Жұма, 09 Тамыз 2019 20:29

Түркістан облысында «Жас кәсіпкер» оқу жобасы өтіп жатыр

«Жас кәсіпкер» –  оқу жобасы Түркістан қаласы мен басқа аудандарда өтіп жатыр. Жобаға қатысқан түлектер өздерінің іскерлік дағдыларын дамытып, соңында бизнес жоспар жасап шығады. Сол арқылы  өз кәсібін ашуға және грант түрінде бастапқы 505 мың теңге, одан соң, 8000 АЕК-ке дейінгі жеңілдетілген несиені жылдық 6%-бен алатын болады.  Жалпы барлық қатысушыларға 19 753 теңге шәкіртақы төленеді.

2019 жыл - жастар жылы. Соған орай, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіп ашып, табысты болғысы келетін жастарға қолдау көрсетуді қолға алды. Енді 18 бен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттер бизнес саласын небәрі 15 күн ішінде оқып шығады. Бұл «Бастау» жобасының «Жас кәсіпкер» бағдарламасы негізінде жүзеге асып отыр. Жалпы, Түркістан облысының халқы кәсіпкерлікке бейім. Үлкендер жағы ата кәсіп – мал шаруашылғын қолға алса, жастар ерекше бизнес идеяларымен қуантуда.

Мереке - 5 балалы ана. Мамандығы - мұғалім. 29 жастағы келіншектің бизнестен мүлдем хабары жоқ. Тұрмысқа шыққалы еш жерде жұмыс істеп көрмепті. Осы оқуды аяқтаған соң өз кәсібін ашып, үйде отырып ақша тапқысы келеді. «Бұл оқуды инстаграм желісінен білдім. Бұл оқуға келген мақсатым - үде отырып, өз кәсібімді ашу.  Мал шаруашылығымен айналысып, дамыту. Бөдене шаруашылығымен айналыссам» - дейді ол. Ал, Бекжан - Түркістан қаласының тұрғыны. «Жас кәсіпкер» бағдарламасын естіп, арнайы кәсіптің қыр-сырын үйренуге келген. Ол мемлекеттен бөлінетін гранттан үмітті.  Бизнес саласын оқығалы, өзіне деген сенімі арта түсіпті. Айта кетейік, «Жас кәсіпкер» жобасының екінші кезеңі ағымдағы жылдың 21 тамызында басталады. Әзірге құжаттарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 846 рет