Шымкент қаласында 2023 жылы құрылысы басталған 12 жаңа "Жайлы мектеп" оқу мекемелеріне 2024 жылдың 12 маусымында қала әкімінің №2802 қаулысымен ресми атаулар беріліп, олар әділет органдарында тіркелді. Жаңа мектептердің 9-ына директорлар Оқу-ағарту министрлігінің "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" кадр резервінен тағайындалды. Қалған 2 мектептің басшылығын уақытша жақын маңдағы мектеп директорларының орынбасарлары атқаруда.
Ашылуға дайындалған 13 мектепке жалпы саны 7187 оқушыны қабылдау жоспарланып отыр, оның ішінде 530 бала бірінші сыныпқа қабылданады. Сондай-ақ, 494 мұғалімді ауысу тәртібімен жаңа мектептерге орналастыру көзделген. Оқушылардың білім алуын қамтамасыз ету мақсатында жаңа мектептерге басқа мекемелерден 9249 дана оқулық жеткізіледі.
Балаларға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін жаңа мектептер қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуда:
• 1166 бейнебақылау камерасы,
• 29 дабыл батырмасы,
• 82 турникет,
• 1815 компьютер,
• 2575 оқу құралдары мен зертханалық жабдықтар,
• 26 635 жиһаз элементтері (парталар, орындықтар, шкафтар).
2024 жылғы қыркүйекке қарай бұл жабдықтардың 85%-ы сатып алынып, қоймаларға жеткізілді.
Айта кетейік, жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орындық деп белгіленген жеті түрлі нұсқаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.