Жергілікті әкімдік тарапынан теміржолдың жүретін жері белгіленіп, жерді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған сәйкес тиісті аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Жұмыстарды ширату бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы былтыр қарашада басталды. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады. Бұл теміржол торабы бойынша жүк ағыны болашақта 20-25 млн тоннаға дейін артуы мүмкін.
Былтыр қараша айының соңында Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол құрылысы басталды. Онда қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады. Дарбаза – Мақтаарал желісі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатыр. Жаңа магистраль республиканың көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға серпін береді.
«Темір жол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік саласын дамытатын болат артерия. Өткен жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында 245 млрд тонна-километрден астам жүк тасымалданған болатын. Биыл да жоғары қарқын сақталып тұр», – деп атап өткен болатын экс-премьер министр Әлихан Смайылов жобаны іске қосу салтанатында.
Маңызды жоба Түркістан облысын республиканың магистральдық теміржол желісіне қосу арқылы оның дамуына үлес қоспақ. Жоба Сарыағаш стансасындағы кептелістерді азайтып, Өзбекстанға экспорттық жүк тасымалдауды арттырады. Жаңа теміржол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымал көлемін арттыруға жол ашады. Өз бұл бағыт республикалық теміржол желісіне қосылып қана қоймай, Түркістан облысын кесіп өтетіндіктен, осы өңірдің дамуына оң ықпал етпек.
2023 жылдың басынан бастап желтоқсан айына дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында 25,8 млн тонна жүк тасымалданған. Тауарлар жалғыз «Сарыағаш» мемлекетаралық станциясы арқылы экспортталады. Жаңа жол өткізу пунктіндегі жүктемені азайту үшін салынып жатыр. «Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі қауырт жағдай қалпына келеді. Мұнда соңғы жылдары жүк көп болды. Сондай-ақ жүк уақтылы жіберілмеді, өйткені бұл жер мұндай жүк ағынына арналмаған. Соңғы екі-үш жылда жүк ағыны күрт өсті. Құрылыстың нәтижесінде осы негізгі учаскенің жүктемесі азайып, жолаушылар пойызы еркін қозғалады», – деп түсіндірді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов.
Сонымен қатар жоба оңтүстік бағытта экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы желі арқылы Ауғанстанға, Иранға, Тәжікстанға және Өзбекстанға тауар жылдам жеткізіледі.Дарбаза – Мақтаарал желісі Түркістан облысының дамуына ықпал етеді. Жол екі шалғай ауданды – Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстыратындықтан, өңір республиканың негізгі теміржол желісіне қосылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат