Сейсенбі, 16 Шілде 2024 14:23

Түркістан облысында бизнес жобаларды қолдауға 897 азаматқа қайтарымсыз грант беріледі

Түркістан облысында жаңа бизнес жобаларды қолдауға бағытталған қайтарымсыз грант беру бойынша комиссия отырыстары ұйымдастырылды. Биыл грант беру жұмыстары 2 лек бойынша жүзеге асады.

Атап айтқанда, бірінші лек өтінімдері мамыр айында қабылданса, екінші лек шілденің 15-26 күндері қабылданады деп күтілуде. Осыған орай, бірінші лек қатысушыларына маусым айының 5-7 күндері 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант беруге арналған комиссия отырыстары өтті.

2024 жылы Түркістан облысында Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған. Ашық форматта өткен комиссия отырысы аудан, қала көлемінде Мансап орталықтарының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде 1-лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірген. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде биылғы жоспарға сәйкес 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған.

Әлеуметтік осал топ азаматтарының бизнес-жобасын жүзеге асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз грант алуға өтінімдер қабылдау электронды түрде жүргізіледі. Бұл қолдауға еңбекке жарамды мүгедектігі бар адамдар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын отбасылар тарапынан өтінімдер түскен.

Айта кетейік, грант алуға өтінім білдірушілер жұмыссыз ретінде тіркелген яки тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы керек. Оған қоса үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы негізінде кәсіпкерлікке оқығаны туралы арнайы сертификаты болуы шарт. Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Нәтижесінде комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына қатысты, 227-і ауыл шаруашылығы саласы, 298-і қызмет көрсету, 91-і тамақ өндірісі, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.

Түркістан қаласының еңбек индикаторына талдау жүргізсек, экономикалық белсенділігі жоғары тұрғындар қатарындағы жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3,5 пайызды құрап отыр. Жұмыссыздық санатындағы тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытында қала әкімінің бекіткен ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары негізінде, халықты жұмыспен қамту орталығының сүйемелдеуімен ағымдағы жылдың І-жарты жылдығында жүйелі жұмыстар іске асырылды. Нақтылай кетсек, Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жүгінген 4695 азамат ұлттық жобаның «Еңбек» бағытына тартылып, нәтижелі жұмыспен қамтылған.

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі» тапсырмасына сәйкес, еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықтың табысын арттыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан жұмыспен қамтудың 2022-2025 жылдарға арналған «өңірлік картасы» бекітілген. Бекітілген карта негізінде, жыл ағымында облыс аумағында 444 жобаны іске асыру аясында 33819 жұмыс орындарын құру (оның ішінде: 5087-тұрақты жұмыс, 28732- уақытша жұмыс) көзделсе, Аталған картаның аудан, қала бөліністеріне сәйкес,  Түркістан қаласы бойынша 1179 жаңа жұмыс орындарын ашу міндеттелген. Жыл ағымында ұйымдастырылған  қарқынды жұмыстар нәтижесінде іске асырылған 32 жоба шеңберінде 547 жаңа жұмыс орындары құрылды.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән беріліп, инвестициялар тарту, кәсіпорындарды көбейту, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстар жандандырылып, Қаламызда шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылды. Атап айтқанда жеке бастамалар бойынша 84 шағын және орта бизнес субъектілері өз кәсіпкерліктерін заңдастырып жаңа жұмыс орындарын ашуға атсалысты. (Мысалы: Balkon- 22 жұмыс орны, GoBar- 15 жұмыс орны, Coffeе Boom - 22 жұмыс орны, Navoiy - 15 жұмыс орны, Кәусар - 30 жұмыс орны, Астау - 15 жұмыс орны, DoDo Pizza - 5 жұмыс орны, Al-fatih - 30 жұмыс орны, Жеті Тандыр 53 -  жұмыс орны, Ramada Turkestan -30  жұмыс орны, және т.б) Халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан  қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылып, Қала тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту және бастапқы кәсіпкерлікке баулу бағытында былтырғы жылы «Еңбек» мемлекеттік барғарламасы шеңберінде мемлекеттік грант алған 253 азамат бүгінге өз кәсіпкерліктерімен айналысуда.

Кешенді жоспардың жастарды жұмыспен қамту бойынша көрсеткіштеріне сәйкес, есепті жылы 500 азаматқа жастар практикасын ұйымдастыру көделсе, жылдың 6 ай ағымында 171 түлек аталған практикаға жолданды. Әлеуметтік белсенділігі төмен NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мақсатында, 30 азаматқа алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру міндеттеліп, жылдың 6 айында жоспар көрсеткіші толығымен орындалды.

Түркістан қаласындағы осал топтағы тұрғындарын әлеуметтік қолдау шаралары назардан тыс қалған емес. Кешенді жоспарға сәйкес, мүмкіндігі шектеулі 300 азаматқа  ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың әлеуметтік қолдау шараларын көрсету міндеттеліп, 21 азаматты квота есебінен жұмыспен қамту көзделген. Есепті айда мүмкіндігі шектеулі 156 азамат белсенді шараларына тартылып, оның ішінде 15 азамат квота есебінен жұмыспен қамтылды.

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұрған тұлғаларды әлеуметтік оңалтудың тиімді кешенді жүйесін қалыптастыру, олардың қоғамда өз орнын табуға жәрдемдесу шараларына тоқталсақ,халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан – пробация қызметі есебінде тұратын сондай-ақ қоғамнан оқшалаумен байланысты емес жазаға сотталған, өмірлік қиын жағдайға душар болған  тұлғаларға, олардың қайта қылмыс әлеміне оралмауына мүмкіндік бермеу мақсатында «халықты жұмыспен қамту» туралы Қазақстан Республикасының №482-V Заңы мен өзгеде нормативтік құқықтық талаптарына сәйкес, олардың әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жүйелі көрсетіліп келеді. Аталған санаттағы тұлғаларға  бағытталған, ағымдағы жылдың 28 сәуір күні облыс деңгейінде «Еңбек нарығының болашағы, жаңа мүмкіндіктер» атты тақырыбында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болып өтті.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету һәм оларды нәтижелі жұмыспен қамту басты назарда тұр. Осы мақсатта ұйымдастырылған жүйелі жұмыстар нәтижесінде ұлттық жобаға жүгінген жастар санатындағы 3277 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың қатарына енді. Атап айтқанда: 501 жас түлек Жастар практикасына, 44 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 35 жас алғашқы жұмыс орындарына, 384 азамат қоғамдық жұмыс орындарына тартылып, 1070 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 29 жасқа дейінгі 126 азаматтың бизнес идеяларына мемлекеттік грант қаражаттары  ұсынылды. 1087 жас «Бастау Бизнес» жобасын аяқтаса, 30 жас қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жолданды.

Атап өтер жайт, бүгінгі таңда «2021 — 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің төмендегі шаралары қолданылады.

Біріншісі – «Жастар практикасы». Түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады. Он екі (12) айға дейінгі мерзімге «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа тұруға болады. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім беру ұйымдарын алдыңғы 3 жыл ішінде бітірген және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектер «Жастар практикасына» қатысушылар ретінде белгіленеді.

«Жастар практикасына» арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс.

Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

«Жастар практикасына» қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгіну» тиіс. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

Жеке басын куәландыратын құжат.

Еңбек кітапшасы (бар болса).

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.

Екіншісі – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы.

Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге (оның ішінде ЖОО түлектеріне), жұмыс іздеушілерге, жұмыссыздарға, жұмыспен қамту орталығына тіркелгеніне қарамастан, жиырма тоғыз жастан асқан жастар, оның ішінде NEET санаттары, жұмыс тәжірибесі жоқтар қатарынан жүзеге асырылады.

Алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектердің «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасу кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру профиліндегі ұқсас мамандыққа (кәсіпке) сәйкес жүзеге асырылады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, ал жұмыспен қамту орталығы жалақыны 1 жылға субсидиялайды.

Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

Жеке басын куәландыратын құжат.

Білім туралы құжат (бар болса).

Үшіншісі – «Ұрпақтар келісімі» жобасы.

Жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды, оның ішінде білім беру ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша қосымша шараларды іске асыру шеңберінде жұмыс берушілердің өтініштері бойынша Ұлттық жобаға қатысушыларды кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады. Бұл ретте зейнеткерлік жасқа жеткен белсенді қызметкерге де еңбек етуге мүмкіндік қарастырылған.

«Ұрпақтар келісімі» жобасы бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа алады, ал жұмыспен қамту орталығы субсидиялайды. Нақтырақ айтсақ, 6 айлық жұмыс үшін жалақы төлейді.Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.

«Ұрпақтар келісімі» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:Жеке басын куәландыратын құжат; Білім туралы құжат (бар болса); Еңбек кітапшасы (бар болса).

Ал кәсіпкерлікті дамыту арқылы еңбекпен қамтуды көздейтін «Бастау Бизнес» жобасына келсек, естеріңізде болса, 2021 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді.Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Осы орайда, «Бастау Бизнес» жобасындағы өзгерістер, жұмыспен қамту жобалары мен оқыту шаралары туралы толығырақ оқырмандарымызға мағлұмат бере өтсек дейміз.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің мәліметінше, аталған ұлттық жоба шеңберінде бірқатар іс-шараны іске асыру көзделген. 

Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-еуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр.

Бірінші міндет. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту. Жалпы, алғашқы міндет аясында аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар беріледі. Жауаптылардың сөзінше, шебер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады. Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 шебер-жоспар әзірленеді. Шебер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады..

«Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ. Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал, жеңілдікті шарттармен шағын бизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ, грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру іске асуда. Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылуда, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтіп жатыр.

Енді «Бастау Бизнес» жобасындағы өзгерістерге тоқталатын болсақ, 2022 жылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасы «Бастау 2.0» жаңа форматында жүзеге асып жатыр. Оның аясында өнім өндіру кезеңдерінің технологиялық карталары әзірленеді. Бұл технологиялық карталар сұранысқа ие бағыттар бойынша халықты кәсіпкерлікке оқытуға және жаңа салаларды таңдауға көмектеседі. Техникалық карталарға сәйкес нақты кейстерді оқыту неғұрлым сапалы өнім немесе шикізат өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қоса, кепілді өткізуді қамтамасыз етеді, бұл сайып келгенде ауыл халқының табысын арттыруға ықпал ететін болады. Осының аясында Ұлттық палата биыл аудандардың мамандануын айқындау және аудандардың шебер-жоспарларын әзірлеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу және бекіту, сауалнама жүргізу үшін аудандардың (42 аудан) тізбесін айқындауды ұсынған.

Ұлттық жобаға сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке кәсібін ашқан кәсіпкерлердің үлесін 35%-дан 60%-ға дейін көтеру көзделіп отыр.  Оқуды іске асыру процесінде онлайн өтінім беру, қатысушы статусын верификациялау арқылы жолдамаларды беру кезеңі алып тасталды. «Бастау Бизнес» түлектерін несиелендіруге бюджеттен 22,5 млрд теңге бөлінді. «Атамекен» Ұлттық палатасының ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл туралы мәлімет көп. Кез келген адам оқып танысуына және 1432 байланыс орталығына хабарласып, барлық сұраққа жауап ала алады.

Ұлттық жобалар шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында жалпы 2,5 млн. жұмыс орны құрылады. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орыны – 803,7 мың, уақытша жұмыс орыны – 1 727,9 мың. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады, оның ішінде 335 мың тұрақты жұмыс орындары, 660 мыңы уақытша болмақ. Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 5 жыл ішінде 100 мың тұрақты және де 630 мыңнан аса уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Оның басым бөлігі жеке бизнес нысандарын жұмыс күшімен қамтамасыз етуге бағытталған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 40 рет