Жұма, 02 Тамыз 2019 22:10

Түркістан: Төлеби ауданында жүзім шаруашылығы дамып келеді

Төлеби ауданына қарасты Тасарық елдімекенінің орталық клубында аудан басшысы мен округ тұрғындарының қатысуымен жиын өтті. Аудан әкімі Тасарық ауылдық округіне қарасты бірнеше мекемелердің жұмысымен танысты. Бірінші кезекте жеке кәсіпкер С.Танабаевтың 18,6 га жүзім бауы мен 15 га сарымсақ бауының жұмысынан бастады. Кәсіпкер 30 690 дана тайфи жүзімін егіп, тұрақты 10 адамды, маусымдық жұмыста 100 адамды қамтамасыз етіп отыр.

Содан кейін, жеке кәсіпкер Қ.Шоновтың 0,18 га үй іргелік жеріне еккен 0,08 га қызанақ пен 0,10 га құлпынай жемістерін көрді. Сонымен қатар, Тасарық елді мекеніндегі «Бірлік» ӨК-нің жазғы егін орағымен танысты. Корпаративтің жалпы жер көлемі 5402 га. Оның ішінде 1820 егістік, 3400 жайылымдық жер. Тұрақты жұмыста 32 адамды, маусымдықта 50 адамды қамтамасыз етіп отыр. Егістікке қажетті барлық ауылшаруашылық техникаларымен жарақталған. Елді мекендегі қоғам және мемлекет қайраткері Е.Ерназаровтың ескерткішіне аудан әкімінің бастамасымен, демеушілер есебінен жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көріп, Тасарық елді мекенінің орталық клубында тұрғындармен кездесті.

Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары А.Тасжановтың есебі бойынша ауылдық округте мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жерлер 64,58 га. Үй іргелік жерлерін тиімді пайлану мақсатында 542 үй көкөніс, картоп дақылдарын, 217 үй жеміс жидек ағаштары мен жоңышқа дақылдарын егуде. Ауылдық округтің тұтыну балансы бойынша 7 түрі сыртқа сатылады, 15 түрі сырттан әкелінеді. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы С.Жарасбаев ауыл тұрғындарына: «Ветеринариялық-санитарлық талаптарды сақтау мақсатында қоражайлардың ішкі, сыртқы жапсарлас аймақтарын механикалақ тазалаудан өткізу және әрлеу, ақтау жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрса, жәндіктер кенелер тудыратын ауруларды малдар арасында пайда болуын алдын алар едік», — деп ұсыныс жасады.

Аудан әкімі Б.Омарбеков тиісті сала басшыларының баяндамасын тыңдағаннан кейін жергілікті тұрғындарды суармалы жерлерін тиімді пайдалануға, ауылдағы көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізуді, ауылшаруашылығында жаңа-техналогияларды қолданып жұмыс жасау керектігін айтты. Кем-кетігі бар тұрғын үйлер мен сауда нүктелерінің құжаттарын осы бастан ретке келтіруді, округтегі тазаланбай қалған 26100 метр ішкі арықтарды тазалау жұмыстарына бір кісідей ат салысуға шақырды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 677 рет