігіне 50 тонна сүт өнімі өңдейтін «Бөрте милка» сүт зауытын айтуға болады.  Сүт өңдеу зауытына Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған.

Кәсіпорын мемлекеттен алған көмек аясында қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрығының аясында және Түркістан облысы әкімінің қаулысының негізінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылық басқармасына өтінім тапсыру арқылы инвестиция салынды. Сол инвестиция мен техниканың 25-тен 30% дейін, өңдеу мекемелеріне өткізген көлемге яғни сауылған сүттің әр литрына 30-дан 45 теңгеге дейін субсидия ретінде көмек алынады.

Бұдан бөлек, сиырды қолдан ұрықтандыруға әр ұрықтың дозасына кеткен шығынның 50 %, шаруашылықтың аналық басының саны 600 бастан асқанда әр сиырға 120 мың теңгеден жылына субсидия беріліп отырылады. Ал шетелден сатылып алынған құнажындардың әр басына 400 мың теңгеден субсидия беріледі. Сүт зауытында қазіргі таңда 47 адам жұмыспен қамтылған, ал сүт фермасында 60 адам еңбек етеді. Бастапқыда фермаға  2016 жылы 408 бас ірі қара мал Венгриядан әкелінген екен. Содан бері мал басы жылдан жылға өсіп, бүгінгі таңда 1041 басты құрап отыр. Сиырлар – «Голштейн» тұқымына (породасы) жатады. Жалпы сүт фермасында төрт қора бар, әрқайсысында 150-200-ден ірі қара малы орналасқан. Сиырлардың құлағында чип орнатылған. Сауын орнына осы чип арқылы кіріп шығады. Оларға бар-жоғы 9 ветеринар маман қарайды. Оның ішінде 3 адам сиырлардың тұяқтарына, 3 адам жалпы ірі қара малының денсаулығына күтім жасаса, 3 адам олардың ұрықтануын қадағалап отырады. Толығымен автоматтандырылған сиыр фермасында ауа температурасы 25 градусты құрайды. Одан жоғарыласа арнайы желдеткіштер іске қосылады. Мүйізді қараның малағы аппаратпен  тазаланады, ал желінін жуып тазалап, сауып алу роботтарға жүктелген.

Кәсіпорын шығарған өнімдердің барлығы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында сатылады. Компания басшысының айтуынша, алдағы уақытта Тараз және Алматы қалаларына да сатылымға шығару жоспарланып отыр.  Зауыт қаймақ, кефир, тұзды айран, йогурт, құрт, май және балмұздақ өнімдерін өндіреді. Бұл таза, ешқандай қоспасыз өнім болғандықтан, оларды сақтау мерзімдері бір айдан аспайды.

Кәсіпорын басшысы адамдар белгілі бір өнім сатып алар кезде оның таза, қоспасыз екендігін айыра білу үшін алдымен  не нәрсеге мән беру керектігіне тоқталып өтті. Фермадағы 4 қорада 8 сиыр сауатын робот және сиырларға жем-шөпті беріп отыратын 4 қосымша робот орналасқан. Сиырды сауатын роботтың 6-уы Швециядан және 4 қосымша жем-шөп беретін робот пен 2 сиыр сауатын робот Голландия мемлекеттерінен әкелінген. Ал сүт зауытындағы барлық техникалық құрал-жабдықтар Италия мен Ресей Федерациясынан әкелініп қойылған. Короновирус індетінің барлық салаға кері әсері тигені рас. Пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпай, шаруасын дөңгелеткен «Бөрте милка» ЖШС сүт өңдеу зауыты жабық түрде жұмысын жалғастырды. Жұмысшылардың сапалы еңбек етуі үшін барлық тиісті іс-шаралар қабылданды.

Сатылымға келетін болсақ, шектеулер кезінде барлық шекаралар жабық болғандықтан, шет мемлекеттен көп өнімдер біздің мемлекетке кірмеді. Соның әсерінен жергілікті өнім есебінде «Бөрте милканың» сүт тағамдары өте жақсы өткен. Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті Түркістан өңірінде осылай іске асырылып жатыр. Компания басшысы жаңа қондырғылар алып, қайта өңделген сүт өнімдерін көбейте түскен.

Еске сала кетсек, «Бөрте милка» кәсіпорны 2017 жылы «Үздік инновациялық жоба номинациясы», 2018 жылы «Үздік инновациялық жоба номинациясы», Түркістан облысының ең үздік тауар өндірушілерінің «Turkistan Onimderi 2019» көрме жәрмеңкесінде «Жыл бренді» аталымын жеңіп алған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Түркістан облысы әкімдігі «Облыстың кәсіпкерлік саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін» дипломының иегері атанған.

–  Бұл ферма мен зауытты салғандағы мақсатым –  қазақ халқы, бізден кейінгі ұрпақ таза отандық өнім тұтынсын деген ниетпен аштым. Сонымен қатар, жаңа технологиялар енгізу арқылы жұмыс күшін азайтып, көп өнім алуды басты мақсат тұттық.  Бүгінде сол көздеген межеге жетіп отырмыз. Фермадағы мал басының жем-шөбіне келетін болсақ, сүтті көбейту мақсатында жем-шөптің бірнеше түрін беріп отырамыз. Мысалы, шөп, силос (сүрленген жүгері), сенаж (жоңышқа) беріледі. Өзіңіз білетіндей ешқандай қоспасыз жасалынған сүт өнімдерінің сақтау мерзімі аз әрі қысқа болады. Жұртшылық сүттің таза, құнарлы, қоспасыз екенін ажырату үшін қораптағы сүт өнімдерінің сақтау мерзіміне мән беру керек. Жыл сайын Ордабасы ауданындағы шаруа қожалықтарымен келісім-шартқа тұрып, сол өнімді алып отырамыз. Сондай-ақ, Бөген ауылындағы шаруа қожалықтарымен де келісім-шартқа отырғанбыз. Олардан сабан, бидай, арпа, жүгері дәндері мен кебек, шрот аламыз. Қосымша сиырларға витаминдер беріп, сүттің молаюына осылайша әрекет жасап отырамыз. Бүгінде мемлекет тарапынан мал шаруашылығы кәсібіне өте көп жеңілдіктермен көмек беріліп жатыр. Алайда соған қарамастан біздің елде қазірге дейін ет пен сүт өнімдерін шет мемлекеттерден алып отыр. Сол себепті жаңа кәсіп бастайтындарға мал шаруашылығымен айналысып, мал басын көбейтуге кеңес берер едім. Бәсекелестік туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда Қазақстан мемлекеті көп нәрсені шет мемлекеттен әкеледі, сонымен бірге сүт өнімдерін сырттан тасып жатыр. Қосымша қанша ферма мен зауыттар соғылса да біздің ішкі нарықтағы тұтынуымызға әлі күнге дейін сүт өнімдері жеткіліксіз болып отыр. Сол себепті, керісінше мал басын көбейтіп, көптеген сүт өнімдерін шығаратын зауыт пен фермалар салу керек деп ойлаймын. Мемлекет берген мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді пайдаланып, Тәуелсіздіктің әрбір жетістігіне үлес қосуымыз керек. Агроөнеркәсіптік кешендер жер-жерде бәсекеге қабілетті болып, ел экономикасын көтеруге атсалыса берсін, – дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ, Бадам ауылында «BOKEI» ЖШС-нің толық автоматтандырылған қыш зауыты жұмыс істейді. Өндіріс орны бүгінде тәулігіне 100 мың дана қыш өндіреді. Италия, Жапония, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыт Түркістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтуға қауқарлы. Өндіріс орнында бүгінде 30 адам жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар,  ауданда «KazKioti» ЖШС – трактор жинау зауыты бар. Бүгінде Ордабасы индустриалды аймағында құрастырылатын тракторларға сұраныс жоғары. 2021 жылдан бастап трактор құрастырумен айналысатын зауыт қазіргі таңда Түркістан облысына ғана емес, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда, Орал мен Ақтөбе қалаларына тракторларын жөнелтуде. Зауытта 60 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Серіктестік жылына 300 дана трактор құрастырады. Сонымен қатар, тракторды сатып алған азаматтарға 30%-дық субсидия беріледі. «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінде Қытай елінің «DongFeng» компаниясымен келісім-шартқа тұрып жұмыс жүргізуде. 2021 жылының тамыз айынан бастап 50 трактор жиналып, сатылған. Кәсіпорын 5 трактордың түрін (40 ат күшімен – 6 500 000 тг., 90 ат күшімен – 13 500 000 тг., 120 ат күшімен – 15 000 000 тг., 140 ат күшімен – 19 000 000 тг., 210 ат күшімен 48 500 000 тг.) жинап шығаруда.

Тракторлар шаруаларға «Оңтүстік» РИЦ» қаржы ұйымы және «КазАгроФинанс» АҚ-мен 5 жыл мерзімге лизинг арқылы 6 пайызбен берілуде. Одан бөлек, Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында  «Сұлтанберді» жылыжай кешені орнласқан. Кешеннің инвестициялық құны – 420 млн теңге. 2 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда 2020 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда 15 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тонна өнім өндіреді.

Бұдан бөлек, жалпы ауданда 105,9 гектар алқапқа жылыжай кешені бар. Оның ішінде 21 гектары – өндірістік жылыжайлар, ал 84,9 гектар аумағы – фермерлік жылыжайлар. Сонымен қатар, Шұбар ауылында «Тоғжан» мал бордақылау алаңы бар. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несиемен 7,5 млн теңге қаржы алған. Бүгінде орталықта 16 мал басы бордақыланып жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкер бал басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Жалпы аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 4 ауылдық округ енгілген. Несие алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан құжаттар қабылданып, бүгінгі таңда 1 млрд. 753 млн теңге құрайтын 337 жобаға өтініш түскен. Оның ішінде 1 млрд. 511 млн теңге құрайтын 232 жоба мақұлданып, жалпы соммасы 1 млрд 43 млн теңгеге 165 жоба қаржыландырылған.

Осы орайда мал бордақылау саласы бойынша ақпараттарды оқырман назарына ұсынамыз. Бордақылау дегеніміз — малды сапалы ет пен майды көп алу үшін сояр алдында жемге байлап қолдан семірту. Бордақылау мерзімінің ұзақтығы түліктің түріне, малдың жасына, бастапқы салмағы мен қоңдылығына байланысты. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сарапшылары бұл көрсеткішті өңірлерде енді аяқтан тұрып келе жатқан кәсіпкер-фермерлер үшін үлкен кедергі деп таныған. Сол үшін аталған қағидаға түзету енгізіп, «Мал бордақылауға арналған объектілерді құру және кеңейту» жобасының № 5 паспортына ірі қара малды біржолғы күтіп-бағу 500 басқа дейін, қойды да біржолғы күтіп-бағу 500 басқа дейін азайту жолымен» кәсіпкердің инвестициялық шығыстардың бір бөлігін субсидиялау қажет деген нұсқау беріп отыр.  Ересек ірі қараны, негізінен жасы жетіп жарамсыз деп табылған сиырды бордақылау бастапқы күйіне қарай 2 — 3 айға созылады. Бордақылау кезеңінде сиыр тәулігіне 800 — 1000 г үстеме салмақ қосып тірілей салм. 18 — 20%, сойыс салм. 40%-ке артады, етінің сапасы да жақсарады. 12 —14 айлық тайыншаларды Бордақылау 3 — 4 айға созылады. Бордақылау маусымында жас малдың салмағы 1,5 есе, еті мен майы 2 есе, етінің калориясы 3 есе артады. Етке өткізетін еркек бұзауларды өсіру мен Бордақылау процестерін толассыз өзара ұштастыру арқылы Бордақылау соңында тайыншаның салмағын 12 — 13 айлығында 380 — 400 кг-ға, 16 — 18 айлығында 450 — 500 кг-ға жеткізуге болады. Бордақылау жұмысын дұрыс ұйымдастырғанда, ірі қара тәулігіне кемінде 1 кг салмақ қосады. Шошқа жасына қарай ет немесе май алу үшін бордақыланады. Шошқа етін өндіру үшін салмақ 25 — 30 кг 3 айлық торайларды 6,5 — 7,5 айлығында 100 — 120 кг-ға жеткенге дейін бордақылайды. Бордақылау қой өсіруде де жиі қолданылады. Қозыны 4,5 — 5 айлығынан бастап салм. 40 — 60 кг-ға жеткенше бордақылайды. Биязы жүнді қойдың қозысын 8 — 8,5 айлығына, биязылау және қылшық жүнді тегене құйрықты қойлардың қозысын 7 — 7,5 айлығына дейін, етке соятын саулық, қошқар, ісектерді басында жайылымда семіртіп, кейін 1 — 1,5 ай қолда жемдеп бордақылайды. Арнайы қой Бордақылау кешендерінде қозы Бордақылау 4 — 4,5 айлығынан 13 — 14 айлығына дейін жүргізіліп, салм. 55 — 65 кг-ға жеткізіледі, алдын ала (1,5 — 2 ай бұрын) қырыққаннан кейін етке өткізіледі. Соғымға белгіленген сақа жылқыны қысқа мерзімде жедел, қоңы орташаларын 35 — 45 күн, қоңы төмендерін 50 — 60 күн бордақылайды. Бұл кезде жылқы тәулігіне орта есеппен 1 — 1,5 кг үстеме салмақ қосады. Мал Бордақылаудың тиімділігін арттыру үшін түліктің барлық түрлеріне ортақ өсіп-даму заңдылықтары басшылыққа алыну керек. Жас малды бордақылағанда алғашқы кезде оның салмағы ет пен сүйегінің толысуына байланысты жүреді де, үстеме салмаққа азық аз жұмсалады, ал одан кейінгі салмақтың артуы (өсуі) денедегі майдың түзілуіне байланысты болғандықтан, азық шығыны көп жұмсалады. Мысалы, еркек бұзауға тәулігіне орта есеппен 1 кг салмақ қосу үшін 6 — 9 айлығында 7 — 7,5 кг, 9 — 12 айлығында 8 — 9 кг, 12 — 15 айлығында 9 — 10 кг, ал 15 — 18 айлығында 10,5 — 11,5 кг азық өлшемі жұмсалады. Дені сау мал ғана тез қоң алып семіреді. Сондықтан Бордақылауға қойылған мал бақылауда болуы қажет. Бордақылайтын табын құрамындағы малдың тұқымы, жасы, жынысы, салмағы, қоңы бірдей болғаны дұрыс. Сонымен қатар бұл туралы Ордабасы ауданында өткен брифингте аудан әкімі Азат Оралбаев айтты.

– «Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық құны 21 млрд 234 млн теңге құрайтын 439 жұмыс орны бар 6 кәсіпорын орналасқан. Жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі «Gold Aluminum» ЖШС – алюминий профильдерін өндіру жобасы. Инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайтын бұл жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу үстінде. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Сондай-ақ, «RZN» ЖШС – автоклавталған газоблок бұйымдарын өндіру жобасы. Биыл желтоқсан айында 25 жұмыс орнымен іске қосылады. Бұл жобаның инвестициялық құны – 1,5 млрд теңге. Сондай-ақ, инвестициялық құны 400 млн теңгені құрайтын тағы 2 жобаның құжаттары рәсімделуде, – деді Азат Әбдіғалиұлы.

Ауданда бизнес-климатты жақсарту бойынша атқарылған жұмыстарды және ірі жобаларды іске асыру нәтижесінде ауданға биыл 9 айда 28 млрд теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі таңда, инвестициялық құны 10 млрд теңгені құрайтын 9 жоба 302 жұмыс орнымен іске асырылуда. Жалпы, бюджеттік инвестициялардың үлесі – 21,4%, жеке инвестициялардың үлесі – 78,6% құрап отыр. Одан бөлек, ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 102,2 млрд теңгені құраған. Оның 59%-ы — ауыл шаруашылығына, 24,8%-ы — өнеркәсіпке, 8,5%-ы — саудаға, 7,7%-ы —құрылысқа тиесілі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында 55,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Айта кетейік, ауданда 57 елді мекеннің 51-і сапалы ауыз сумен, 9-ы табиғи газбен және толықтай орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген.

Бүгінде облыста жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша – 22, ет өнімдерін қайта өңдеуде – 8, сүт өнімдерін қайта өңдеуде 23 кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындардың басым бөлігінің технологиялық ескіруінен жеміс-көкөніс өнімдерінің 0,23 пайызы, ет өнімдерін 12,3 пайызы, сүт өнімдерінің 13,6 пайызы ғана қайта өңделуде. Бұл бағыттар бойынша жұмыс жүйеленіп, кәсіпорындар санын арттыру көзделіп отыр.

Халықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету бағытында 2027 жылға дейін жалпы құны 329,1 млрд. теңгені құрайтын 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Биылғы 7 айда құны 10,6 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 334 жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы бойынша 2 жоба, мал бордақылау алаңын салу – 5 жоба, жаңбырлатып суғару – 4 жоба, 2,1 га фермерлік жылыжай салу – 5 жоба, балық өсіру – 5 жоба, сүт өңдеу цехын салу – 4 жоба және мал сою цехы мен бекетін салу бойынша 2 жоба жүзеге асты. ҚР АШМ қайта өңдеу кәсіпорындарын құру және кеңейту жобалары бойынша инвестициялық субсидияны 2024 жылдан бастап 50 пайызға ұлғайту жоспарлануда. Осы арқылы өңдеу көлемін 2027 жылға қарай кемінде 40 - 50 пайызға арттыру межеленіп отыр. Өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде ірі сүт тауарлы фермаларын құруға 2023 жылға республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлініп, жұмыстар атқарылуда.

Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында  жаңа технологиялар кеңінен қолданылу үстінде. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы — 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Республикадағы жылыжайлардың 71% Түркістан облысына тиесілі. Жалпы көлемі 1511 гектарға жетті. Өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналды. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 миллиард теңге, 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңға 16-сы іске қосылған.

Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленуінің де зор пайдасы тиіп жатқанын атап өту қажет. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.

Тұжырымдама жобасы ағымдағы жылдың ақпан айының 7 – 10 күндері аралығында облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен барлық аудан, қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, бөлім басшылары, мамандарымен  жан-жақты талқыланып, 2023 жылға арналған 37 даму көрсеткіші ауыл округтері кесіндісінде, аудан/қала әкімдерімен бекітілгенін айта кетейік.

Сонымен, 2023 жылы келесі көрсеткіштерге қол жеткізіледі:

Егіс көлемін 860 мың гектарға орналастыру;

Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасын 9303 гектарға енгізу;

Қосымша 93 гектарға жылыжайлар салу;

Су үнемдеу технологиялары ендірілген алқапты 39,2 мың гектарға жеткізу (Оның ішінде 9,9 мың гектары — жаңбырлатып суғару);

Жаңадан 665 гектарға — қарқынды бау, 120 гектарға жүзім отырғызу;

Сақтау қуаттылықтарын қосымша 29,3 мың тоннаға арттыру;

1346 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын алу;

Жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаға жеміс-көкөніс өңдеу, 17 мың тоннаға ет өңдеу, 37 мың тоннаға сүт өңдеу кәсіпорындарын ашу;

1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңын, 200 бастан жоғары 4 сүт фермасын ашу;

4 бірлік ірі құс фермаларын ашу және жалпы 270,0 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу;

4 бірлік тоқыма, тігін және 6 бірлік жүн, тері өңдеу кәсіпорындарын ашу.

Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 миллиард теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 миллиард теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 триллион 127 миллиард теңгеге жеткізіледі (НКИ – 103 %).

Көрсеткіштердің орындалуы бойынша ағымдағы жылдың I-ші тоқсаннан бастап рейтингтік бағалау жұмыстары ай сайын жүргізілетін болады.

Сала бойынша негізгі 6 бағытты дамытуға басымдылық берілді.

ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ.

Жылыжайлар көлемі 690 гектарға ұлғайып, 2259 гектарға жеткізіледі.

Нәтижесінде, алынған өнім көлемі 3 есеге дейін артып, 243,8 мың тонна өнім өндіріліп, Республика халқы қажеттілігі маусымаралық кезеңде 112 % қамтамасыз етіледі. (Республика халқының қажеттілігі — 217,2 мың тонна).

Оның ішінде, 500 гектарға жылыжайларға агроиндустриалды аймақ құру жобасы бойынша Келес, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында жер телімдері нақтыланды, Сайрам, Сарыағаш аудандарында жер телімдерін бөлу мәселелері қарастырылуда.

Анықтама ретінде айта өтейік, Агроиндустриальды аймаққа 500 гектар жылыжай салуға жеңілдіктер қарастыру мақсатында, несие желілерін ашу, «Инвестициялық салымдарды субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде фермерлік жылыжайларды инвестициялық субсидиялауға жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар енгізілді.

ҚАРҚЫНДЫ БАУ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ.

Алма өндірісін арттыру бойынша қарқынды баулар көлемі ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша егіс көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі (+3780 гектар). Облыс халқын алма өнімімен қамтамасыз ету 125,1 %-дан 153,5 %-ға артады (2022 жылы 125,1 мың тонна – 2027 жылы 160,3 мың тонна).

ЖЕМІС-КӨКӨНІС ӨНІМДЕРІН САҚТАУ ЖҮКТЕМЕЛЕРІН АРТТЫРУ.

Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38,0 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қоймасы бар. Ал облыста жылына 1,7 миллион тоннаға жуық жеміс-көкөніс, картоп өнімдері өндіріледі. Сондықтан бүгінгі күні аудан, қала әкімдіктерінің маусым аралық кезеңде баға тұрақтылығын сақтау шараларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндіктер жоқ.

Осыған орай, Тұжырымдама аясында 142,3 мың тонна жаңа қуаттылықтарды құра отырып, маусым аралық кезеңде жылына 250-300 мың тонна тауар айналымын жасауға қол жеткізіледі.

МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ.

Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді болып отыр.

Елде мақта талшығын терең өңдейтін 3 кәсіпорын бар («Azala Textile» ЖШС, «Azala Cotton» ЖШС, «Ютекс-KZ» АҚ). Бүгінгі таңда тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді, облыста өндірілген мақта талшығының 18 %-ға жуығы қайта өңделеді.

Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу көзделуде.

Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.

Қазіргі таңда, жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны мемлекеттік жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс енгізілді. 

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ (ЕТ, СҮТ, ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ).

Мал шаруашылығын дамытуда мал мен құс басын арттырумен қатар, 1000 бастан жоғары 38 бірлік ірі бордақылау алаңын ашып, жалпы 126,2 мың басқа бордақылау алаңдарын құру есебінен, сиыр етімен облыс халқын қамтамасыз ету көлемін 120,1 %-дан, 173,9 %-ға ұлғайтуға қол жеткізіледі. Ал республика халқын қамтамасыз ету көлемі
13,3 %-дан 20 %-ға жетеді.
200 бастан жоғары 68 бірлік тауарлы сүт фермасын 26,0 мың басқа құру есебінен сүт өндірісі қосымша 98,3 мың тоннаға ұлғайтылады.  

Сонымен қатар, құс шаруашылығында 5000 бастан жоғары 365 бірлік отбасылық құс фермасын, 18 бірлік құс фабрикасын ашу есебінен, облыс халқын құс етімен қамтамасыз ету көлемін 11,6 %-дан 45% -ға,  жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемін 45 %-дан – 60 %-ға жеткізілетін болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 39 рет