Дүйсенбі, 08 Желтоқсан 2025 10:46

Түлкібас ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы нақты көлем индексі биыл 100 пайызды құрады

Еңбек адамдары – елдің тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Олардың табанды еңбегі мен маңдай тері әрбір жетістік пен дамудың негізі. Күні кеше Түлкібас аудандық мәдениет үйінде ауданның ауыл шаруашылығы саласын қорытындылау мақсатында ұйымдастырылған «Алтын күз-2025» мерекелік ісшарасы өтіп, онда шаруалардың жыл бойғы еңбектері еленіп, үздіктер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Еңбек ері” медалімен, “Құрмет грамотасы”, Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен, ауданға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен, «Ауыл» партиясының құрмет грамоталары және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

«Биылғы 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы нақты көлем индексі 100 пайызды құрады. Егін шаруашылығы, алма бау, тамақ өнеркәсібі, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы – барлық бағытта жұмыстар жоспарға сай толық орындалды. Осы жетістікке сіздердің маңдай тер, табанды еңбектеріңіздің арқасында жетіп отырмыз»-деп, еңбек озаттарына шынайы алғысын білдірген аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы, бүгінгі айтулы мерекелерімен құттықтады. Мерекелік шара жалғасы аудандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, жиналған қауым көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.

2025 жылдың 10 ай қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнім көлемі 51 млрд. 62 миллион 900 мың теңгеге құрап, нақты көлем индексі 100 пайызға орындалды. Оның ішінде егін шаруашылығы – 26 млрд. 362 млн. теңге, мал шаруашылығы – 24 млрд. 601 млн. теңге.  Ағымдағы жылы 64 мың 485 гектар жерге мына төмендегідей дақылдар егілді: 24 мың гектар жерге дәнді дақылдар егіліп, оның ішінде 12 мың 400 гектар жерге бидай дақылы егіліп, өнімділігі 13,1 центнер, гектарына құрап, 16 мың 200 тонна өнім жиналды. 11 мың 600 гектар жерге арпа дақылы егіліп, өнімділігі 9 мың 500 центнер гектарды құрап, 11 мың тонна өнім жиналды. 12 мың 600 гектарға майлы дақылдар егіліп, өнімділігі 7 центнер гектарды құрап, 8 мың 800 тонна өнім жиналды. 10 мың 59 гектар мақсары дақылы толығымен жиналды, өнімділігі 7 центнерді құрап, 7 мың 41 тонна өнім жиналды. Мал азықтық дақылдар жинауға 189 мың 100 тонна жоспар беріліп, қазіргі таңға 192 мың 300 тонна шөп жиналды, яғни 101,6 пайызға артығымен орындалды.

Осы тұста айта кетсек, Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мыңға гектарға ұлғайып отыр. Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Одан бөлек, мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапқа егіліп, өнімділік екі есеге артты. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы қолға алынып, құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде мақта өнімділігін 3 есеге дейін арттырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде. Бүгінгі таңда жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Бұл бойынша Түркістан облысының республикадағы үлесі 76 пайызға жетіп отыр.

Ал, мал шаруашылығының дамуы, ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада жетекші орында. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде. 2025 жылдың 10 айына 27,2 мың тонна ірі қара мал еті, 20 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды. Ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаймақ.

Саланы әртараптандыру бағытында басымдық қайта өңдеу саласына берілді. Осы орайда, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алынды. (мақта, жүгері, ет). Осы арқылы 2026 жылы жалпы өңірлік өнім көлемін қосымша 558 млрд.теңгеге ұлғайту күтілуде. Облыстың агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025-2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітіліп, құны 295,5 млрд теңгеге 78 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар биыл 10 айда өңірдегі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,1 есеге ұлғайды. Ал тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд теңге инвестиция тартылып 1,3 есеге өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн 86,9 млрд теңгегі құрады. Өңір республикада алғашқы орында. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 207 млрд теңгеге, нақты көлем индексі 105 %-ға жеткізілмек.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 137 рет