Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Ордабасы ауданының экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша аудан әкімі Азат Оралбаевтың есебі тыңдалды. Ауданның 2030 жылдарға дейінгі «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер туралы баяндалды. Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризмді дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.
Ауданды дамыту үшін негізінен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді басым бағыт ретінде таңдалып отыр. Даму жоспарда аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды салалар қамтылған. Стратегиялық құжат аясында барлық салаларды дамытуға бағытталған шаралар ұсынылған.
Облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды тапсырды. Ордабасыда сауықтыру туризмін дамытуды міндеттеді. – Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Өндіріс орындарын көбейту үшін, қайта өңдеуді дамыту үшін. Ауданда жаңа зауыт, фабрикаларды көптеп ашып, тұралап қалған кәсіпорындарды қайта аяғынан тұрғызуға күш салу керек. Өнім көлемін арттырып, жергілікті өнімді экспортқа шығаруды жолға қою керек. Жылыжайлардың аумағын арттыру қажет. Сауықтыру туризмін дамыту маңызды. Әзірге жұмыс әлсіз. Бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жүйелі жұмыс, бағыт керек. Іздену керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Биылғы 7 айда Ордабасы ауданының жалпы өнім көлемі 64,3 млрд. теңгені құрап, жыл қорытындысымен 160,7 млрд. теңгеге орындалатын болды. Өңірлік өнімнің құрылымы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс салаларына тиесілі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы 2030 жылға 2 есеге арттыру жоспарлануда. – 2024-2030 жылдары жалпы инвестициялық құны 214,6 млрд. теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша 79 ірі жобаларды іске асыру жоспарланды, одан түсетін болжамды салық 5 млрд. 733 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде 4 226 жұмыс орны ашылады. Өнеркәсіп өнім көлемі биылғы 7 айдың қорытындысымен 8,2 пайызға артып, 21,4 млрд. теңгені құрады. Жыл қорытындысымен 37,5 млрд.теңгеге жеткізіп, өсім 11,6% артады деп күтілуде. 2025 жылға 40,6 млрд.теңгеге, 2030 жылға 78,1 млрд.теңгеге жеткізу межеленді. 2024-2030 жылдар аралығында құны 168,8 млрд. теңгені құрайтын, 2 749 жұмыс орнымен, 24 жоба жүзеге асырылады,- деді аудан әкімі.
Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 52 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған Бадам индустриялды аймағы құрылған. Аймақтың жалпы жер көлемі - 102,5 га. Индустриялды аймақта 15,9 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Гипсокартон бұйымдарын өндіру, арматура шығару, қорғасын өндіру, тоқыма фабрикасын құру секілді 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шұбар аумағынан 70 га өндірістік парк салу, Шұбарсу ауылынан жаңадан кіші қуатты жобаларды шоғырландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласын өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту бойынша 4 бағытта дамыту жоспарланған. 2024 жылдың 7 айында 23,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, жыл қорытындысымен 83,2 млрд. теңгенің өнімін өндіру жоспарланған. Келер жылға өнім көлемі 94,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланды. Ауданда 71 мың 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 413 мың тонна өнім жинау межеленген.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды биыл жыл басында ауданға жасаған жұмыс сапарында кәсіпкерлікті дамыту мен ауданның индустриялық әлеуетін көтеруді тапсырып, осы салалардағы бастамаларды пысықтағаны белгілі. Осыған сай нақты айтсақ, ауданда екі өндірістік аймақ құрылып, «Бадам» индустриалды аймағы 50 гектардан асатыны да айтылған болатын. Сол кезде алдымен Шұбар ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 60 гектар жердің жобасымен танысқан өңір басшысы инфрақұрылым, ұйымдастыру жұмыстарын сапалы жүргізу маңызды екенін айтқан. Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.
Бүгінде Шұбарсу Ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 50 гектар жердің жобасы жасалған. Мұнда да су, газ, электр жүйелерін тарту керек. «Барлық аудан, қалада индустриалды аймақтарды тиімді пайдалану, жаңа өндірістік аймақтар ашу өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Өндіріс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілсін. Инвесторлар тартыңыздар. Біз өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз. Бұл ретте мегаполиске жақын орналасқан Ордабасы ауданының әлеуеті өте жоғары», – деген болатын Дархан Сатыбалды. Облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «Бадам» индустриалды аймағына да барып, жер көлемін 50 гектардан асыру жобасымен танысқан еді. Жоғарыда аталған жобалар іске асса, Түркістан облысындағы кәсіпорындар және жұмыс орындары көбейеді деген жоспар бар.
«Тәуелділіктен арылуы үшін біздің өңір, әр аудан өзін өзі қамту деңгейін нығайтып, арттыра түсу қажет. Сондықтан бюджет кірісін арттыру - біздің басымдықты міндеттеріміздің бірі. Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Осыған орай, назарды тек облыс орталығына ғана аудармай, қалған 16 аймақты да көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Жергілікті әкім, өз кезегінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш жігерін жұмсау керек. Барлықтарыңызды, ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз», -дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Ордабасы ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселесі облыс әкімінің назарынан тыс қалған емес. Мәселен, былтыр қараша айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Ауданға арнайы барған өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.– Биыл көзделген 6 инвестициялық жобаны іске асыруды тапсырған болатынмын. «Ордабасы Сапар» орталығы мен «RZN» компаниясының газоблок өнімдерін өндіру жобасы бүгінгі күнге іске асырылмаған. Ауданға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу жұмыстарын күшейту қажет. Аудан әкімі жуырда делегация құрамында Қытайға барып, кәсіпорындарымен танысып келді. Енді сол сапардан нәтиже көрсетіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға бар күш-жігеріңізді салып, ауданның инвестициялық климатын жақсарту керек. Бұл үшін барлық ресурс бар. Атап айтқанда, индустриалды аймақ ашылған. Мүмкіндіктерді пайдаланған жөн. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер бар. Соңғы жылы пайдалануға тапсырылған инфрақұрылым нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша баяндауды тапсырамын, – деген Дархан Сатыбалды басшыларға бірқатар міндет жүктеген болатын.
Атап айтқанда, кіріс көздерін ұлғайту, жұмыссыздықты азайту, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жүктелді. Құрылысы созылған 3 мектептің жай-күйі де айтылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу туралы тапсырма берілді. Кемшіліктер ашық айтылды. Ағын су жүйелерінің тозығы жеткен, қоқысқа толып қалған. Механикалық тазалау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланудағы жер телімдерін қайтару жұмыстары баяу жүргізілуде.
Жалпы, ауданда кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін азаматтарға қолдаулар көрсетіліп жүр. Мәселен, былтыр жыл аяғында аудан әкімі Азат Оралбаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне іргелес 10 гектар аумақтан өз кәсібін ашуға ниетті аудан кәсіпкерлерімен пікірлесіп, әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айтып бергені есімізде.– Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен Қытайға сапарымызда ондағы аудан-қалалар іргесінде шоғырланған шағын өндіріс ошақтарымен танысқан болатынбыз. Сол жобаны ауданымыздың шарт-жағдайына сәйкес жүзеге асыру үшін Шұбар ауылдық округі аумағынан 10 гектар аумақты арнайы өндіріс аймағы ретінде белгіледік. Ендігі мақсат – өндіріспен айналысуға қажетті жобасы мен қаржысы бар азаматтарға сол аумақтан тегін жер телімін беру арқылы жергілікті тауар өндірушілердің қатарын көбейтіп, жұмыссыздық деңгейін төмендету, – деген болатын аудан әкімі.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Ташимова 10 гектар алқапты құрайтын арнайы өндіріс аймағында кәсіп бастауға ниетті азаматтардың жобаларымен таныстырды. Салалық бөлім басшысының хабарлауынша, қазіргі таңда ауылдық округтерден 18 өтінім келіп түскен. Жобалардың басым бөлігінде құрылыс өнімдері, тамақ өндірісі, тұрмыстық химия саласына басымдық берілген. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бизнес жоба болғанымен, қаржылық қуаты өндіріс орнын дөңгелетіп алып кетуге қауқарсыз екендігі де айтылды. Аудан әкімі Кәсіпкерлік бөліміне алдағы уақытта ауданның барлық кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес саласындағы мәселелерді кең ауқымда бірлесіп талқылайтын ашық платформа ұйымдастыруды жүктеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Ордабасы ауданындағы басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтап өтер болсақ, аудандағы су нысандарының су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 7,2 млрд. теңге бөлініп, 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қараспан су торабымен (құны – 1,2 млрд. теңге), Қараспан магистралді каналына (құны – 3,5 млрд. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Былтыр 2 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған каналдарды биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Былтыр сондай-ақ, 21 каналдың 44,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Былтырғы жылдың соңына дейін ауданда инвестициялық құны 10,8 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 328 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 1,2 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 72 жұмыс орны ашылды. Екінші жартыжылдықта құны 9,6 млрд. теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.
Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Ағымдағы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер беріледі.Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жалпы құны 150 млн. теңгеге 11 ойын, спорт алаңшалары пайдалануға берілді.
Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылады. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат