Жұма, 12 Шілде 2019 19:57

Арыс қаласында 14 кәсіпкер жеңілдетілген несие алуға өтініш берген

Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру жұмыстары басталып кетті. Қазір «Қамқор» бағдарламасымен халықты ақпараттандыру, құжат жинау және рәсімдеу кезеңі жүргізілуде. Азаматтарды әурелемеу үшін Арыстағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимаратында барлық құжатты реттеуге мүмкіндік қарастырылған. Оған мамандар да кеңес беріп, көмегін аямайды. Қазірдің өзінде 14 кәсіпкер 1 пайыздық несие алуға өтініш беріп үлгеріпті.

Кәсіпкерлерге арналған «Қамқор» бағдарламасы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен іске қосылды. Арыс қаласының кәсіпкерлеріне 1% несие 4 жыл уақытқа дейін беріледі. Кәсіп бастаймын деген адамға бұл өте жақсы мүмкіндік. Өйткені, берілетін қаражат сомасы да 5 млн теңгеге дейін қарастырылған. Несие алу үшін, Арыс қаласының тұрғылықты азаматы болу жеткілікті. Қалған құжаттарды реттеуге мамандар көмектеседі. Жеңілдетілген несие беру үшін жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. «Даму» қорынан қосымша 300 млн. қарастырылған.

Арыстағы кәсіпкерлердің мәселесін шешу үшін "»Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 25 қызметкер келіп, 17 секторға бөлініп қызмет атқаруда. Олар 10 күн бойы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарын бағалап, тиісті сомасын есептеп шыққан. Арыс қаласында 346 кәсіпкерлік нысаны тіркелген, соның ішінде жарылыс кезінде 258 нысанға зақым келген. 253 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 нысан толықтай қайта салынатын болады. Тиісті қаражат сомасы бөлінді. Қазіргі таңда 2 кәсіпкерге 10 млн. теңге несие берілетін болды. 5 кәсіпкер жалпы сомасы 10,5 млн теңгеге несие алды. Сондай-ақ 472 нысанның 395-і ғимарат нысанын қалпына келтіруге өтемақы алмақ. Кәсібін дөңгелетіп отырғандар 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан да босатылды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 579 рет